Қазақстан • 28 Тамыз, 2018

Исекешев: валидатордың жұмысын тұрақты қамтамасыз ете алмасаңыздар, адамдарды тегін тасымалдаңыздар

300 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әсет Исекешев қоғамдық көлік мәселелері туралы жиналыс өткізді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Исекешев: валидатордың жұмысын тұрақты қамтамасыз ете алмасаңыздар, адамдарды тегін тасымалдаңыздар

Жиында қала басшысы қала әкімі орынбасарының, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының, «Астана LRT» ЖШС мен астаналық автобус парктерінің жұмысын қатаң сынға алды.

«Барлық мәселелерді оқу жылы басталғанша шешу керек. Валидаторлардың жұмыс істемеуінен адамдар автобус күтіп тұрмауы керек», - деді Әсет Исекешев.

Елорда басшысы барлық валидаторлардың жұмысын реттеуді тапсырды. Ал олар істен шыққан жағдайда автобусты күттіріп қоймай, барлық жолаушылар тегін жүруі тиіс екенін айтты.

«Валидаторлар тұрақты жұмыс істемесе, жолаушыларды тегін тасыңдар», деді Әсет Исекешев.

Қала әкімі автобус қозғалысын бақылауға арналған GPS мониторингінің жұмыс істемейтінін, мұның жолаушыларға қолайсыздықтар тудыратынын атап өтті. Электрондық таблодан айырмашылық 3-5 минуттан аспауы керек.

Сондай-ақ, әкім «Астана LRT» ЖШС-ге тамыз айының соңына дейін жолақыны QR код, смартфон және интернет-банкинг арқылы төлеуге мүмкіндік беретін қосымша мүмкіндіктер әзірлеуді тапсырды. Өз кезегінде автопарк өкілдері электронды төлемді енгізу арқылы қаржы айналымының 30% артқанын, бұл қаражатқа қызмет көрсету сапасын жақсартып, біліктілігі жоғары жүргізушілерді көбейтетінін атап өтті.

Электронды төлемнің арқасында жүргізушілердің еңбекақысы 300-400 мың теңгеге дейін артқан. Сондай-ақ, автопарк басшылары қоғамдық көлікте билетсіз жолаушылардың саны артқанын, мәселені шешу үшін көліктік инспекция мен жергілікті полиция қызметінің көмекке келуін сұрады.