Спорт • 27 Тамыз, 2018

Футзалшыларымыз тұңғыш рет жүлде алды

285 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футзалдан Алматыда өткен студенттер арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы күміс медальді иеленгені белгілі. Ақтық сында Ресейден 2:4 есебімен ұтылған біздің жігіттер өз тарихында тұңғыш рет жеңіс тұғырына көтерілді.

Футзалшыларымыз тұңғыш рет жүлде алды

Топтық турнирде жерлестеріміз бұған дейінгі әлем біріншілігінде жүлде алған Чехия және Беларусь құрамаларымен кездесті. Алғашқыларын ұттық (4:3), екіншісімен тең түстік (1:1). Соның арасында Жаңа Зеландияны жеңдік (2:0). Осылайша, «В» тобында көш бастап, плей-офф кезеңіне өттік. Ширек финалда Аргентинадан айламызды асырсақ (6:2), жартылай финалда Португалиядан басым түстік (3:2). Өкінішке қарай, финалда әлемнің төрт дүркін чемпионы дегенг дардай атағы бар Ресей құрамасына әліміз жетпеді (2:4). Үшінші орынға Украина футзалшылары табан тіреді.

Осы ойыннан кейін, «Астана Аренада» чемпионаттың салтанатты жабылу рәсімі өтті. Оның барысында арнайы келген қонақтар осы чемпионаттың ұйымдастырушыларына керемет қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, артынша Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев ФИСУ туын келесі әлем чемпионатын қабылдайтын Польша өкіліне тапсырды. Сонымен қатар, жүлде алған командалардың барлығы да кубок және медальмен марапатталып, үздік ойыншылар түрлі аталымдар бойынша арнайы сыйлықтарға ие болды. Олардың қатарында қазақстандық Біржан Оразов – үздік қорғаушы, ал Дәурен Тұрсағұлов – үздік шабуылшы атанды.

Сөйтіп, Алматыда өткен жарыста Қазақстанның студенттері өз тарихында тұңғыш рет әлем біріншілігінің жеңіс тұғырына көтерілді. Ал Ресей болса, бесіншің мәрте бас жүлдені олжалап отыр. Бұл көрсеткіш жағынан олар Бразилиямен теңесті. Оңтүстік Американың оғландары 1984, 1996, 2000, 2010, 2016 жылдары алдарына жан салмаса, ресейліктер 1994, 2002, 2006, 2014, 2018 жылдары қарсылас шақ келтірмеді. Сондай-ақ, Украина үш мәрте (1998, 2004, 2012), ал Испания (1990), Италия (1992) және Португалия (2008) бір-бір реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Әйелдер арасында өткен жарыста да Ресей алтыннан алқа тағынды. Екінші және үшінші орындарда Украина мен Португалия. Қазақстанның қыздары айтулы додада қалың топтың арасында қалып қойып, ел сенімін ақтай алмады. Естеріңізге сала кетейік, 2008-2016 жылдар аралығында ұйымдастырылған бес дүниежүзілік доданың барлығы да Бразилия аруларының айқын жеңісімен аяқталған еді. Алайда Алматыға бразилиялықтар келмеді. Сол сәтті ұтымды пайдаланған ресейліктер алғаш рет алтын тұғырдан қол бұлғады. Ал оған дейін олар әлем біріншілігінде бір алтын және қос қола медальді иеленген болатын. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар