27 Тамыз, 2018

«Ақылды қоғам» құрылар ма екен?

928 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұрын «ақылды» деген сөз адамға ғана қатысты айтылушы еді. Сонан кейін кейбір жағдайларда адамның серігі саналатын жылқы мен итке қатысты «ақылды жануар», «есті хайуан» түрінде аздап қолданылып қалатын. Ал енді қазір қарасаңыз, жылдан-жылға қарқын ала түскен жаңа технологиялардың дүмпуі нәтижесінде «ақылдылар» қатары көбейіп келе жатқандай. Мәселен, әлемде «ақылды фермалар» пайда бола бастады. Бұл үдерістің соңы «ақылды ауыл шаруашылығын» құруға алып келмек. Сарапшылардың пікірінше, «ақылды фермалар» құрамына кіретін жан-жануарлар да болашақты ақылды бола түсуге тиіс. Өйткені тірі жануарлар құлағына орнатылатын чип арқылы басқарылып, бірте-бірте технологиялық жүйе ішінде тіршілік ету тәртібін қабылдайтын болады.

«Ақылды» деген термин қазіргі күні қала шаруашылықтарына қатысты да белсенді түрде қолданыла бастады. «Ақылды үйлер», «ақылды аялдамалар» пайда болуда. Бұл үдерістің соңы «ақылды қала» құруға алып келе жатқандығын көріп отырмыз. Мәселен, еліміз Астананы «ақылды қалаға» айналдыру ниетінде.

Мұның бәрі жақсы. Бірақ бір өкініштісі, осының бәрін өз қолымен жасаған «ақылды адам баласының» өзі бірте-бірте ақылдан азып бара жатқандай. Жер бетінде адамға қатысты бұрын құлақ естімеген түрлі сұмдықтар болып жатыр. Баласы әкесін, әкесі баласын өлтіруде. Еркек пен еркек, әйел мен әйел жұптасуда. Онымен қоймай осындай адам табиғатына жат қылық БАҚ арқылы насихатталуда. Міне, осыған қарап данышпан Абай атамыздың «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген сөзі еріксіз еске түседі.

Қазір адамға деген сенім азайып тұр. Адамға деген сенімнің азайғандығын түрлі мәселелерде оның шешім қабылдаудан шеттетілгендігінен көріп отырмыз. Түрлі шешімдер қабылдау мәселесі, атап айтқанда технологиялық жүйедегі шешімдерді қабылдау ғана емес, сонымен қатар әкімшілік шешімдер қабылдау мәселесі ендігі кезекте жылдан-жылға дамып келе жатқан «ақылды технологиялардың» өзіне тапсырыла бастады. Мәселен, алысқа бармай-ақ Қазақстанның өзінде ауыл шаруашылығындағы түрлі субсидияларды беру мәселесі, атап айтқанда, субсидияны нақты кімге беру керектігін шешу мәселесі ендігі кезекте адамға, осы іспен айналысып келген нақты шенеунікке емес, автоматтандырылған жүйенің өзіне бірте-бірте тапсырыла бастамақ. Осының алғашқы нышаны ретінде биыл Павлодар облысында көктемгі дала жұмыстары кезінде шаруаларға бөлінетін жеңілдікті дизель отынын бөлу алғаш рет электронды формат жағдайында жүргізіле бастағандығын айтуға болады. Осы электронды платформаны әзірлеген мамандардың айтуынша, енді оған басқа да өңірлерді қосуға болады, тек өңір басшыларының осы іске деген ынтасы қажет. Ал жеңілдікті жанар-жағар майды онлайн қызметі арқылы бөлудің тиімділігі үлкен болмақ. Өйткені осы арқылы бюрократтық кедергілер азайып, бөлу жұмыстары ашық және қолайлы жүргізілмек.

Былай қарасаңыз, қазір адамдардың бәрі ақылды. Бұл «ақыл» білім арқылы келуде. Қазіргі жастарымыз бірнеше шет тілін біледі. Заманауи технологиялардың құлағында ойнайды. Бірақ көбінің тәрбие мәселесінде жұмысы жоқ. Тәрбие олардың көпшілігінің түсінігінде өзінің отбасының айналасында ғана өріс алуы тиіс секілді. Сонда қазіргі қоғамды кім тәрбиелейді? Түбінде қоғам тәрбиелі, мәдениетті, ақылды болмай ақылды жеке тұлғаның әрекеттері шектеулі қалпында қалатындығын байқай ма?

Демек елімізде көп мәселенің түйіні қоғам­дық қарым-қатынастарда жатқандығын па­йымдайтындаймыз. Мәселен, ұлтымызда жас­тарды үйлендіруге қатысты құда түсу, той жасау, кит кигізу деген салт-дәстүріміз бар. Дәстүр болған соң, ал дәстүрдің іргетасы әдет­те заңнан да мығым болып келетіндіктен оны ешкім де теріске шығарып, сөге жамандамас. Бірақ салт-дәстүрге кейіннен қосылған кейбір келеңсіздіктер бас шайқатпай қоймайды. Айталық, «кит кигізу» деген желеумен қытайдың қажетке жарамайтын арзанқол дүниелерін құдаларға ұсынушылық, банк кредитімен той өткізуде жарысқа түсушілік, қоғамды еңбекке тәрбиелеудің орнына жеңіл табыс жолындағы әншілерді теледидар арқылы насихаттаушылық секілді дүниелердің қоғам үшін пайдасынан зияны көп екендігін әркім жақсы біледі. Бірақ біле тұра осындай әрекеттерге барады. Өйткені бұл мәселеде жеке адамның ақыл-ойын қоғамда қалыптасқан келеңсіз дәстүрлердің үстемдігі басып кетіп жатыр.

Ақылды, мәдениетті, мейірімді қоғам құру – адамзаттың мыңдаған жылдардан бергі арманы еді. Осы мәселе туралы мыңда­ған кітаптардың жазылғандығы анық. Бірақ мәңгілік алмасып отыратын күн мен түн, бір бірінен қалмайтын жақсылық пен жамандық секілді бұл мәселе әлі күнге дейін арман күйінде қалып келеді. Ал қазіргі «ақылды тех­но­логиялардың» дамуы ықпалымен бұл арманның ауылы тіпті алыстай түсетіндей. Өйткені түрлі мәселелерде шешім қабылдау жөнінен жаңа технологиялардың, роботтар мен автоматтық жүйелердің бейнесінде адамзатқа жаңа бәсекелестер пайда болып отыр. Әрине бұл технологиялардың «ақылдылық» деңгейі жеке адамның ақылы мен қабілетінен, талантынан асып кете қоймас. Өйткені оның тізгіні, басқару кілті жеке адамның қолында болады ғой. Бірақ технологиялар дами келе адамзат қоғамының ақылдылығын жоққа шығаратын сияқты...