Қоғам • 24 Тамыз, 2018

Конституционализм: қазақстандық даму жолы

2396 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әрбір ұлтта маңызы дәуірлік сипаттағы оқиғаларды қамтитын ерекше күнтізбелік күндер бар. Солардың қатарына қастерлі Конституция күні де кіреді. Бүгін біз, қазақстандықтар еліміздің осы күнгі жетістіктерін өткен жолымен саралаймыз, қазіргі заманның сын-тегеуріндерін зерделейміз. 

Конституционализм: қазақстандық даму жолы

Қазақстан Конституциясы, демокра­тияның ең жақсы идеяларын қамти келе, адам құқықтары мен бостандықтарын алға қойды. Демократиялық мемлекет ретінде Қазақстан бүгінгі күні өзін құқықтық һәм әлеуметтік мемлекет ретінде де көрсете білді.

Кез келген мемлекеттің қалыптасуы – көптеген онжылдықтарды, тіпті жүз­деген жылды қамтитын үдеріс. Қазақ мемлекеттілігінің көп ғасырлық тарихы бар. Оның қалыптасқан көне көшпелі және жартылай көшпелі мәдениеті халықтың салт-дәстүрлер өмірінің негізі болып қаланды. Тарих сахнасында қазақ мемлекетінің пайда болуынан кейін екі ғасырдан соң алғашқы кодификациялық санаттағы заң жинағы – «Жеті жарғы» деп танылған конституциялық құжаты қалыптасып шықты. Онда мәдениет, өмір салты, халықтың этникалық өмірі, мем­­­лекеттің орналасуының геогра­­фиялық ерекшелігі және халық бірлі­гінің қағи­далары ескерілді. XVII ғасыр­да бүкіл қазақ қоғамның «Жеті жарғы» нор­­маларын мойындалуымен қазақ қо­ғамындағы құқықтық қарым-қаты­настарды реттейтін бастама конституция қабылданды. «Жеті жарғы» заңдарының жинағы әкімшілік, қылмыстық және азаматтық бөлімдерден тұрды.

ХVІІ-ХХ ғғ. аралығы қазақ мемле­кеттілігінің тарихында ең ауыр және күрделі кезеңдердің бірі болды және маңыздырақ екі қауіпті туындатты. Бі­рінші қауіпті – «ойраттық фактор» әкелді, себебі қазақ халқы геноцидтің шегіне жетті. Кейбір есептеулер бойын­ша, халықтың шамамен 40 пайызы «ақтабан шұбырынды жылдары» жойылды. Екіншісі, Қазақ хандығының алдында қуатты көршілері төндірген қауіп тұрды. Цин империясы тарапынан Жоңғар хандығының күйреуге ұшырағанынан кейін «қытайлық фактор» пайда болды. Қазан, Астрахань және Сібір хандығын жаулап алғаннан кейін Қазақстанның батыс және солтүстік шекараларына Ресей патшалығы өңмендеп жақындады. Сперанскийдің Жарғысының іске асырылуы өз жерінде «бұратаналар» деп аталған қазақтардың мүдделеріне мүл­дем қарсы әрекет етті. Патшалық үкі­меттің аймақтың әкімшілік-аумақтық құрылымына қатысты қабылдаған келесі актісі Орынбор генерал-губернаторы П.К.Эссен әзірлеген және 1824 жылы Азия комитетімен бекітілген Жарғы болды. Ол Жарғы да қазақ халқына қарсы бағытталған болатын. Патшалық әкімшіліктің отаршылдық саясаты қыс­қа мерзімде қазақ даласындағы сая­си билікті трансформациялауға әкелді.

Біз хан Абылай, Сырым Дат­ұлы, Қа­ра­тай сұлтан, Қайыпқали Есі­мов, Иса­тай Тайманов, Махамбет Өте­міс­ұлы, Жол­аман Тіленшіұлы, Кенесары Қа­сым­ұлы, Жанқожа батыр, Есет батыр... секілді Қазақстанды отаршылдық экспансиясынан азат ету үшін күрескен және қазақ мемлекеттілігін қайта жандандыру үшін өз өмірін құрбан еткен аты аңызға айналған тұлғаларды қастер тұтамыз.

Қазақ мемлекеттілігінің және конс­­ти­туционализмнің жолын зерделеуде «Алаш» саяси партиясының қызме­тінен аттап өтуге болмайды. Бү­кілқазақ­тық  съезд алғаш рет мем­лекет­тілікті қайта құру, қазақ аймақтарының автономиясы мәселелерін көтерді.  Съезд құжаттарында жер иеліктерін басқару, құқық қорғау, сот жүйесі, білім, дін, әйел мәселесі, қазақ саяси партиясының Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына дайындық мәселелері де көрініс тапты. «Алаш» қоз­ғалысы ұлттық-демократиялық күш­тердің соңғы бекінісіне айналды. Бұл күш сол заманның тарихи себеп­теріне байланысты туындаған жағдай­лар шеңберінде отаршылдық саясаттан көп азап шеккен қазақ халқы мен қоғамын бір идеямен – мемлекеттілік идеясымен біріктіруге ұмтылды. Алайда Алаш қозғалысы мен партиясынан өрістеп шыққан Алашорда үкіметінің «батыстық» демократиялық үлгіде қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру мақ­саты орындалмады. Болашаққа жарқын өмірдің жасампаз идеяларын қалдырған Алашорда үкіметі 1919 жылдың соңында тарих қойнауына кетті.

Қазақ халқының бетке ұстар өкіл­­дері ауытқу, күмән және түңілудің драма­лық жолынан өтті. Бірақ ұлттық-демо­кратиялық интеллигенция тағды­рының ең үлкен трагедиясы – оның басым бөлі­гі сол репрессивтік машинаның «ауы­зына» түсіп, олардың тікелей немесе жа­нама түрде пайда болғанына жәрдем­дескенінде.

Біз көп жағдайда, конститу­цио­на­лизмді кеңес дәуірімен байланысты­ра­мыз. Алдыңғы конституциялар болған кезде Қазақстанда шынайы конституцио­нализм болды ма? КСРО қалыптасқан сәттен бастап, мемлекеттік ұйымның іргелі қағидасы – бірыңғай одақтық мем­лекет ұғымы болды. 1924 жылғы Конс­титуцияға сəйкес республикалардың егемендігі Одақ құзыретіне кіретін көлемде жəне арнайы тақырыппен шек­телді (3-бап). Осындай ереже 1936 жылғы 5 желтоқсанда VІІІ Бүкілодақтық Кеңестер съезі қабылдаған КСРО-ның жаңартылған Конституциясында да қамтылды. Ал 1977 жылғы Конс­ти­ту­цияда республикалардың егемен­дігі туралы ештеңе айтылмаған. Тиісті бап КСРО Конституциясына жатқызыл­ған мәселелерде ғана, яғни республи­калардың өз аумағында мемлекеттік билікті өз бетінше жүзеге асыру құ­қығы туралы көрінісімен шектелген. Мәселен, Кеңес Социалистік Респуб­ли­калар Одағының 1924 жылғы Консти­туциясында Одаққа жүктелген мәсе­лелер бойынша мақала 24 тармақ болса, 1936 жыл­дардағы Негізгі Заңның тиісті мақаласы – 23 ал 1977 жылғы Конс­ти­туцияда мәселелердің тізімі 12 тар­маққа дейін қысқарды. Кеңестік кезең­нің конституциялық тәжірибесі қатаң орталықтандыру үдерісімен сипатталады. 1936 және 1977 жылдарғы КСРО-ның Конституциясы декларативті және жалған болды. Олардың басты мақсаты социалистік жүйенің артық­шы­лықтарын, оның жетістіктерін наси­хаттауда болды. Мемлекеттік және қо­ғамдық өмірді нақты құқықтық реттеу мәселесі Конституциямен немесе тіпті заң актілерімен де жүзеге асырылмады. Олардың көбі тек ресми түрде қол­дануға арналған мемлекеттік және ведом­ство­лық нормативтік актілермен орындалды және көп жағдайда тек «қызметтік қолданыс» сипатымен белгіленді.

Кеңес өкіметінің конституциялық тәжірибесінде Одақ территориясы мен одақтық республикалардың территориялары мәселелері өзінше анықталды. 1924 және 1936 жылдарғы КСРО-ның Конституциясы одақтық республикалар арасындағы шекараларды өзгертуге оның келісімінсіз (6-бап және 18-бап) жол бермейтін ережемен шектеліп, тек Одақтың сыртқы шекаралары туралы және одақтық республикалар аумағын өзгерту өкілеттілігі бар КСРО Жоғарғы Кеңесі туралы сөз етіледі.

Алайда 1977 жылғы КСРО-ның Консти­туциясы Одақтық республика­лар­дың территорияларын қамтитын Одақ терри­ториясының біртұтастығын жария­лады (75-бап). Одақтық орта­лықтың келісімінсіз өзгертілуі мүмкін болмады (78-бап). Одақтық рес­пуб­ли­калар арасындағы шекара тиісті рес­публикалардың өзара келісімі бойынша КСРО-ның бекітуімен өзгерті­луі мүмкін. Демек, КСРО-ның соңғы Конс­ти­туциясы екі территориялық үстем­­­дікті – КСРО мен Одақ Республи­касын ор­натты. Бірақ бұл тәсіл сөзсіз қара­ма-қай­шылықтарды тудырды.

Белгілі болғандай, 1937 және 1978 жылдарғы Қазақ КСР Конституциясы құрылымында КСРО-ның тиісті Конс­титуцияларының құрылымы толығымен қайталанды. Сонымен қатар 1978 жылғы Конституцияда Қазақ КСР құзыретіне жататын мәселелердің тізбесі 1936 жыл­ғы Конституциямен салыстырғанда айтарлықтай қысқарды, бұл тағы да қатаң орталықтандыру үдерісін көрсетеді. 1937 жылғы Негізгі Заңмен салыстырғанда, 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР-нің Конституциясы респуб­ликадағы ең жоғарғы мемлекеттік бас­қару органдарының конституциялық құзы­реттіліктерін екі есе азайтты. Егер Одақтық республикалар арасындағы шекаралардағы өзгерістерді мақұлдау, жергілікті халықтың пікірін жоққа шығаратын Одақтық орталыққа жататын болса, онда республика Консти­туциясының қандай халықтық сипатын айтуға болады? Бірқатар оң­түс­тік өлкелер Қазақстан құрамынан Өзбек­станға, батысында Челябі облысына және т.б. көшуі Одақтық орталықтың ешкіммен санаспайтынын көрсетті. Қазақ жерінде ең қауіпті ядролық сынақ полигонын орналастырған Кеңес өкіметі бүкіл халықтың өміріне қауіп төндірді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық заңдылық пен адамгершілік қағидаттары жайына қалды. 1978 жылғы Қазақ КСР-нің Конституциясының жұмыс үде­рі­сі 1993 жылы Тәуелсіз Қазақстан мем­лекеті алғашқы Конституциясын қабыл­дағанға дейін жалғасты.

Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация – тәуелсіздік үшін күрестің ғасырлар бойғы заңды нәтижесі. «Фактіден заңға кө­шу» – Қазақстанның мемлекеттік еге­мендігі туралы Декла­рацияны осылай сипаттауға болады. Бұл Қазақстанның егемен мемлекет ретінде мәртебесін растайтын және оның мемлекеттілігін жандандыруға зор ынта тудырды. Қазақстанның ­мемлекеттік егемендігі туралы Декларация негізінен респуб­ликаның бүкіл халқының атынан жүзеге асырылған ішкі егемендікті жариялау және оның басты нысаны – кез келген ұлт өкілдерінің саяси үдерістерге және өз мәдениетін дамы­туға қатысу құқығы. 1991 жылғы жел­тоқсанда жарияланған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуел­сіздігі туралы» Қазақстан Респуб­лика­сының Конституциялық заңы Қазақ­станның өзін-өзі сыртқы анықтау формуласына сәйкес келеді.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемен­дігі туралы Декларация бастап берген конституциялық үдерістің белгілі бір кезеңі ғана болды. Декларацияда «жаңа Конституцияны, егемен мемлекет ретінде республиканың мәртебесін жүзеге асыратын заңнамалық актілерді әзірлеудің негізі» деген ереже қам­тылған. Бұл ереже Қазақстанның мем­лекеттік-құқықтық дамуын жедел­детті. Декларация негізінде Қазақ­стан Республикасының бірінші және екінші конституциялары түзілді. Пост­кеңестік кезеңдегі Қазақстанның консти­туция­лық дамуына тән ерекшелік, онда «өрістеуші немесе қалыптасушы конс­титу­ционализм» элементінің болуы. Оның мағынасын конституциялық құры­лыстың сол кезеңде орын алған саяси және әлеуметтік-экономикалық шы­найылыққа біртіндеп бейімделуі үдерісінде тұжырымдаймыз.

1993 және 1995 жылдардағы Қазақ­стан Республикасы Конституциясы­ның мәтіндерін салыстырмалы талдау нәтижесі Қазақстанның конституциялық заңнамасы мемлекеттік-құқықтық дамудың үздіксіздігі қағидаттарынан шығатындығын көрсетеді. Бірақ екі Не­гізгі Заң арасындағы айырмашы­лық­тар едәуір, олар негізінен құрылым­дық-мазмұндық түзілімінде. «Конс­титуцияны қабылдауға болады, ең қиын нәрсе – адамдарды соған сәйкес өмір сүруге мәжбүрлеу», – дейді француз философы Т.Карлейль. Құқықтық сипатынан басқа, Конституция маңызды әлеуметтік-саяси мәнге ие. Оның әлеуметтік-саяси мағынасы мемлекеттің де, қоғамның да одан әрі дамуы үшін құқықтық негізді қалыптастыруында. Бұл тұрғыда, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциялары әлеуметтік мүдделердің жиынтығы мен саяси күштердің теңгерімін көрсететін идео­логиялық бағдарлануы тым әсерлі болуы назардан тыс қалмады.

Конституция – бұл шынайылыққа және уақыттың өзгеруіне сезімталдықпен жауап беретін тірі орган. Ол негізгі жалпыадамзаттық және демократиялық құндылықтарды бекітеді. 2007 жылы қабылданған Негізгі Заңға енгізілген түзетулер конституционализмнің жаңа кезеңінің бастауы болды. Тағы бір ма­ңызды мәселе – саяси жүйені ырық­тандыру, транспаренттілік пен ашық­тық деңгейін арттыру қажеттілігі. Мемлекет пен қоғамды реформалау үдерісінде ел билігі біртіндеп жүзеге асыру қағидаттарын, саяси реформаларды кезең-кезеңмен жүзеге асыруды, сондай-ақ ілгері экономикалық өзгерістер басымдығын берік ұстануда.

Мемлекеттiк мереке – Қазақстан Республикасының Конституция күнi біздің мемлекеттіліктің барлық белгi­лерi бар егемен мемлекет ретiнде қалып­тасып, әлемдік қоғамдастықта айқын танылғандығымыздың айшықты факторы. Қазақстандағы тағдыршешті өзгерістердің нәтижесі қазіргі заманғы конституционализм, демократиялық мемлекеттілік, ашық азаматтық қоғам, толығымен жаңа экономикалық жүйе, тәуелсіз елімізді одан әрі нығайту және ырықтандыру саясаты болды.

Ерлан АРЫН,
профессор, экономика ғылымдарының докторы