Аймақтар • 26 Тамыз, 2018

Риддердегі шіркеу құрылысы қайта жанданатын болды

558 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Риддер қаласындағы интернационал жауынгерлерге арналған саябақтың аумағындағы шағын шіркеу құрылысы 2014 жылы басталғанымен, белгісіз себептермен аяқсыз қалған еді. Аталған саябақ Ауған соғысында көз жұмған 5 риддерлік боздақтың құрметіне 2008 жылы ашылған болатын.

Риддердегі шіркеу құрылысы қайта жанданатын болды

Мұсылманның ұлық мерекесі - Құрбан айт мейрамына орай өткен салтанатты шарада Риддер әкімі Жомарт Мұратов мерекеге жиналған халықты асарға шақырып, ғибадат орнының құрылысын аяқтауға атсалысуды өтінген еді. «Асар – қазақ халқының ежелден келе жатқан елді тұтастыққа, береке-бірлікке шақыратын тағылымы мол рәсімдерінің бірі. Шаһар басшысының шіркеу құрылысын аяқтау жөніндегі ұсынысын қалалықтар қуана қабыл алды. Арнайы есепшот та ашылды.

Ерекше атап өтерлігі, игі іске ең бірінші болып Риддер қалалық мешітінің имамы Жақсымбет Нұрислам, кәсіпкерлер Адам Гильдерман мен Болатхан Күзембаев үн қосып, құрылысқа қаржылай көмек көрсетті. Қазір арнайы ашылған есепшотқа жан-жақтан қаржы аударылып жатыр. Түскен қаражат 500 мың теңгеден асты. Бізді қуантқаны - көп жыл құрылысы аяқталмай тұрған шіркеудің Құрбан айт мерекесінде құрылысын аяқтау жөнінде шешім қабылданғаны. Бұл – еліміздің тұтастығын, ұлттар арасындағы татулықты анық аңғартса керек», - дейді Риддер қалалық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Оралқызы.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы