Бизнес • 28 Тамыз, 2018

Бизнесте мәселенің үлкен-кішісі жоқ

484 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бизнестің қыр-сыры белгілі сияқты көрінгенімен, бұрын-соңды айналыспаған нақты кәсіпті бастаған кезде туындайтын түйткілдер табыла бермек. Осы орайда, Алматыда тиісті министрліктер мен бизнес-өкілдерінің «Бәсекеге қабілетті бизнес – бәсекеге қабілетті экономика» тақырыбында өткізген кездесуінде орта және шағын бизнесті дамытудың ең өткір сауалдары кезекті рет ортаға салынды. 

Бизнесте мәселенің үлкен-кішісі жоқ

Жеке кәсіпкерлерді қолдауда Үкімет атқарып отырған ауқымды шаралар легі бар. Оған түрлі қаржылық тетіктер мен «Атамекен» ҰКП, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорын қосыңыз. Алайда, қазақстандық бизнесті жүргізуде ілгерілеулер ғана емес, іліктер де жеткілікті. 

Қарап отырсақ, алматылық бизнес өкілдері де бір қауым ел. Өзара басқосулары, талқылаулары, байқау-көрмелері мен форумдары өтіп тұрады. Дегенмен, бұл жолғы бизнес-қауымдастықпен өткен кездесудің жөні басқа. Мемлекеттік органдардың орталық және жергілікті өкілдерінің атқарылып жатқан жұмыстары мен алдағы күндерге межеленген жоспарлары тыңдалғаннан кейін, бизнес өкілдеріне сөз тиіп, әрқайсысы өз саласына қатысты түйткілдерді тәптіштеп отырып баяндауға мүмкіндік алды.

Бұл басқосуда басты рөлді атқарған Ұлттық экономика министрлігінің алдынан шыққан тосын сауалдар жеткілікті болды. Сол сияқты еліміздің қаржылық доноры болып табылатын Алматыда бизнесті жүргізудің әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай отырғандығы айтылды. Банктердің өз портфельдеріндегі шырғалаңы көп несиелерден арылуы да аз мәселе емес.

Сонымен кәсіпкерлер қойған сауалдар мен ұсыныстар легіне Инвестициялар және даму министрлігі, Қаржы министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Энергетика министрлігі, Әділет министрлігі мен Ұлттық банк өкілдері жауап беріп отырды.

Кәсіпкерлерге бизнестік бәсекеге қабі­лет­тілігіне қатысты сауалдарды Стратегиялық бастамалар орталығының (CSI) жобалар жөніндегі директоры Бақытжан Сәркеев баян­дады.

Сол сияқты Ұлттық экономика минис­тр­лігі Стратегиялық жоспарлау мен талдау департаменті директорының орынбасары Бауыржан Тұрлыбековтің «Қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін жақсарту жөніндегі шаралары» жөніндегі жобасының тұсаукесері мазмұнды шықты.

Ұлттық банктің қаржылық нарықты реттеу басқармасы төрағасының орынбасары Ба­қыт Смекеновтің сөзінен кейін кәсіпкерлер көп мәселенің тие­гін ағытты. Өйткені Ұлттық банк те отандық бизнесті дамытуда үш факторға жауап береді.

– Біз бұл басқосуға бизнестің бәсекеге қа­бі­леттілігіне байланысты сұрақтарға және ақпан айында Алматыдағы іскерлермен өткен кездесуде көтерілген мәселелерге байланысты дайындалып келген болатынбыз. Сол сияқты мамыр айында заңнамалық өзгерістер енгеннен кейін қолданылған шаралар туралы айтуға дайын едік. Бірақ өздеріңіз көріп отырсыздар, бүгін бизнес-қауымдастық жаңа мәселелерді алға тартып отыр. Яғни шикізат жетіспеушілігі, несиеге қол жеткізу, несие алу үшін қосымша кепілдік қою сияқты күтпеген сұрақтарды қойды. Шетелмен байланысты бизнесті дамыту, яғни біздің азаматтарымыздың шетелдегі қаражатын қалай қос-қостан салық төлемей елге әкелгені, Қазақстанға инвестиция тартуға қатысты мәселелер алдымыздан шығып отыр. Сұрақтардың көпшілігі сыртқы саудамен де байланысты. Мәселен, өзімізде сабын шығарудағы пальма майын шетелден алдырудың қиындығы, кедендік салықты азайту сияқты әр саланың өзіндік мәселелері айтылды, – деді Ұлттық экономика министрлігі стратегиялық жоспарлау мен талдау департаменті директорының орынбасары Бауыржан Тұрлыбеков.

Сондай-ақ сырттан тауар, шикізат таситын немесе шетелдерде бизнес-әріптестері бар іскерлер Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттердегі елшіліктерінде сауда атташесін ұстау мәселесін алға тартты. Өйткені қазір Қазақстанның шетелдегі он шақты елшілігінде ғана сауда атташесі немесе кеңесшісі бар.

Сол сияқты жеңіл өнеркәсіп өкілдері де өз салаларындағы мәселелермен бөлісті. Осы уақытқа дейін шикізат көздерінің жеткілікті болғанына қарамастан, мата, ине, түймеге дейін сырттан тасымалданып келгені белгілі. Олардың айтуынша, қазір елімізде түйме, сырма сияқты жеңіл өнеркәсіптің керек-жарағын шығаратындар пайда бола бастаған. Бірақ осыған қарамастан, импорт алмастыру әлі де қиын. Елімізде бір тауар шығарылатын болса, неліктен міндетті түрде қымбатқа түсетінін өз мысалдарымен түсіндірген жеңіл өнеркәсіп иелері инфляция бұл салада капиталды сақтауға үлкен кедергі келтіріп отырғанын тарқатты. Сондықтан да олардың ойынша, қазір ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп саласында ақша  табуға мүмкіндік азайған. Тігіншілік кәсіпте ілгерілеу пайда болғанымен, тоқыма, мата шығару ісі тоқырап тұр.

Алматыдағы бизнес өкілдерімен өткен кездесу қордаланған мәселелерді ғана қозғап қойған жоқ. Мемлекеттік тіл мәселесін кезекті рет мінберге шығарды. Өйткені қазір шетелдермен байланыс жасап, өз отанында кәсібін жүргізіп отырған оралман қандастарымыз да жеткілікті. Олардың көпшілігі ұзын-сонар орыс тілінде баяндалатын спикерлердің сөздерін түсінбей уақытын өлтіріп отырады. Сондықтан да құжат рәсімдеу, несиелеу, табыс салығы, кедендік салықтар, заңнамалық өзгерістерді ана тілінде естімегеннен кейін, түсінбеген соң Қазақстанда бизнес жүргізуді қиямет-қайым көреді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ