Аймақтар • 24 Тамыз, 2018

Шаруаға су тапшылығы мен жанармайдың қымбаттауы кедергі болмауға тиіс

403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламанов арнайы іс-сапармен  Қызылорда облысында болып,  Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш және Қазалы ауданының тұрғындарымен, шаруа қожалығымен, аудандық маслихат депутаттарымен, ЖШС ұжымдарымен, сондай-ақ аудан белсенділерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі.

Шаруаға су тапшылығы мен жанармайдың қымбаттауы кедергі болмауға тиіс

Жаңақорған ауданындағы шаруа қожалығы басшыларымен кездесу барысында Сенат депутаттары ауыл шаруашылығының тыныс-тіршілігімен танысып, жаз айларында ағынды судың күрт азайып су тапшылығына душар болатындығы жайында, сонымен қатар жанар-жағар майдың қымбаттап егін шаруашылығына қатты әсер ететіндігі жайында ауқымды проблемалық сұрақтарға көңіл бөліп көп пікірлер алмасты. Шаруа қожалығының басшылары үкімет келешекте осы мәселелерге көп көңіл аударып, алдын-ала реттеп, шешімдерін тауып отырса деген ұсыныс, тілектерін айтты.

Сенаторлар Шиелі ауданында «Ару-Ана» ЖШС басшыларымен кездесті. Аталған шаруа қожалығы өндіретін түйе сүтінен жасалатын балмұздақ халық арасында сұранысқа ие. Шаруаны одан әрі жандандыру үшін мекеме басшылары үкіметтен несие алу қиын екенін және несие пайыздары тым жоғары болатынын атап өтіп, несиені кәсіпкерлер үшін қол жетімді және қолайлы етіп қарастыруды сұрады.

Сондай-ақ, Сенат депутаттары Жалағаш ауданында «Байтабын» ЖШС-де болып, ақ маржан күріш өсіріп, баптап отырған еңбекші ұжыммен жүздесті. Күрішшілер халық қалаулыларымен емен-жарқын сұхбаттасып, су тапшылығын тілге тиек етті және суды үнемдей отырып, 1 гектар алқаптан 70 центнер өнім жинау мүмкіндіктері бар екендерін жеткізді.

Қазалы ауданында аудандық маслихат депутаттарымен және де аудан кәсіпкерлерімен кездесіп, ағымдағы жылы 29-маусым күні қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды таныстырып, жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ, сенаторлар Қазалы ауданы, Ақтабан батыр ауылдық округінің белсенділерімен кездесіп, ауылдың тұрмыс-жағдайымен танысты және ел экономикасын дамытудағы мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарламалар туралы тұрғындармен ой-пікір алмасты.  Ашық диалог барысында Сенат депутаттары елімізде атқарылып жатқан ауқымды істердің нәтижелі жүзеге асырылып жатқандығы туралы жан-жақты әңгімеледі және кездесуге келген халықтың ұсыныс-тілектері қаперге алынатынын жеткізді.

Сенатолар тұрғындарды елімізді өркендету жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырды.