Аймақтар • 24 Тамыз, 2018

Ақтөбе облысындағы «Нұрлы жер» бағдарламасымен көпбалалы отбасылар баспана алды

505 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Конституциясы күнінің қарсаңында Ақтөбе облысының Алға қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. 12 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 48 отбасы жеке меншік баспанасының бақытты иелері болды. Олардың барлығы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана кезегінде тұрған болатын.

Ақтөбе облысындағы «Нұрлы жер» бағдарламасымен көпбалалы отбасылар баспана алды

 

 Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа пәтер иелерін көптен күткен қуаныштарымен құттықтады.

- Тұрғын үй - әрбір адамның ең басты мәселесі және алдағы жетістігінің негізі.   Сондықтан мемлекет халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатыр, осы мақсатта көптеген бағдарламалар қабылданды. Олардың қатарында «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламасы бар. Тек Ақтөбе облысында өткен жылы 790 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, биылғы жылы кемінде 870 мың шаршы метр тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Бұның бәрі Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсартуға деген қамқорлығының және еліміздің экономикалық күшінің арқасында, - деп атап өтті облыс әкімі.

Биылғы жылы Алғада 128 пәтер пайдалануға беріледі, 2019-2020 жылдары тағы екі көпқабатты 120 пәтер салынатын болады.

Алғалықтардың қуанышының тағы бір себебі 600 оқушыға арналған мектеп-гимназияның ашылуы болды.

Бұл Aлғадағы 30 жылдан астам уақыттан бері салынған алғашқы білім беру мекемесі.

Гимназия жанында орта мектептері жоқ шалғайдағы ауылдардан шыққан 100 баланы қабылдайтын мектеп-интернаты болады. Құрылыстың құны 1,7 млрд. теңгеден асады.

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым жастарға қамқорлық жасайды. Президенттің тапсырмасын орындау барысында біз облыстың жас тұрғындарына қолдау көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз. Бәсекеге қабілетті, жоғары интеллектуалдық, физикалық және рухани дамыған қазақстандықтарды тәрбиелеу үшін, мәдениет объектілері, спорт, білім нысандарын салудамыз. Биылғы жылы облыста 26 мектеп салынады. Оның ішінде 15 мектеп жылдың соңына дейін тапсырылады, 9 мектеп қыркүйекте ашылады, - деді Бердібек Сапарбаев өзінің  құттықтау сөзінде жас алғалықтарға оқуда жоғары жетістік пен сәттілік тілеп.

Мектеп-гимназия барлық білім беру стандарттары мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Ол жоғары жылдамдықтағы интернетпен және оқу процесінде қажетті барлық мультимедиялық құралдармен жабдықталған. Физика, химия, биология және информатика кабинеттері жаңа модифиакциямен жабдықталған.