Қазақстан • 24 Тамыз, 2018

Қызылағаштың қызылшасы әлемдік сапаға лайық қант өнімін береді

835 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ежелден Жетісу диқандарының даңқын шығарған қызылша дақылы болатын. Түгін тартсаң майы шығатын топырақта өнген тәтті түбірден алынған қант жақын-жуықтан бөлек, әлем тәттіқұмарларының аңсарын аударған еді. 

Қызылағаштың қызылшасы әлемдік сапаға лайық қант өнімін береді

Өкінішке қарай, бұл еңбек дәстүрі үзілуге шақ қалып, кейінгі кезде ғана қайта түлеуге көшті. Қазір өңірде қант қызылшасын өсі­руге ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе жеке шаруалардың қызыл­ша дақылын өсіруге ынтасы жоғары. Оның мысалын об­лыстағы тәтті түбір танаптарының көлемі жыл сайын артып келе жат­қанынан байқауға болады.

Қант қызылшасын өсіруге бел шеше кіріскен шаруашылықтың бірі – Ақсу ауданындағы «Квит­ко» шаруа қожалығы. Қызыл­ағаш ауылындағы маңдайалды ұжым­дардың қатарындағы қожалық дақыл егілген танаптардың көле­мінен бұрын, одан алынатын өнім­нің сапасы мен өнімділігіне баса назар аударып отыр. Сондықтан болар, қожалықтың тәтті түбір алқаптарынан жиналған өнім көлемі жыл санап жоғарылап ке­леді екен. Мәселен, 2016 жылы әр гектардан 500 центнер қант қы­зыл­шасы жиналса, былтыр бұл көр­сеткіш 600 центнерге жеткен. 

– Биылғы меже гектарынан 700 центнер болады деп отырмыз. Бұған толық негіз бар. Еккен тұқы­мымыз сапалы, суару, күтіп-бап­тау жұмыстары, тыңайту әдістері то­­лық­тай әрі уақтылы жасалды. Жағ­дайымыз жылдан-жылға жақ­сарып келеді, бұл өнімділікке де пай­­да­сын тигізіп жатыр, – дейді қожа­­лық­тың басшысы Александр Квитко.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының мемлекет қолдауынсыз алға басуы қиын. Өйткені бұл са­ла­дағы жұмыс біржақты, кесімді жос­пар ауқымына сыймайды. Әрі түрлі тәуекелдер мен сырт­қы жағдайлардың ықпалына да ұшы­рауы кәдік. Мысалы, егістік жұ­мыстары кезіндегі жанар-жағар­май бағасының күрт қымбат­тауы, тұқым сапасы мен қолжетім­ділігі де жеке шаруаның, тіпті тұ­тас шаруашылықтың бір өзі шешетін мәселе емес. Дәл осы жер­де мемлекеттің қолұшын созуы заңды. Елімізде жыл сайын шаруа­ларды қолдауға арналған жеңіл­детілген қаржылық қолдау бағ­дар­ламалары мен төмен­де­тілген бағадағы жанар-жағар­маймен қамту оңтайлы жүргізіліп келеді. Мұның сыртында шаруаға техникалық көмектен бөлек, ғылыми негіздегі заманауи жаңалықтарды қолданысқа енгізу жөнінен де кеңес беру дәстүрі қалыптасқан. Бұл диқандардың тұқым таңдауы мен жерді күтіп-баптаудағы тәжірибесін арттырып, мол өнімге аз шығынмен қол жеткізуге жол ашып отыр. Яғ­­ни жеке шаруа мен жергілікті әкім­діктердің арақатынасы көктем­гі тұқым, тыңайтқыш алу мен техникалық қолдау жұмыстары­нан басталып, күздегі жиналған өнім­ді зауытқа өткізу, таза өнімді субси­диялауға дейінгі аралықта жал­ғасып, біте қайнасып жатыр. 

Ақсу ауданында да бұл ба­ғыт­тағы жұмыстар нәтижелі. Аудан бойынша тек қана тәтті түбір өсі­ру­шілердің жағдайын жасауға не­гіз­делген 6 бірдей сервистік-дайын­дау орталығы жұмыс істеуде. Осы орталықтарда алқаптардағы жұ­мыстарды кешенді түрде атқара­тын 51 заманауи техника бар. Науқан кезінде аудан шаруаларына көмекке аттануға әзір тұрады. 

Жалпы, Ақсу ауданы бойынша егілген қант қызылшасының өнімділігі жоғары. Былтыр өңір шаруалары 56 800 тонна тәтті түбір жинаған екен. Биыл бұл көрсеткіш 71 000 тоннадан асады деген сенім бар. Жүргізілген агротехникалық шаралар мен сапалы тұқым өнімге кепілдік береді. Оның ішінде тұқым сапасының маңызы зор. «Квитко» шаруа қожалығының жетекшісі Александр Квитконың алқаптарында Франциядан әке­лін­ген қызылша тұқымы себілген екен. Бұл сорттың салмағы ауыр, қанттылығы да жоғары көрінеді. Бұйырса, жиналған тәтті түбірдің қант­тылығы 22 проценттен кем бол­мауы тиіс. Демек, Ақсу топы­ра­ғында өскен қызылша қанты­ның дәмі әлемдік өндірістегі құрақ қан­тының құрамымен салыстыр­ғанда әлдеқайда тәтті әрі табиғи болады.

Айтпақшы, аудандағы Қызыл­ағаш су қоймасын қалпына кел­тіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осы нысан іске қосылса, өлке­дегі суармалы жердің санаты да артпақ. Қазір шөліркеп жат­қан 7 мың гектар суармалы жерге жан бітер еді. Бұл жер қант қызыл­шасын егуге таптырмайтын та­напқа айналмақ. Бұдан бөлек, ау­данда ирригациялық жүйе­лерді жөндеуге қомақты қаржы бөлінген. Биыл 5,9 млрд теңге игерілуде. Нәтижесінде суармалы жердің көлемі ұлғайып, егістік алқаптардың да үлесі көбеймек.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы