Қазақстан • 28 Тамыз, 2018

Теміртауда балабақша тәрбиешісі баланы көрпемен тұншықтырып ұйықтатпақ болған

632 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Теміртаудағы балабақшаның бірінде 50 жас шамасындағы тәрбиеші жылаған баланы көрпемен тұншықтырып ұйықтатпақ болған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу істері жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Қарағанды облысы ІІД баспасөз қызметі.

Теміртауда балабақша тәрбиешісі баланы көрпемен тұншықтырып ұйықтатпақ болған

Тергеу барысында анықталғандай, оқиға биыл мамыр айында болғаны анықталды. Алайда, видео авторы оны әлеуметтік желіге тек 27 тамызда жүктеген. Ата-аналардың бірі балабақшаны видеодан бірден таныған. Оның айтуынша, ол Теміртау даңғылы, Комсомол, 97 мекен-жайы бойынша орналасқан «Домик» балабақшасы.

«Мен видеодан балабақшаны бірден таныдым. Видеоға түсіп қалған ұлымды көзім  шалды. Ол тәрбиешінің ерсі әрекетін бақылап жатты. Мен әйелді тани алдым, бірақ аты-жөні кім екенін білмеймін», дейді ол.

Теміртау білім беру орталығының жетекшісі Есентай Әшім бұл оқиғаны 2018 жылы мамыр айында Теміртауда болғанын растады.

«Балабақша тәрбиешісі жұмыстан босатылды. Бұл балабақша білім беру бөліміне кірмейді. Жеке меншік балабақша болғандықтан, біз олардың әрекеттерін қадағалай алмаймыз. Алайда балаларға деген мұндай әрекетіне бейжай қарауға болмайды. Соған сәйкес құқық қорғау органдары балабақшаны тексеріске алды», дейді Есентай Әшім.

Қазіргі таңда қаладағы барлық тәрбиешілермен кеңес өтіп жатыр. Жиынға ата-аналар да қатысты. Олар балабақшада болған оқиғаға қатысты мұндай істердің алдын алуды талап етті.

Деректерге сәйкес полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу істерін жүргізіп жатыр. Тергеу барысында тәрбиеші әйел қылмысын мойындады.