Спорт • 24 Тамыз, 2018

Азиада: әзірге екі алтын ғана...

397 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Азиада: әзірге екі алтын ғана...

Жарыстың алғашқы күнінде семсерлесу спорты­ның өкілі Дмитрий Алексанин Қазақстанның алғашқы ал­тын медалін әперсе, жанкүйерлер екінші алтынды төрт күн күтуге тура келді. Кешегі жарыс күні Қазақстан үшін қола жүлдемен басталғанымен, велоспорттан топтық жарыс кезеңінде отандасымыз Алексей Луценко Азия ойындарының чемпионы атанды. Алексей Луценко екі жапондық және екі таиландтық велоспортшының көрсеткен қысымына қарамастан, мәре сызығын бірінші болып кесті. Луценконың уақыт көрсеткіші - 3:25:25.

Сәрсенбі күні жүлде алуы мүмкін болған күрес түр­лерінен сайыстар аяқталып, алтын алған балуан­дар­дың есімдері анықталды. Өздерін әйгілі апайтөс балуан Қажымұқанның ізбасарымыз деп санайтын біздің балуандардың есімін бұл тізімен көре алмағанымыз өкінішті-ақ. Азия ойындарының тарихында қазақ балуандары тұңғыш рет алтын жүлдесіз елге оралатын болды. 

Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Нұрмахан Тінәлиевке жанкүйерлердің сенімі зор еді, бірақ үш дүркін жеңімпаз атанатын мүмкіндік туған сәтте уыстағы алтынды сусытып алды. Финалдық сайыста айқын басымдылықты өзбек балуанына беріп, ойсырай ұтылғаны тіпті ұят. Алмат Кебісбаевтан да алтын медаль күтіп едік. Дегенмен, қарсыласы екі дүркін әлем чемпионы екенін ескерсек, жеңіске жетуі қиын екенін көзіқарақты көрермен белдесу алдында-ақ сезгендей. Корей балуаны осы жеңісінен кейін екі дүркін Азиада жеңімпазы атанды. Данияр Қайсановқа қайсарлық жетіспегенін несіне жасырайық. Бекзат Әбдірахмановтың осыдан төрт жыл бұрын Азиадада жеңіске жеткені әлі есімізде. 74 килода тәжірибелі балуанды ұтуға тактикалық тұрғыда дайындық жетіспеді. 1994 жылы Мәулен Мамыров алған алтынның қатарын толықтыратын еркін күрес шеберлерінің қарасы әзірге байқалмай тұр.

Қола алған жігіттерге де мың алғыс. Дегенмен, бір белдесуде жеңіліп, жұбаныш белдесуінде жеңіп, медаль алу олардың мықтылығын көрсетпейді. Ендігі бар үміт – жеңіл атлеттер мен боксшыларда. Былғары қолғап шеберлері іріктеу жарысты бүгін бастаса, атлеттер ертеңнен бастап жарыс жолына шығады.

Азия ойындарының бесінші күні де қоладан кенде қалмадық. Алғашқы қола жүлдені академиялық есуден қыздар арасындағы жекелей сында Александра Опачанова жеңіп алса, стенд атудан Мария Дмитриенко да қола жүлде иеленді. Сонымен қатар таэквондодан 68 кило салмақта сынға түскен Ерасыл Қайырбек жартылай финалда екі дүркін Олимпия ойындарының жүлдегері, екі дүркін Азия ойындарының чемпионы оңтүстіккореялық спортшыдан 10:32 есебімен жеңіліп, қола жүлдені қанағат тұтты. Ел қоржынына тағы бір қола жүлдені 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Әділбек Мусин салды.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»