Жазғы спорт • 24 Тамыз, 2018

Қазақстанның футзалшылары жартылай финалда Португалиямен кездеседі

315 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футзалдан Алматыда өтіп жатқан студенттер арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстанның ерлер құрамасы ширек финалда Аргентина құрамасын 6:2 есебімен ойсырата ұтып, жартылай финалға жолдама алды. 

Қазақстанның футзалшылары жартылай финалда Португалиямен кездеседі

Қазақстанның футзалшылары жартылай финалда Португалиямен кездеседі «Алматы Аренада» өткен бұл бәсеке басынан аяғына дейін жерлестеріміздің басымдығымен өтті. Ойынның 6 минутында Владислав Черномордов есеп ашса, арада үш минут өткеннен соң аргентиналық Ди Рика таразы басын теңестірді. Десек те қонақтардың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Үзіліске дейін Қазақстан құрамасы тағы екі гол соғып үлгерді. Бұл голдың авторлары – Ұлан Жақсылықов пен Біржан Оразов. Ал екінші таймда Ерсұлтан Сағындықов, Арнольд Кнауб және Асылжан Алин мергендік танытса, аргентиналықтар оған бір ғана доппен жауап қайыра алды. Есеп – 6:2. 

Бүгін сағат 20:00-де өтетін жартылай финалдық сайыста Қазақстанның футзалшылары Португалия құрамасымен күш сынасады. Бұл өте мықты команда. Тарихқа жүгінсек, Пиреней түбегінің түлектері студенттер арасындағы әлем біріншілігінде екі мәрте жеңіс тұғырына көтерілген екен. 2008 жылы Словенияда өткен жарыста олар бас жүлдені олжаласа, 2012 жылы өз елінде өткен бәсекені қола медальмен қорытындылады. Сондай-ақ, португалиялықтар тағы үш мәрте төртінші орынға табан тіреді. Алматыда өтіп жатқан доп додасының ширек финалында айтулы команда Таиланд құрамасын 7:2 есебімен ұтты. Ал келесі жартылай финалдық сайыста Ресей мен Украина кездеседі.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ