Қазақстан • 24 Тамыз, 2018

«Болашақ» иегерлері анықталды

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төра­ға­лығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

«Болашақ» иегерлері анықталды

Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлттық адами капиталдың сапасы әлемдік экономика өсімінің басты факторына айналып отыр. Жаңа заман адамдарының дайындық деңгейі – ұлттық экономика мен мемлекет дамуының шешуші ресурсы» деген сөзінің өзектілігіне назар аударды.

Гүлшара Әбдіқалықова биыл 25 жылдығын атап өтетін «Болашақ» бағдарламасы жоғары білікті мамандар да­йындау ісіне маңызды үлес қосып келе жатқанын, осы уақыт ішінде 13 мыңға жуық стипендия бөлініп, 10 мыңнан астам білікті кадрлар даяр­ланғанын және олардың ел эконо­микасының түрлі салаларында жұмыс істеп жүргенін атап өтті.

«Болашақ» бағдарламасының тиімділігін бағалау мақсатымен Назарбаев Университеттің бір топ ғалымы бағдарламаға эко­но­метриялық сараптама жүргізді. Осы зерттеу жұмысы салынған инвестицияның материалдық және материалдық емес игілігін қам­тамасыз ету ісінде «Болашақ» стипендиясының тиімді екенін көрсетті. Ел экономикасының барлық секторы үшін жоғары сыныпты мамандар дайындалды. Мәселен, бағдарламаның кардиохирургия саласының түлектері 32 мыңнан аса тегін ота жасады. Бір отаның орташа бағасы 300 мыңнан 10 миллион теңгеге дейін жетеді.

Басқосуда Білім және ғы­лым министрлігі Шетелде кадр­лар даяр­лау жөніндегі респуб­ликалық комиссияның хатта­малық тапсырмаларының орындалуы туралы мәлімдеді.

Комиссия шешімімен магистратурада, докторантурада оқуға, сонымен қатар әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберілетін 128 үміткерге стипендия тағайындалды.

Жиын қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыруды одан әрі жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар