Қазақстан • 24 Тамыз, 2018

Жетістікке жету кілті – еңбекте

1167 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғаш­қы іріктеуі қазақстандықтарға бизнес, ғылым мен білім, өнердің қайнаған ортасында жүрген табыс­ты жас­тарды таныстырды. Сол «100 жаңа есім» қатарынан көрінген дарын иелерінің бірі Арман Жүдебаев. Ол – Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері. Мемлекет басшысының «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру үшін репертуарды заманауи өңдеумен жаңартқан өнерпаз атақты «Оркестрлер айтысы» жобасының авторы болып табылады. Жобаның екінші рет басталуы қарсаңында Арман Әділханұлына бірнеше сауал қойған едік.

Жетістікке жету кілті – еңбекте

– Шығармашылық адамына үздік атану қандай жауапкершілік жүктейді?

– Ұлттық музыкаға, мәдениетке қосқан үлесім үшін 100 жаңа есім қатарына енуімнің өзі үлкен жауапкершілік жүк­тейді. Ал бұл жетістікке жетуімнің кілті – еңбекте. «Армансыз адам – қанатсыз құс­пен тең» деген сөз бар. Арманым мені жетелеп, еңбекпен қостап, осындай биік­терге жеткізді. Өткен жылы Мемлекет бас­шысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «100 жаңа есім» жобасы тек маған емес, үздік шыққан әрбір есімге белгілі бір деңгейде жауапкершілік жүктегені анық. Жоба болашақта менің осы күнге дейін алған биігіме тоқ­мейіл­сінбей, әрі қарай қарқынды еңбек етуге міндеттеп отыр. 

Еңбек етсе, алынбас қамал жоқ. Бізді үлгі тұтатын жас өрендерге осы ұғымды жеткізу барысында өзіміз шық­қан биіктен төмендемей, абыроймен алып жүруді жүктейді. Сонымен бірге, оркестр дирижері ретінде әрі қарай қарқынды еңбек етуге құлшындырады.

– Жалпы жобаға қатысу сізге қалай ықпал етті?

– Мені жобаға Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік оркестрі ұсынды. Бұл – үлкен мәртебе. Қанша жерден маман болсаң да, классикалық музыканың қыр-сырын барынша игердім деп айту асылық болар. Сол себепті өз мамандығым бойынша тынымсыз еңбек етіп келемін. Жобаның арқасында мен көпшіліктің ыстық ықыласына бөлендім. Ол арқылы елімізде бекзат өнердің даму ырғағы жеделдеген, танымалдығы артқан сияқты әсер қалдырады. Яғни, «100 жаңа есім» жобасы көпшілікке менің тұлға ретінде танылуыма ғана емес, жалпы классикалық өнердің, оның ішінде күйшілік пен дирижерлік өнердің кең танылуына зор ықпалын тигізді деп ойлаймын. 

– Жуырда «100 есім» жобасының 2-кезеңі басталды. Қатысушылар ара­­сы­­­нан өзіңіз көргіңіз келетін адам бар ма?

– Жобаның мән-маңызын, ауқымын ескере отырып, өнер саласын игерген азаматтарды жиі көргім келеді. Мәселен, мемлекеттік стипендия иегері, Тұңғыш Президент Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының со­лисі, күйші, композитор, дирижер Нұр­кен Әшіровтің, Құрманғазы атын­дағы МАХО концертмейстері, ха­­лық­­аралық және республикалық кон­курс­тардың лауреаты, күйші Батыр­жан Мық­ты­баев пен Астана мемле­кеттік филар­мо­ния­сының солисі, Қазақ­стан­ның еңбек сі­ңірген қайраткері, әнші Ерлан Рыс­қа­лидың, күйші Сәбира Биба­ты­рованың қатысқанын қалаймын.

– Есіміңізді танымал етіп, мере­йі­ңізді өсірген «Оркестрлер айтысы» атты жобаңыз туралы айтып өтсеңіз. 

– Айтыс өнері – қазақ мәдениетінің өзегі. Бағзы заманнан бері ел ішіндегі ақындар бәсекесі айтыс, күйшілер бәсе­кесі тартыс немесе күйтартыс деп аталған. Біз осы айтыс пен тартысты бала күннен көріп өстік. Бірде маған осы айтыс-тартысты неге оркестр деңгейінде өткізбеске деген ой келді. Идеямды жүзеге асыру үшін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұлттық аспаптар оркестрін симфониялық оркестрмен тартыстыруды қолға алдым. Соның нәтижесінде халықтың көңілінен шығатын аңыз күй тартысы дүниеге келді. 2012 жылы алғашқы «Оркестрлер айтысы» Астанадағы концерт залында ұсы­нылды. «Ерекше айтыс» халық арасында үлкен резонанс туғызды. Бұдан көре­тініміз, ұлттық құндылықтарды ұлықтау сәнге еніп келеді екен. Мен бұл сәннің мәңгіге созылғанын қалаймын. Өйткені жаһандану дәуірінде ұлттық қазақы сипатымыз арқылы ғана ерекшелене алып, ұлттық музыканы ұлықтау арқылы биіктерді бағындыра аламыз. 

– Қазір қандай бағытта жұмыс істеп жатырсыз?

Қазақ болмысының күретамыры – күй. Ал музыка – менің өмірім. Шығармашылық адамы үнемі ізденіс үстінде жүреді. Мен де солаймын. Оркестрдің репертуарын жаңартуға жұмыстанып жатырмын, ха­лыққа жаңа дүниелер ұсынғым келеді. Та­­биғи дарын жарқырап көрінуі үшін көп еңбектену керек. Мен басқаратын оркестр құрамында 80 музыкант бар. Олар игерген әр аспапты бір ритмде ұстап, музыка сүйер қауымды мінсіз музыка ырғағында әлдилеу үшін қабілетіңді үздіксіз дамытып отыруың міндетті. Халық қалайтын шығармаларды қайтадан ой елегінен өткізуді жөн көріп жүрмін. Бұл бір қарағанда оңай көрінуі мүмкін, алайда шығармашылық адамы ғана түсіне алатын, үлкен ынтаны талап ететін жұмыс.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»