Медицина • 24 Тамыз, 2018

«Сарыарқа» экспедициясы Қарқаралы ұлттық табиғи паркіне келді

549 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

20 тамызда бастау алған «Сарыарқа» экспедициясы Қарқаралы МҰТП-не келді. Қарқаралыда экспедиция қатысушылары Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы салдырған мешітте болды. Бұл Қазақстанның ең көне мешіттерінің бірі, оның есігі 160 жылдан бері діндарлар үшін ашық. Бұл жерде саяхатшылар командасын Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов қарсы алды.

«Сарыарқа» экспедициясы Қарқаралы ұлттық табиғи паркіне келді

Қатысушылар Бұйратау, Баянауыл және Қарқаралы ұлттық парктерін аралады, Құмай археологиялық кешенінде, Сұңқар тауларда, Әжібай, Жасыбай және Шайтанкөл көлдерінде болды. Олар Баянауыл табиғи паркіндегі Торайғыр көлінің табиғаты тамаша жағалауында аялдады.

«Қазақстанда 12 ұлттық табиғи парк бар, олардың үшеуі біздің бағыттың картасында атап өтілген. Олардың әрқайсысы өзіндік қайталанбас және бірегей сұлулыққа ие, осы сұлулықты бастапқы күйінде сақтау әрбір қазақстандықтың ісіне айналуы тиіс», — деп ой бөлісті экспедиция жетекшісі, QazaqGeography-дің халықаралық және ғылыми жобаларының менеджері Нұржан Алғашов.

Бұдан әрі бағыт бойынша екі ұлттық парк бар: «Көкшетау» табиғи паркі және ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұрасының тізіміне кіретін Қорғалжың мемлекеттік табиғи қорығы.

Еске сала кетсек, шілде айында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің тапсырысымен «Kazakh Tourism» ҰК ұйымдастырған Қазақстанның туристік әлеуетін дамыту бойынша «Ұлы Дала Eліне саяхат» ауқымды жобасы бастау алды. Экспедиция еліміздің аса маңызды алты бағытын қамтиды және Қазақстанның 14 облысының 11-інен өтеді.

«Сарыарқа» бағытының экспедициясын Kazakh Tourism-мен өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында QazaqGeography жүзеге асырып келеді. Бағыттың жалпы ұзақтығы 4000 шақырымды құрайды. Команда құрамында саяхатшылар, телевизия журналистері, туроператорлар мен географиялық қоғамдардың өкілдері, фотографтар, шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлер, оның ішінде Деонисий Мить, Ерболат Шадрахов, Елена Хачина мен Ұлан Әлімбек бар. Экспедиция қорытындылары бойынша туристік объектілерді аралау бойынша арнайы бағдарлама шығарылады.

«Ұлы Дала Еліне саяхат» жобасының аясында тағы екі бағыт қалды: Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының аумағы бойынша «Теңізден теңізге дейін» бағыты және Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының аумағы бойынша «Жаңа жібек жолы» бағыты, оған «National Geographic Ресей» командасы қатысады.

 «Kazakh Tourism» ҰК ҚР Үкіметінің қаулысымен 2017 жылғы шілдеде құрылды. Компанияның негізгі міндеттері шетелде еліміздің туристік әлеуетін ілгерілету, сондай-ақ Қазақстанның туристік саласына инвестициялар тарту.

«QazaqGeography» қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы бес бағытта жұмыс істейді: география, климат; қоршаған орта, табиғат ресурстары; биоалуантүрлілік; туризм, саяхат, өлкетану; тарихи-мәдени мұра, этнография. Қазіргі уақытта ҚР-да 11 өкілдік ашылған.