Қазақстан • 28 Тамыз, 2018

Азық-түлік сапасында кінәрат көп

798 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жылқының еті мен қымызы бойға – қуат, ойға шуақ екені рас. Дегенмен ел тұрғындарының бәрінің бірдей қазы кертіп, бал қымызға балбырауға мүмкіндігі жете бермейтіні де шындық. Амал жоқ, халық дүкен сөресінде тұрған сапасы күмәнді азық-түлікті тұтынады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің деректеріне сүйенсек, сауда сөрелерінде самсап тұрған түрлі тағамның арасында құрамында денсаулыққа зиянды қоспалары көп, дұрыс сақталмаудың кесірінен бұзылып кеткен азық-түлік те аз емес. 

 

Азық-түлік сапасында кінәрат көп

Қоғамдық денсаулық сақ­тау ко­митеті соңғы 7 айдың ішінде азық-түлік өнімдерінің қауіпсіз­дігін тексеру мақсатында арнайы мо­ниторинг жүргізген болатын. Нә­тижесінде ел сүйсініп  тұтынатын шұжық өнімдерінің сапа­сыз дайындалғаны анық­талды. Мәселен, жақында ғана атал­ған комитет «Царицыно» ААҚ, «Курников» АӨК, «Микоя­новский мясокомбинат» ЖАҚ, «Омс­кий бэкон» АҚ сынды компа­ния­лардың өндіру талаптарын жүйелі түрде бұзғанын, таңбалау техникаларының регламенттерін сақтамағанын анықтады.

– «Микояновский мясоком­бинат» ЖАҚ өндірісінің «Юж­ные» және «Сытные» шағын шұ­жықтарында натрий нитрит­терінің үлес салмағы артқаны, па­тогенді микрофлора және ішек таяқшалары тобының бактерия­сы бар екені белгілі болды, – деп хабарлады министрліктің бас­­пасөз қызметі. Яғни бұл шұжық­­тар адамның ішек ауруларын қоз­­дырып, иммунитетін төмен­­детеді. Аталған ресейлік ком­па­ния өз елінде шұжық шыға­ру­шы кәсіп­орындар көш­бас­шы­лары­ның қатарында екенін де айта кетейік.

Қазақстанға шұжықтың он­даған түрін экспорттайтын ресей­лік тағы бір кәсіпорын «Омс­кий бэконның» өнімдері де ко­митет жасаған қара тізімді то­лықтырды. Себебі «Популярная», «Бу­тербродная», «Южная», «Сельс­кая», «Заречная», «Походная» атты өнім­дерінде натрий нитриттері­нің үле­сі 2-3 есеге көп екені, лево­мицетинді 2 есеге жуық артық қосқаны, микробиологиялық көрсеткіштерді бұзуға жол бергені бел­гілі болды. Айта кетейік, натрий нитраты ағзаға тым көп түс­кен жағдайда түрлі қатерлі ауруларды тудындатуы мүмкін.

Жоғарыда айтылған компа­ниялардың «Утренние», «Рус­ская», «Бистро», «Натуральный», «Крес­тьянский» сынды тартыл­ған еттері, жартылай фабрикат­тары­ның да сапасында кінәрат бар.

Сауда сөрелерінде аз күн тұрса да тез бұзылатын, құрамында түрлі қоздырғыш бактериялар жылдам көбейетін тағамдардың бірі құс еті. Сол себепті оның санитарлық-химиялық көрсеткіштері басқа өнімдерге қарағанда қатаң тек­се­ріледі. Өкінішке қарай, тексеру сайын теріс фактілер жиі тір­келеді. Айталық, сальмонеллез, стафилоктоз қоздырғыштары бар, ылғалы шектен тыс мол онда­ған тонна өнімді тиісті мекеме­лер тауып, сатылымнан алас­тап, айыппұл төлетіп, импортын шектеген фактілер аз емес. Құс жұмыртқасын жарамдылық мер­зімі өтіп кеткеніне қарамастан сөре­лерден алмайтын сауда орындары көп.

Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті биыл дүкендер мен базарларда толып тұрған «Брянский бройлер», «Чебаркульская пти­ца», «Нагайбаксий птицевод­ческий комплекс» сынды кәсіп­орындардың мұздатылған құс етінің тиісті талаптарды өрескел бұзғанын анықтады. Анықтамаған жағдайда сальмонелла және ішек таяқшаларымен бүлінген ет тұрғындардың дас­тарқанынан орын алуы әбден мүмкін еді. Құс еті үнемі қатырылған күйде сатылады. Ал тағамтанушылардың айтуын­ша, мұздатылған өнім шикі азықтардың ішіндегі ең қауіпті түрі екен. «Буштың сирағынан» бас тартқанымызға біраз болса да, әлі күнге сөренің бәрін отандық өнімдер жаулап үлгерген жоқ. Ал шетелден әкелінген құс етінің құрамында фосфоттар түріндегі қоспалар жиі кездеседі. Шетелдік компаниялар өнімдерінің ұзағырақ сақталуы үшін осындай қадамға барады, біздің елдің заңнамасында құс етіне оны қосуға тыйым салынғанын ескере бермейді. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин:

– Құс етіне қосылған ерітін­ділер ағып кетпейді. Етті қатыр­ғанда су қосса, мұзға айналады. Мұздың көлемі суға қарағанда үлкейетіндіктен етті жыртып жі­береді де, фосфаттар бүкіл өнім­нің бойына тарап кетеді, – дейді.

Өнімнің дұрыс таңбалан­бауына бейжай қарауға болмайды, бұл халықтың денсаулығына тікелей байланысты фактор.

– Өндіруші таңбада көрсет­пеген компоненттердің тамақ құра­мында болуы адам денсау­лығына кері әсер етуі мүмкін. Мұндай өнімдер, әсіресе жүрек-қан тамырлары мен эндокринді аурулардың, аллергиялық реак­циялардың ушығуына ықпал етуі әбден мүмкін, – дейді Ж.Бекшин.

Бұл орайда «ФинИнвест», «Приосколье», «Витебская бройлерная птицефабрика», «Куриное цартсво Брянск» сынды шетелдік кәсіпорындардың құс етінен әзірленген жартылай фабрикаттары таңбалау талаптарына қайшы келеді.

Мал мен құс етінен бөлек, ха­лық жиі тұтынатын, әлеуметтік маңы­зы бар тағы бір азық-түлік түрі – сүт өнімдерін айтпай кете ал­маймыз. Тағы да Қоғам­­­дық ден­саулық сақтау коми­теті анық­таған деректерге тоқта­­­лайық. Жуыр­да комитет 79 түр­лі сүт өні­мін тексере келіп, оның 18-інен алын­ған сынама тиіс­­ті талап­тарға қайшы екеніне көз жет­­кізді. Жарнамасы жер жара­­тын «Пре­зи­дент» сары майы, «Ва­­лио», «Омира Обер­ланд», «Шад­­ринс­кое» брен­дін­дегі сүт­­тер­ден кі­нәрат табыл­ды. «Сапа» тұты­ну­­шы­лар құқын қорғау ұлт­тық ұйы­­мы» қоғам­дық бір­лес­ті­гінің ке­ңес­­шісі Әлиақпар Мәті­шевтің ай­туынша, қырғызстан­дық, ресей­лік өнімдер ғана емес, отандық «Адал» мен «Одаридің» сүттері де оншалықты адал емес көрінеді.

Бүгінде қоғамның көзі ашық, тұтынатын азық-түліктерінің сапасына мән беруге тырысады. «Ауру – астан...» екенін бі­ле­тін жұрт дүкен сөрелерінен азық-түлікті алмас бұрын таңба­лануын тексеріп жататынын жиі бай­қаймыз. Тиісті мекемелер де халық денсаулығын қолынан келгенше қорғауға тырысып жатыр деген үміттеміз. Алайда, тіркеліп жатқан теріс фактілердің көбейіп бара жатқанын ескерсек, ішер ас пен судың сапасын әлі де болса қатаңырақ тексеру артық етпейтін сыңайлы.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»