Білім • 24 Тамыз, 2018

Ақ Жайық ұстаздары Финляндияда білім жетілдіреді

665 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы биыл жергілікті бюджет есебінен қаржы бөліп, техникалық және кәсіби маман дайындау үшін жергілікті колледждер мен лицейлерге 3500 грант бөлген еді. Одан бөлек жоғары білімі бар кадрларды даярлауға тағы 100 грант жарияланып, иесін тапты. Енді оқытушылар мен мұғалімдердің өзі білімін жетілдіру үшін облыс бюджеті есебінен шетелдерге жіберілмек.

Ақ Жайық ұстаздары Финляндияда білім жетілдіреді

– Біз оқытушы ұстаздардың кәсіби біліктілігіне ерекше назар аударып отырмыз. Өткен жылы өңірдегі колледждерден 16 педагог Малайзия, Чехия, Ұлыбритания, Германия және Финляндия сияқты елдерде білімін жетілдіріп қайтты. Бұған қоса 100-ден аса колледж оқытушысы мен шебері ағылшын тілі курсынан өтті. Бүгінде 5 колледжде арнаулы пәндер мен информатика сабағы ағылшын тілінде өтеді. Осы күзде Орал мұнай, газ және салалық технологиялар колледжінің 10 оқытушысын ВІМ (Building Information Modeling) технология пәнін терең меңгеру үшін Финляндияға жібергелі отырмыз. Биыл оқу жылынан бастап Орал қаласы мен аудан орталықтарында бағдарламалау негіздері мен робот техникасын тереңдетіп оқытатын ІТ-сыныптары ашылады, - деп мәлімдеді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов облыс педагогтарының тамыз кеңесінде.

Биылғы тамыз кеңесінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбымен өтуінде де үлкен мән бар. Өңір басшылығы жеке адамның кәсіби жетілуіне, білім деңгейінің әлемдік талаптарға сай көтерілуіне ден қойып отыр. TEDх форматында ұйымдастырылған конференцияда «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма басшысы Күләш Шамшидинова, «Knouledg Engineering» ЖШС директоры Нартай Әшім, «Astana Garden Schools» басшысы, білім беру технологиялары бойынша тренер Нұрмұхаммед Досыбаев, «Editech» халықаралық білім орталығының бас директоры, психолог Ғани Бейсенбаев сынды білікті мамандар сөз алып, маңызды саланың бүгіні мен болашағы туралы нақты ойларымен бөлісті.

- Биылғы тамыз кеңесі жылдағыдан өзгеше болды. Ерекшелігі сол – маңғаз президиум да, көлдей баяндамалар да, трибунадан есеп беру де болған жоқ. Түрі жағынан бүгінгі күн тұрғысына сай жып-жинақы болса, ал мазмұнынан әркім өз керегін ала алатындай ұйымдастырылған. Шақырылған спикерлердің әрқайсысы бір мектеп, бір лекторий. Атап айтқанда, Күләш Ноғатайқызы – қазіргі заманғы мықты қоғам қайраткері. Ғалымдардың айтуынша, білім беру парадигмасы үш тұғырдан тұрады. 1. Неге оқытамыз? (философиясы) 2. Нені оқытамыз? (мазмұны) 3. Қалай оқытамыз? (технологиясы). Әрқайсысы бөлек ғылыми сала, бірақ тұтастықты қажет етеді. Күләш Ноғатайқызы мен оның командасы еліміздегі білім берудің жаңа философиясын, жаңа мазмұны мен әдістемесін құрастырып қана емес, мектептерге ендіруді абыроймен іске асырып келеді. Оны тыңдау арқылы жаңа парадигманың тәжірибеде орындалу траекториясымен толық жүріп өтесің. Әр адам өз қажетін алады. Ал Ғани Бектайұлы – өте өркениетті тұлға, ұлтжанды, ойшыл, іскер. Жалпы, біздің қоғамда байқалатын бір тенденция бар. Біреулер қазақтың ұлттық құндылығын мықты ұстанады, өзге халықтың тереңіне бойламайды, екінішісі – осыған тап керісінше. Себеп ортақ – не бойлағысы келмейді, не бойлай алмайды. Ал Ғани Бектайұлының бойынан ұлттық құндылықты мызғымас Тұғыр қылып ұстанған европалық прагматикті көремін. Ол өте қысқа сөйледі, осынысымен үлкен ой салды, ғылыми тілмен айтқанда – қажетті және жеткілікті деңгейде айтты. Өзімнің олжам – Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы Орал педколледжі ұстаздары үшін тұтас бір күн шеберлік сабағын өткізуге Ғани Бектайұлының келісімін алдым. Осыған қуанып тұрмын, - дейді аталған колледждің директоры Светлана Бақышева.

Батыс Қазақстан облысының білім саласында цифрландыру ісі де қарқынды жүруде. Білім беру саласындағы сапа мен ашықтықты қамтамасыз ететін осы жүйенің арқасында ата-ана балабақшаға баласын онлайн режимде орналастыра алады. Баланың мектептегі сабақ үлгерімін де е-күнделік жүйесі арқылы бақылап отыруға болады. Өңірдегі шалғай ауылдарда шашырап жатқан шағын мектептерде «Білім book» электронды жобасы енгізілген. Яғни 226 шағын жинақты мектеп бағдарламасы тоқсан сайын жаңартылып тұратын «Білім book» ноутбуктерін пайдаланады. Ең озық бағдарламалар, сабақ үлгілері үш тілде жүктелген бұл көмекші құралға интернеттің қажеті жоқ, автономды қызмет етеді.

Тағы бір жаңалық Батыс Қазақстан облысында педагогикалық, индустриалдық және спорттық бағытта білім беретін үлгілі үш колледж құру қолға алынбақ. Әлемнің ең озық оқу методикасы, заманауи жабдықтар мен креативтік ойлау жүйесі кешенді көрініс табатын мұндай білім ордасы өңірдегі өзге колледждергі тәжірибе таратып, алға сүйрейтін локомотив қызметін атқаратын болады.

– Біз 3-6 жас аралығындағы сәбилерді мектепке дейінгі тәрбие орындарымен толық қамтыдық. 2018 жылдан бастап Орал қаласы мен Бөрілі ауданында балабақша кезегіне тұру автоматтық жүйеге көшті. Жыл соңына дейін бұл үрдіс барлық аудан орталықтарына енгізіледі. Облыста «БатысБілімTallks» білім беру лекториясы және «Өсу векторы» атты лидерлік мектеп жобасы қолға алынды. Бұл өңір педагогтарының кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған ең жаңа бағдарлама, - дейді Батыс Қазақстан облыстық білім беру басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ