Қазақстан • 24 Тамыз, 2018

Сенімді серіктес, стратегиялық әріптес

633 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанаға Түрік Республикасы Жандармериясының бас қолбас­шысы, армия генералы Ариф Четиннің басшылығымен арнайы делегация ресми сапармен келді. Үш күнге созылған сапар аясында Қазақстан мен Түркия арасындағы салалық ведомстволардың өзара ынтымақтастығын тереңдету жайы талқыланды.  

Сенімді серіктес, стратегиялық әріптес

Ал делегация құрамында Түркияның Қазақстандағы ел­шілігіндегі әскери атташесі,­­ пол­ковник Жюнейт Гюмен, Тү­рік Республикасы Жандар­­ме­риясы­ның байланыс және ақпараттық жүйелер басқармасының басты­ғы генерал-майор Энгин Чыра­қоғлы мен Азия аймағы бойынша әріптестік жөніндегі бөлім басшысы майор Женгиз Йылмаз да болды. 

Әріптестік кездесудің алғаш­қы күнінде әскери қонақтар Қа­зақ­стан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында болып, құқықтық әскердің құры­лу тарихымен, оның мақсат-мін­деті және құрылымдық ерек­шелігімен танысты.

Сондай-ақ делегация басшысы армия генералы Ариф Че­тиннің Қазақстан Респуб­ли­касы Ұлттық ұланының бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовпен кездесуі барысында Түркияның әскери-оқу орындарында маман даярлау бағыты мен білім беру ісіндегі әріптестікті дамытудың жай-күйі талқыланды. Сонымен қатар осы жылдың шілде айында қазақстандық делегацияның Ыстанбұлда өткен сапарында келісілген бірқатар жетістіктер легін одан әрі жалғастыру жөнінде әңгіме өрбіді. 

Естеріңізге сала кетер болсақ, аталған сапар аясында екіжақты әріптестік аясында Қазақстан Республикасы тарапының Түр­кияның Жандармерия учи­лищесінде білім алушы курсанттарын жыл сайын 8 адам­ға дейін көбейту келісімі жасал­ған еді. Оған қоса, тараптар Түр­кияның әскери-оқу орында­рынан түлеп шыққан қазақ­стан­дық түлектердің одан әрі Түрік Республикасының академия­сында және Түркия оқу орын­дарындағы арнайы мақсаттағы бөлімшелерде әскери мамандарды даярлау үшін (сұрмергендер мен жарылғыш қару мамандарын, суда жүзу мамандарын, т.б.) оқу курстарын ұзарту жөнінде келісім жасалған болатын.

Делегация өкілдерінің ресми кездесуі соңында армия генералы Ариф Четин Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығы ғимаратының аумағында «Достық аллеясын» ашып, онда алғашқы ағашты отырғызды.

Содан кейінгі ресми сапар Тұңғыш Президент – Елбасы атын­­­дағы Ұлттық қорғаныс уни­­вер­­­ситетінде жалғасты. Мұн­да қо­нақтар университеттің оқу-әдіс­темелік базасы мен материал­дық әлеуетімен танысып, музейді аралады. Сонымен қатар ими­тациялық модельдеу орталығы мен Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы академиясы мен Ұлттық ұланның біліктілікті ­арттыру факультетінің жұмы­сы­мен танысты.

Ресми сапардың екін­ші кү­нінде Қазақстан Республи­ка­сы­ның Ішкі істер минис­трі гене­рал-полковник Қалмұ­хан­бет Қасымовтың Ариф Четинмен кездесуі өтіп, онда ынтымақ­тастықты тереңдету мен белсенді жүргізуге ықылас танытылды. Сонымен қатар құқық қорғау саласындағы қарым-қатынас деңгейінің болашақтағы бағыт-бағдары нақтыланды. 

Одан әрі түркиялық әскерилер Арнайы жедел мақсаттағы ас­таналық бригаданың материал­дық-техникалық жағдайымен, әскерилердің тұрмысымен танысып, әскери қару-жарақ көрмесін тамашалады. Делегация өкілдері сапардың соңғы түйіні ретінде елор­дадағы Мұстафа Кемал Ата­түрік атындағы саябаққа барып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. 

«Егемен-ақпарат»