Әдебиет • 28 Тамыз, 2018

Жан азабы

839 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сәбит Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында орналасқан «Анна Франк.Тарих тағылымы» атты көшпелі көрмеге келушілер қатары көп.

Жан азабы

 Жас буын қарасының молдығына қарағанда буы­ны қатпай жатып фашистік нацизмнің қудалауына ұшырап, азапты жылдарды бастан кешірген тұлымдының ауыр тағдыры бей-жай қалдырмаса керек. «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының өкілі Әйгерім Сейтенованың айтуынша, 60-тан астам мемлекеттің 12 миллионға жуық тұрғыны тамашалау мүмкіндігіне ие болған бірегей көрмені Қазақстанда ұйымдастыруға «Анна Франк» музей-үйі мен «Фридрих Эберт» қоры қолдау көрсетіпті.

Анна еврей отбасынан, Германияда туған. Гитлер үкімет басына келгеннен кейін әке-шешесі мен туған-туыстары нацистік қудалауға ұшырап, амалсыз Нидерландыға бас сауғалайды. Бірақ Еуропаны жаулап алған фашистік билік мұнда да тыныштық бермейді. Әулет мүшелері ажал тырнағына ілінбеудің амалдарын жасап, екі жыл бойы құрқылтайдың ұясындай баспанада жасырынып жүреді. Бірақ «алушыны аңдушы жеңеді» дегендей гестапоның қармағына түсіп, концлагерьлерге қамалады. Атан түйе көтере алмас небір қиындықтарға кезігеді. Бұл отбасыдан әкелері Отто Франк қана тірі қалады.

Еркіндік пен ізгіліктің, бейбітшілік пен достықтың символына айналған Аннаның жеке күнделігі айдай әлемге атын танытты десе де болады. Ондағы жазбаларда тұтас ұлт басына төнген нәубет, қайғылары мен зардаптары, Холокост құрбандары, нацизм жайлы шындықтар еш бүкпесіз баяндалады. Жас қыздың ішке бүккен жанайқайы ақ қағаз бетіне көз жасы сияқты төгіледі. Алғашқы күнделігін 13 жасқа толғанда жазып, соңғысын 1944 жылы аяқтаған. Тіпті роман жазуды да ойластырған деседі. Бірақ ол мақсатына жете алмаған. Әкесі 1963 жылы «Анна Франк» атындағы қор құрып, күнделік жазбалар алғаш рет оқырмандар қолына тиген. Әлемдік бестселлерге теңелген. Асыра айтылса да, он екіде бір гүлі ашылмаған қыздың қаны сорғалаған ақиқаттарды бүкпесіз айтуы талайлардың жүрегін ауыртқан тәрізді.

Көрмеге қойылған басқа да туындылар мен шығармалар, жәдігерлер мен экспонаттар сұрқия кезеңнің тілмен жеткізгісіз ауыр зардаптары туралы егжей-тегжейлі сыр шертеді.

Адами нормалармен еш сыйыспайтын жауыз­дық­­тарды әшкерелеуді, адам құқығы мен бостан­дығын, адамгершілік асыл қасиеттерді насихаттау­ды мақсат еткен көшпелі көрменің қазақстандық өскелең ұрпақ үшін тәлім-тәрбиесі зор екені анық.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

 

Соңғы жаңалықтар