Білім • 24 Тамыз, 2018

Ер мұғалімдер неге аз?

1617 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ер мұғалімдер неге аз?

Бүгін­­гі таңда бала тәрбиесі қоғамдағы айрықша өткір мәсе­ленің біріне айналып тұр. «Баланы жастан» баулыған атам қазақ жас ұрпақтың қалыптасуына, мінез-құлқының дамуына, аптал азамат, инабатты азаматша болып өсуіне ерекше назар аударған. Есте жоқ ескі күндерден бүгінге дейін өзінің мән-маңызын, ішкі қуатын жоғалтпай келе жатқан халықтық педагогиканың мың батпан салмақты маңызына жете мән беретін болсақ, өткен дәуірлерден жинақталған қа­зынамыз қомақты, қордалы екен. Әттең, соның барлығы шып-шырғасы шықпай кәдеге асып жатқан жоқ.

– Біздің тұстастарымыз мектепте еңбек етіп жүрген кезде ұстаз есімі өте ардақты болатын. Ол кезде қоғамның өзі мұ­ға­лімдерді айрықша қадірледі. Біз­дің алдымызда да ол кісілерге дәл осындай, тіпті одан да жоғары құр­мет көрсетілетін, – дейді білім са­ласы ардагерлерінің бірі Бе­гәлі Жақыпов, – Әлі есімде, ел­дегі қариялар әлдебір қылық­та­рын ұнатқан немесе қол­да­ры­на су құйған жас жеткін­шек­­терге «мұғалім бол» деп ба­та бе­­ретін, ізгі тілек айтатын. Демек сол кездегі қоғамда мұға­лім болу айрықша құрметті мамандық еді. Ел мұғалімді жас жеткіншектердің көкірегіндегі сәулесін ашатын, толыққанды азамат болып қалыптасуына септігін тигізетін, болашақтың жетекшісі, жастың жанашыры, қамқоры деп ұқты. Әрі мұға­лімдер де өз мамандығына жан-тә­німен берілген жандар еді. Тіпті олардың киім киісі, жү­ріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, кез келген елді мекенде өзге маман­дық иелері, жас құрақтай жайқа­лып өсіп келе жатқан жас тол­қын еліктейтін, үлгі көретін, құр­мет тұта­тын деңгейде болатын. Олар­дың бойынан мәдениеттіліктің, кісіліктің, әлдебір дегдарлықтың лебі есіп тұратын. Содан да болар, көп құрметіне бөленді, ел алқалады. Бүгінде де ұстаздың ұлағаты, тәлімі мен тәрбиесі, білімі мен білігі азайған жоқ. Бірақ өкінішке қарай мұғалімдерге деген қоғамдағы көзқарас өзгерді ме деп ойлаймын. Қазір ел арасында мұғалімдіктен гөрі табыс­тылау өзге мамандыққа ұмтылу жағы басым. Қазіргінің шалдары бұрынғыша «мұғалім бол» деп бата бермейді, қазір «прокурор бол, генерал бол» деп бата беруі мүмкін. Прокурор, генералың былай тұрсын, нарық заманының табиғатына сәйкес «бизнесмен бол» деген де тілек айтылып жатады. Біз бұл кәсіптердің қай-қайсысын болсын жамандаудан аулақпыз. Бәрі ел игілігіне қызмет ететін, көптің кәдесіне жарайтын шаруа. Әйтсе де, өзіміз шәкірт тәрбиелеген, білім ошағын басқарған адам болған соң, бізге мұғалімнің мұңы, мұға­лімнің жан дүниесі өзгеден гөрі жа­қы­нырақ. Демек қай қоғамда да мұға­лімнің мәртебесі биік тұрса екен дейміз.

Иә, ұстаздарға деген көзқарас, қызме­тіне берілер баға туралы сан рет айтыл­ған. Ал аз айтылып жүрген, жарытып жазылмай жатқан тақырып мектептерде ер мұғалімдердің азаюы. Ер азаматтар дағдарыстың дауылы шарпыған, нарықтың ұр-тоқпағы есеңгіреткен бүгінгі заманда күнкөрістің қамымен жүр. Үйдегі тәрбие толайым әйелдердің мойнында. Тәрбие бастауы басталатын шаңырақтағы сыпат осындай болғанда, мектепке барғанда да көретін күні сол. 

– Күнделікті өмірден алынған тәжі­рибеге қарағанда жас жеткіншектерге тәлім-тәрбиенің негізгі ауқымды бөлігі 12 жасқа дейін берілуге тиісті, – дейді мұғалім Рамазан Бақытов, – дана хал­қымыз «жастай берген тәрбие жас қайыңды игенмен бірдей» деп тегін айтпаған. Кез келген жас өрімнің бойына сіңірер тәрбие талшықтары осы жасқа дейін қалыптасып үлгереді. Одан соң өз алдына арна тапқан ағысты өзгерту қиын. Ал тәрбиеге егер толық отбасы болатын болса, ата-аналардың екеуі де қатысуы шарт. Бұлай болмаған жағдайда амал жоқ. Оң-солын жаңа танып келе жатқан жас ұландар әке деген асқар таудың айбарын, оның күллі образын жақсы жағынан танып, білсе ғана көкірегінде ер адам туралы өзгеше таным қалыптасады. Тағдырдың жазуымен жалғыз ананың тәрбиесінде өсіп келе жатқан балаларға мүлде қиын. Өйткені отбасы, ошақ қасын­­дағы тәрбие нәзік жанды әйелдің пайы­мы­мен, ұстанымымен, өмірге деген көзқарасымен беріледі де, жасөспірім жартылай ғана тәлім алады. Осыдан барып қимыл-қозғалысы, әдеті, ұяңдығы, ай­на­ласындағыларға көзқарасы, тан­ым-түй­сігі әйелге ұқсайтын ерлер пайда болады. 

Шынында ер балалар әке тәрбиесін көруі керектігі күннің шығатындығы тәрізді айнымас ақиқат дүние. Бүгінгі бейнесін сараптағанда, кешегіні еске аламыз. Өйткені өткенге – демеу, бүгінге – қуат. Бұрынғының ақса­қалдары ас пен тойға бесіктен белі жаңа шыққан немересін неге ертіп барды дейсіз. Жақ­сы мен жайсаңның жанға дәру ізгі әңгі­месін жас көкірекке тоқыту үшін. Үлкен­нің үлгісін тану үшін. Қос уысын толтырып, құлақ асатып отырып, тәрбиенің талшықтарын өн бойына сіңіру үшін. Міне, өткеннің тәрбиесі.

– Балалар алдымен, әке тәрбие­сін көргені жөн. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демей ме? Бала асқар тау әкенің отбасы қорғаушысы, асыраушысы, арқа сүйері екендігін көріп өссе, ертең сол міндеттің қамытын киетін болады. Жасыратыны жоқ, бүгінде жалғызбасты ананың тәрбиесіне қарап қалған жас толқын көп. Сондықтан толық мәнінде тәрбие ала алмай жатыр. Бұл кемшілік ертең алдан шығатындығы дау­сыз. Кешегі өтпелі кезеңнің өкпек желіне шыдай алмаған азаматтарымыз отбасын асырауға қауқарсыз болып қалғандығын несіне жасырамыз. Содан барып шаңырақтар шайқалады. Ал әкенің қамқорлығын, тәлімді тәрбие­сін көріп өскен азаматтар еш уақытта да отбасын тастап, баласын жетім етпеуге тиіс, – дейді психолог Ирина Терентьева, – ал, мектептерде мұғалімдер арасында ер азаматтардың аздығы туралы көптен бері айтылып келеді. Бұл өзі шын мәніндегі үлкен проблема. Оның туындауына, түпкі себебіне келетін болсақ, әне бір тұста мұғалімдердің табысы аз болды, оның үстіне мұғалімдерді қосалқы шаруаға жегу тым көп. Айталық, көше тазалау керек болса, сыпырғышын ұстап шығатын кім? Мәнсіз концерттің билетін кімге тықпалайды? Әлдебір бос залды толтыру қажет болса, тағы да екі өкпесін қолына алып мұғалім жүгіреді. Бұл аздай, қазір мұғалімдерге қойылатын талаппен бірге қосалқы жұмыстар да мөлшерсіз көбейіп кетті. Қа­жетті, қажетсіз қағаз толтыру­дан қа­житын мұғалімнің күнде­лікті сабаққа дайындалуға да мұр­шасы жоқ. Сонда ол қай уақыт­та кітапханаға барады, өз бі­лімін қайтып көтереді. Қазір мұға­лімдердің жалақысы бір­шама тәуір. Мүмкін ендігі арада ол­қылықтың орны толатын шығар.

Міне, мектептегі ер адамдар­дың азаюы туралы мұғалімдер мен психолог­тардың пікірі осындай. Сараптай келгенде, бір арнада тоғысатын көзқарас нені көр­сетеді? Бұл ең алдымен, бала тәрбиесіне ер адамдардың ба­рынша қажеттілігі. Солай бол­ғанда ғана қоғамымызда әйел пішіндес, әйел қылықты ерлер азаймақ. Ерлер ерлерге лайық іс-әрекеттерімен көрінер еді. 

– Педагогикалық оқу орындарына барып жатқан жастарымыз да көп емес қой, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова, – Ақмола облысындағы білім ошақ­тарында 15010 мұғалім жұ­мыс істесе, соның 2830-ы ғана ер мұғалім. Әрине бала тәр­бие­сі үшін ер мұғалімдердің рөлі жо­ғары екенін түсінеміз. Бірақ өкі­нішке қарай, жоғары оқу орнын бі­тірген азаматтардың көбі мек­тепте жұмыс істеуге бара бермейді.  

Осы шетін мәселені шешу жа­йын қоғам болып ойластырсақ, бір қарекетін жасасақ жөн болар еді. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар