Білім • 25 Тамыз, 2018

Ақтауда дәстүрлі тамыз конференциясы өтті

868 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтауда Маңғыстау облысы педагогикалық қызметкерлерінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбындағы облыстық тамыз конференциясы өтті.

Ақтауда дәстүрлі тамыз конференциясы өтті

Конференцияға ҚРБжҒМ білім саласын бақылау комитеті төрағасының орынбасары Л.Бөлебаева, «НЗМ» ДББҰ өкілдері, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, білім беру ұйымдарының басшылары, облыс педагогтары, ардагер-ұстаздар барлығы, білім саласындағы өзекті мәселелер мен жетістіктерді саралауға және жаңа оқу жылына арналған міндеттерді айқындауға барлығы төрт жүзден астам адам қатысты.

Облыста 271 мектепке дейінгі ұйым, 143 мектеп, ТжКБ 27 ұйымы, қосымша білім беру ұйымдары 15 жұмыс істейді. Облыста жыл сайын орта есеппен 20-23 балабақша ашылып, 3-6 жастағы баланың 93% мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. Жыл соңына дейін қамту көрсеткіші 97% болады. 1 қыркүйекте 134 129 оқушы мектепке барады, оның ішінде бірінші сынып оқушыларының контингенті 16600 оқушыны құрайды. Жаңа оқу жылының басында күтілетін желі саны – 143 мемлекеттік және 5 жекеменшік мектеп. Биыл облыста – 9 мектеп ашылды.

Ақтау қаласындағы жаңадан ашылған № 29 мектеп смарт-мектебінде STEM-лаборатория, смарт-жылыжай, галографикалық ақпараттандыру бұрыштары, чип арқылы оқушылардың мектепке келіп-кетуін қадағалау жобалары енгізілді. Осындай STEM-лаборатория мемлекеттік-жекешелік механизмі арқылы облысымызда 25 мектепте жұмыс жасайтын болады. Маңғыстау политехникалық колледжінде IT мамандар, информатика пәні мұғалімдері мен оқушыларға арналған біліктілік арттыру курстары, т.с. өткізілетін ІТ-орталық ашу жұмыстары басталды.

«Ауыл көшбасшылары» жобасының нәтижесі бойынша 30 оқушы Алматы қаласындағы және 70 оқушы Ақтау қаласында теңіз жағасындағы тренингтік лагерьде оқып, демалды.

«Кәсіпкер боламын» жобасы аясында 85 мұғалім, 365 оқушы бизнес-тренерлікке оқытылып, нәтижесінде жеңімпаз 150 бала теңіз жағалауындағы бизнес-лагерьде елімізге танымал кәсіпкерлер мен бизнес-тренерлерден дәріс алды. Оқушылар мен студенттер арасында білім басқармасы мен Назарбаев Зияткерлік Мектебінің бірігіп өткізген «Каспиан Стартап-2018», Есенов университетінің «Стартап Болашақ» конкурстарының нәтижесінде 28 жоба қаржыландырылып, кәсіпкерлер тарапынан қолдау тауып, осындай стартап жобалардың конкурсын жыл сайын өткізу жоспарланды. Атап айтсақ, былтыр басталған «Жасыл мектебім-жасыл мекенім» жобасы аясында білім беру ұйымдарында 25 жылыжай ашылды.

Ақтау қаласындағы №21 мектептің жанынан еуропалық стандартқа сәйкес футбол алаңы (46 млн) салынып, «Намыс» балалар футбол клубы құрылуына демеушілік жасаған жеке кәсіпкер Аппасов Ануарбек. Қазір клубта екі жүзден аса жасөспірім бар. Мектеп базасынан футбол академиясын ашу жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айынан бастап жергілікті бюджет есебінен 22 баланы қамтитын футбол сыныбы ашылады.

- Жастарды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу және өндірістік-технологиялық ортаға кірістіру – басты міндеттеріміздің бірі болуы тиіс. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын, оның ішінде білім беру жүйесін цифрландыруды, сонымен қатар IT және инжинирингтік қызмет дағдыларын дамытуды жүзеге асыру қажет. Білім беру ұйымдарындағы интернеттің жылдамдығын 4-10 МБиттен 60-100 Мбитке дейін көтеру, оны сауатты әрі толыққанды пайдалану талап етіледі. Сыныптарды заманауи үлгідегі компьютерлермен, LED дисплейлермен жабдықтау, роботехника құралдарының жаңа модельдерімен толықтыру қажет. Осы мақсатта биыл жергілікті бюджеттен компьютер сатып алуға 300 млн. теңге қаралды. Білім беру жүйесін дамытуға, туған жердің шынайы отансүйгіштерін тәрбиелеуге қосқан үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіре отырып, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын, деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы білім басқармасына, аудан, қала әкімдеріне баланы ерте жастан дамыту, мектепалды даярлықтың сапасын арттыру, балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, оқу-әдістемелік құралдарды сатып алу, ең бастысы - кадрлардың біліктілігін көтеру шараларын ұйымдастыруы бойынша тапсырма берді.

Іс шара барысында облыс әкімінің Алғыс хатымен – 9 педагог, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен – 3 педагог, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен – 4 педагог, ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен мен Алғыс хаттарымен – 15 педагог марапатталды. Сонымен қатар, жыл сайынғы үрдіс бойынша жалпы білім беретін мектептердің қызметін бағалау мақсатында өткізілетін «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын беру конкурстың жеңімпазын марапатталды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы