Медицина • 24 Тамыз, 2018

«Хат қоржын»

1007 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

...сүйсініс білдіреді

Мүгедек азамат тігін тігіп, ау тоқып жүр

Сыр өңіріндегі Абай ауылының тұрғыны Оңдашбай Өтеміс тігін тігуді жастайынан үйренген еді. Əсіресе ол құлақшын, тымақ тігудің хас шебері. Бас киім мен киімге тапсырыс беріп тіктіретіндер де көбейген болатын. Бірде қаңтардың қақаған аязында Оңдашбай далада мал бағып жүріп, атынан қалың қарға оңбай құлайды. Аяз жайлап, үскірік ескен сол күні саусақтарын үсік шалады.

«Тағдырдың жазуы осылай болар, екі қолдағы он саусақ үсіп қалғасын дәрігерлердің кесіп тастауына тура келді. Басында қатты қиналдым. Он екі мүшеңнің сау болғанына жетпейді ғой, тірлік істеуден қалдым. Бірақ бұл сынақ. Оған төтеп беру керек болды», дейді Оңдашбай.

Оны қиналған сәттерінде жары Қиғаш өмірден баз кештірмей, көмек көрсетіп, жігерін жаныды. «Отағасы келе-келе оңала бастады. Қайратты, еңбекқор азамат қой. Әр іске икемі бар. Оның үстіне, төрт ұлдың әкесі қол қусырып қарап отырғанды құп көрмей, ескі кәсібіне қайта оралды», дейді жары Қиғаш.

Тігін машинасын қайта қолға алған Оңдашбай құлақшыннан өзге көрпе, перде, масахана секілді дүниелер тігеді. Сонымен қатар «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт ау тоқиды. Бақшасын өсіріп, өнімін де сатады. Қорасындағы азын-аулақ малын бағып, балаларының ауызын аққа тигізіп отырған жайы бар. 

Аман БОЛСЫН
Қызылорда облысы

...ой бөліседі

Мазмұнын бір жүйеге келтіру қажет

Көп тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Тілдің адам өмірінде шешуші рөл атқаратыны әркімге де түсінікті. Ол танудың, түсінудің, дамудың құралы. Ал үш тіл білу – біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін және мәдениетаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы. Қазіргі таңда ең алдымен мектепке дейінгі ұйымдардың деңгейінде көптілді білім беру мазмұнын бір жүйеге келтіру қажет. Мектеп жасына дейінгі кезең тілдерді үйрену ең қолайлы шақ. Өйткені балалардың шет тіліне деген қызығушылықтары артып, үйреніп жатқан тілдерінде сөздердің, дыбыстардың, сөйлемдердің дұрыс айтылуы қалыптасады, сөздік қоры жинақталады.

Мектепке дейінгі тәрбиеленушілер қазақ тілімен қатар орыс тілін және ағылшын тілдерін меңгеріп жатыр. Балабақшамызда бағдарламаға сай тақырыптар, тақпақтар, театрландырылған ертегілер, сергіту сәттері баланың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыра түседі. «Үш тұғырлы тіл» мәселесі жас ұрпақтың өз замандастарынан кейін қалып қоймауын ойластырып отырған заманауи саясат деуіміз керек. Ендеше, «Үштұғырлы тілді» меңгеру – еркіндіктің, бостандықтың, бүкіл әлем бойынша жүріп-тұрудың кепілі. 

Сандуғаш ҚАЙРАҚПАЕВА

...үлгі тұтады

Қалтқысыз қызмет осындай-ақ болсын

Көп жылдан бері Алматы қаласының төңірегінде тұрып жатқан мен – бір кездері еңбек еткен ауылда «Үш Қақпақ» сауықтыру орны ашылыпты, емі шипалы екен, әсіресе саумалдың нақ өзін ішуге болады дегенді естіп сол мекенге ат басын тіреген болатынмын.

Алматы облысы, Райымбек ауданының Қақпақ елді мекенімен қаптарлас «Дегерес» тауының арғы жазығында орналасқан «Бес­найза» қонақүйінде демалушылар дән риза. Мұнда келушілер тау самалы, ғажап қымызы, әсіресе емге дауа саумалды сауын іргесінен күніне 6 рет ішіп ем-домның әсерін бірден біледі. Тау тасынан өріліп тұрғызылған қонақүйде теледидардан тартып барлық жағдай жасалған. Бүкіл жарық арнайы күн сәулесі аппаратымен қамтамасыз етілген. 

Сауықтыру орнының жетекшісі Бекжан Сағымбаевтың айтуынша, мұнда емдік қасиеті ерекше монша әне-міне салынып бітеді. Тау бөктеріне өрлеп аң атамыз, сарқырама өзеннен балық аулаймыз дегендерге жөн-жосығы дайын. Тігілген киіз үйлерде, арнайы алаңдарда салт-дәстүрімізден хабар етер шетелден келгендерге көрсететіндей дәрежеде тарту-таралғылар ұсынылады. Киіз үй құрылысынан тартып, ат әбзелдері, бүркіт баптау сияқты өнегелі істер қолға алыныпты. Әсіресе аудан көлемінде жақсы оқып бітірген балаларға киіз үй құрау, ат ерттеу, бие сауу, құрт-ірімшік дайындау сияқты тәрбиелік мәндегі іс-шаралардың өзі біраз екен. 

Астанадан тартып, еліміздің біраз жерінен келіп демалып қайтып жатқан азаматтар бұл үлгі боларлық қам-қарекетке дән риза. 

Әлімберді ШОРМАНОВ,
зейнеткер
Алматы облысы

...талап етеді

Күйдiң қадiрiне жете алмай жүрмiз

Осыдан отыз жыл бұрын Сарыағашқа Нығмет есiмдi азамат көшiп келдi. Өзбекстанда туып, сол жақта отбасылы болған Нығметтiң Қазақстанға көшуiне бiр кездерi радиодан естiген қазақ күйлерi әсер етiптi. «Кезiнде радиоқабылдағыштан қазақтың күйлерiн жиi тыңдайтынмын. Кейiн жағдайға байланысты Ташкенттен көшу керек болды. Сол кезде қазақтың кең пейiлi мен байтақ даласына осы қазақ күйлерi тартып әкеттi», дейдi Нығмет өткенiн еске алып. 

Мiне, қазақ музыкасының, оның iшiнде домбырамен орындалатын күйлердiң кұдiретi! Домбыра – өз алдына дара тұрған ұлы аспап. Жүздеген ғасырлар бойы халықтың жанын, шерiн, арманын, қуанышын, мұң-мұқтажын айтып келген қасиеттi аспап. Айтпағым, мемлекетiмiз қазақтың домбырасын мұнан да зор деңгейге көтеру үшiн арнайы шаралар қабылдауы керек сияқты. Балалардың бойына жастайынан қазақтың рухын сiңiру үшiн мектептерде күй сабағын енгiзу қажет. Күй – ұлтты тәрбиелейтiн, қазақ рухымен сусындататын ең төте жол. Телерадиолардан да қазақтың күйiн насихаттайтын арнайы бағдарламалар ашылса игі. Бұл да ұлттың ұлылығын танытудың бiр жолы емес пе? Күй, домбыра – қазақтың жаны. Ал бiз қазiр шетелдiң әуенiне елiктеп, өз жанымыздан, өзiмiзден безiп жүрмiз...

Есмұрат БИТЕМIРОВ

Түркістан облысы,
Сарыағаш қаласы

...өкініш білдіреді

Аялау мен «арқалауды» шатастырмаңдар!

Осы күні қыз ұзатуда ұзатылатын қызды күйеуі көтеріп әкетсін деген «дәстүр» шықты. Бұл да шетелге еліктеуден туған болуы керек. Тіпті ұзатылатын қызды ағасы көтеріп әкеліп жігіттің құ­шағына өңгеріп бергенді де көргенбіз. Бұл да дүбәра дәстүрдің бірі. Жігіт қалыңдығын аялап өтсін деген тілектен туған-мыш. 

Ау, айналайын-ау, аялау басқа, «арқалау» басқа. Ал түйенің жарты етіндей қалыңдығын көтерем деп күлкі болған күйеулерді де көрдік.

Бірінші күннен қолыңа көтеріп алсаң, екінші күні қалыңдығың секіріп басыңа шығады. Сонда атамыз қазақтың «қатынды бастан» дегені қайда қалды? Ойланыңдар, жігіттер, аялау мен «арқалауды» шатастырмаңдар!

Ержан ТӘЛІП