Аймақтар • 26 Тамыз, 2018

Қарағандыдағы спорттық керуен сапарын аяқтады

426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» жобасының аясында ұйымдастырылып, жаз басында өңір бойынша жолға шыққан Спорттық керуен соңғы нүкте – Қарағандымен іргелес Бұқар жырау ауданына жетіп, сапарын аяқтады.

Қарағандыдағы спорттық керуен сапарын аяқтады

Соңғы керуен сапында Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов, «Шахтёр» футбол клубының бұрынғы капитаны, жаттықтырушы Андрей Финонченко және Бейжің Олимпиадасына қатысқан жеңіл атлет Сергей Засимович те болды. Сонымен қатар, керуен құрамында облыстың белгілі спортшылары – акробаттар Александра Рудакова мен Дамира Талғат, семсерлесуден Қазақстан чемпиондары Лионтий Мусалов, София Спичова, Жасмин Кападжи, Ангелина Нұрмағамбетова және Анастасия Кулик, сондай-ақ, дарынды боксшылар мен палуандар болды.

Спортшылар шалғай ауылдарда жеткіншектерге шеберлік сабақтарын өткізіп, өскелең ұрпақты саламатты өмір салтын, спорттың игіліктерін насихаттады. Керуен биылғы жаз ішінде Қарқаралы мен Бұқар жырау, Нұра мен Осакаров аудандарын аралап үлгерді. Осы керуеннің септесуімен Ботақара мен Нұра елді мекендерінде жаңа спорт алаңдары пайда болды.

Керуен олжалы оралды деуге болады. Енді облыс орталығында осы сапардың қорытындылары бойынша мұражай ашылмақ. Ол Қарағандыдағы Нұркен Әбдіров атындағы Спорт сарайында орналасады. Тұсаукесері қараша айына жоспарланған мұражайға қойылатын жәдігерлер керуен аралаған елді мекендерден жеткізіледі және олардың қатарын толықтыруға облыстың әйгілі спортшылары да көмектеспек. Айталық, футболшылық дәуренін ешқайда табан аудармастан «Шахтердің» сапында өткерген, кеншілер командасы ел чемпионы болған жылдары оның капитаны болған Андрей Финонченко өзінің әйгілі «14» номерлі футболкасын мұражай қорына тапсырып та қойды. Мұражай жас ұрпақ, спортсүйер қауым үшін қызықты әрі тәрбиелік де зор болуы тиіс. Спорттық керуеннің де көздеген мақсаты осы еді.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ