Қазақстан • 27 Тамыз, 2018

Нұрлан Ермекбаев Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығының президенті болып сайланды

676 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығының президенті болып сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұрлан Ермекбаев Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығының президенті болып сайланды

Аталмыш қауымдастықты бұған дейін Амантай Күренбеков басқарып келді. Бүкілқазақстандық қоян-қолтық айқас қауымдастығының президентін қайта сайлау - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасы. Бұған қолдау білдірген қауымдастықтың басқа мүшелері бірауыздан Нұрлан Ермекбаевқа дауыс берді. Бүгін Астанада өткен жиынға Арыстанбек Мұхамедиұлымен бірге аталмыш қауымдастықтың бұрынғы президенті Амантай Күренбеков те қатысты.

«Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығын басқаруға сенім білдіргендеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Қоян-қолтық ұрыс - өте маңызды спорт. Қазақстан Республикасының Президенті, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Спортпен шұғылдану, дене шынықтырумен айналысу - өмірдің әр саласында түрлі қиындықтарды жеңе білуге, жеңіске жетелейтінін» айтты. Осыған байланысты армия үшін, Қарулы Күштер үшін спорттың қолданбалы түрінің маңызы ерекше. Біз осындай жұмысты жалғастырамыз деген ойдамын. Қауымдастық бірнеше жыл бойы жұмыс істеп, осы мерзім ішінде жақсы жетістіктерге қол жеткізді», деді Нұрлан Ермекбаев.

Өз кезегінде Арыстанбек Мұхамедиұлы Нұрлан Ермекбаевты қауымдастық президенті болып сайлануымен құттықтады.

«Қазіргі кезде Қарулы күштердің деңгейі айтарлықтай көтерілгенін көріп отырмыз. Қазақстан спортшылары қандай жарыстар болмасын, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жатыр. Мен, әлбетте, барлық спорт бірлестіктерінің атынан Нұрлан Байзақұлын қауымдастық президенті болып сайлануымен құттықтаймын. Нұрлан Байзақұлы - өзі де керемет спортшы, көптеген сайыстардың жеңімпазы, 1988 жылы спорт шеберлігіне үміткер атанған. Қауымдастықтың дамуына жаңа көкжиектер ашылғанына сенімдімін», деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.