Тарих • 29 Тамыз, 2018

Сұлтан ОРАЗАЛЫ. Атом бомбасынан тығылған ел

809 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Шілде айы туысымен ел іші абыр-сабыр күйге түсті. «Бомба сынайды дейді...», «Ел көшеді дейді...». Соғыстан, түрлі кесапаттан зәрезап болған халықты үрей биледі. Қарадай үркіп, жылап жүргендер де бар. ​​​​​​

Сұлтан ОРАЗАЛЫ. Атом бомбасынан тығылған ел

Елдің алды болып Қайнар, Дегелең ауылдары тегіс Семей, Қарағанды жаққа көшіп кетіпті. Абай ауданымен іргелес жерлер бос қалып, кейбір ауылдарды тау ішіне жасырыпты. Таяуда бүкіл Абай ауданы да көшетін көрінеді. Ата-баба жерінен қайда көшеді? Неге көшеді? Не жазығы бар? Әзірше оған жауап жоқ. «Полигон, сынақ, атом бомбасы» деген жаңа сөздер құлақ сарсытады. Өздерінің еркінен тыс әлдебір тылсым күш билеп, санасын сарсытқан, панасыз, дәрменсіз жұрт ұйығып, не істерін білмей сасқалақтады.

Бір күні таңға жақын қалың ұйқыда жатқан біз шошып ояндық. Жер-көк дірілдеп, маңай гүрілдеген дыбысқа толып тұр. Есіміз шығып, далаға жүгіріп шықсақ, Аягөз жақтан жыланша шұбатылған, іркес-тіркес көп машина ағылып келеді. Алты дөңгелекті, арбиған ірі, көк машиналар. Артынан білдік, бұл соғыс кезінде Америка берген «Студебеккер» деген жүк машиналары екен. Олар тоқтаусыз ағылып, Қарауылды бетке алды. Мен жолдың жиегінде отырып санай бас­тадым. Бірақ алпыс, жетпісін ғана тізімдеп үлгердім де шатасып қалдым. Бұлар үш-төрт күннен соң үстіне шағын жүктері мен адамдарды тиеп кері қайтты. Осы екі аралықта біздің көшетініміз де айқындалды. Үрейлі жұртты қуантқаны: әр отбасының мүшесіне елу сомнан ақша беретін болыпты. Соғыс біткелі қолдарына көк тиын ұстап көрмеген колхозшылар үшін бұл нағыз байлық емес пе? Құдай сәтін салса, оған үстері азып-тозған бала-шағасына киім-кешек алуға жетіп қалмақ. Оның үстіне бұл көші-қон айналасы екі аптада аяқталып, жұрт қара орнына қайтып келмек. Сынақ сәтімен аяқталса, елімізге тісін қайрап отырған Американың жағы қарысып, дәрмені құриды. Соғыстың оты өшеді. Ал сол отты өшіретін мына біздің іргемізде сыналатын атом бомбасы болмақ. Оған қалай мақтанбасқа! Осындай жақсы хабарлар аңқау, ақпейіл жұртты сергітіп жіберді. Көшіп бара жатқан жұрт біздің ауылдың тұсынан өткенде әндетіп, қол бұлғап бара жатты. Бейне үлкен қуаныш, ұлы тойға бет алғандай. Қайран, жұртым-ай!

Екі-үш күннен кейін маңайындағы көрші-қолаңның және өздерінің азын-аулақ қой-ешкі, сиырларын айдап Қарауылдан атам келді. Аудан орталығынан бастап Шеттің бойы­на дейінгі Шыңғыстың бауырын жайлаған жұртты Қаратаудың қойнауындағы бір кезде Барақ сұлтан мекендеген Көксеңгірге көшіретін болыпты. Ал атамның үй-іші, бала-шағасы әне-міне дегенше келіп қалмақ, біз солармен бірге көшетін көрінеміз. Көксеңгір Сағадан Аягөзге қарай 40 шақырымдай жер. Малды бабымен айдасақ, бір түнеп жететін жол. Мен өзімнің бәсіре қара тайыма мініп, атаммен бірге мал айдасатын болдым. Дәл жүргелі жатқанда екі машинамен аудандағы туыстар да жетті. Біздің үйдің адамдарына да орын қалдырыпты. Әке-шешем тас түйін дайын отырған, көрпе-жас­тық пен киіз үйдің жабдығын тиеп, барлығы улап-шулап кете барды. Үй­дің сыртқы есігіне салатын құлып табылмай бұзаудың бас жібімен байлай салдық. Көшіп бара жатқандардың бәрі сөйтіпті. Бүкіл Қарауылдың үй­­­ле­­рі ашық-шашық бекітусіз қалса керек.

Атам екеуміз малды Шеттің бойы­на қарай Шыңғыстың бауырымен айдадық. Дала маужырап, төменгі Ақдалада сағым ойнап, алыстағы көгілдір белдеудегі Архат таулары біресе зорайып, біресе бұлдырап құбылады. Әрбір белді асқан сайын ескі қыстақтар кездеседі.

Біз ертеңінде түс ауа Көксеңгірге жеттік. Шалғын шөбі жайқалған кең алқапқа көптеген үйлер тігіліпті. Біз­­­­дің туыстар да оқшаулау жерге ұйыса орналасыпты. Абысынды Тәкеш, Кү­лән, Рысхайша, Лиза – Оразалының келіндері. Алды қырықтан жаңа асқан, арты әлі жиыр­маның ішіндегі келіншектер бізді көріп қатты қуанды.

Көксеңгірде он шақты күн отыр­дық. Тамыздың тамылжыған күндері еді. Бомба жарылады, алапат қаруды сынайды деген күпілдек әңгіме көп айтылғанмен, төтенше қауіп сезілген жоқ. Жұрт мамыражай, бір-біріне қыдырып, көптен көріспеген таныс­тар қонаққа шақырысып, кеш бата ән шырқалып у-ду болып жатты. Жастар алтыбақан құрып, ойын-сауық ұйымдастырды. Колхоздың ересек адамдары күндіз сай-сайдың шүйгін шөптерін шауып, қысқы қамдарын жасауда. Көксеңгірді жайлаған қалың ауылдың жан-жағы шұрқыраған жылқы, құжынаған ұсақ мал. Бір ауданның тігерге тұяғы түгел осында жиналған сияқты. Атам екеуміз айдап келген малды ауылдан ұзатып, бетегесі ұйысқан белдерге апарып бағамыз. Атам ұзақ жолдан шаршап келгендіктен бұл жұмыс менің мойнымда. Былтырғы қара тайым құнан шығып, жүні жылтырап, бойы сыланып, жүрісі ширап сыпсың қағады. Қыстай Қарауылда, оқуда болып, жазда келгенімде әбден сағынып қалыпты, бір апта жанымнан шықпай жүрді. Мені көрсе болды шұрқырап келіп, бетімді иіскейді. Қолымнан бір-екі түйір қант жеген соң өз жайы­на кетеді. Қазір Шыңғыстау мен Қоңыртаудың арасын қақ жарып ағатын Шет өзенінің Қоңыртау жақ беткейіндегі бір құйқалы сайға малымды байыздатып өзім көлденең жатқан адырға жортып шығып едім, көз алдыма ғажайып көрініс келді. Неткен сұлулық! Қиялым шалқып, өрекпіген көңілім саябыр тапқанша қара тайыммен (оны өмір бойы солай атадық) адырды қуалап жүйткітіп келемін. Бір бүйірде кейбір биіктері серейіп, қожыр-қожыр тастары қарауытып, бүк түскен алып арыс­тандай Шыңғыс тауы жатыр. Шеттің бастау көзі екі таудың арасындағы қайың мен теректің арасына кіріп жоғалыпты. Ал мен жүрген адырдан Қоңыртау басталады. Оның ар жағында ұшар басы ағараңдап, биік жотасы қылыштың қырындай болып Ақшатау тұр. Өлке жақтан самал есіп, гүлдің, шабылған шөптің, салқын топырақтың иісі бұрқырап кетті.

Кеш бата малды айдап үйге келсем, жұрт абыр-сабыр, көңілді екен. Көшке іліккен отбасының әр адамына бес жүз сомнан өтемақы төлеп, үкімет жарылқап тастапты. Бұрын қолдарында көк тиыны жоқ елге мынау дегеніңіз өлшеусіз байлық. Олар қолдарына тиген азын-аулақ ақшаларын қалай жұмсарын білмей әлек. Кейбір қолы ұзындары машина тауып, 60 шақырым жердегі Аягөзге тартып кетіпті. Бала-шағаларына киім-кешек алмақ. Кешкі асқа отырардың алдында Тәкеш тәтем (Оразалының үлкен ұлы Мұхамеджардың әйелі) қалжыңдаған болып:

– Апа-ау, көшіп келгелі бір апта болды, жұрт тегін олжаға кенеліп, қуанып, мал сойып жатқан көрінеді. Біз солардан қаламыз ба? – деді. Оны басқа келіндері де қоштай жөнелді.

– Көптен бері басымыз бұлай қосылған жоқ. Балалар да қызылсырап жүр, – деді Күлән тәтем ақырын ғана.

Бұндайда келіннен гөрі жиендігін алға тарта сөйлейтін Рысхайша тәтем жадырай күліп, атама қарата:

– Нағашы-ау, бір табын мал айдап жүрсіз, бала-шағаның амандығына бір тоқтыны атамайсыз ба, – деді еркелеп. Лиза тәтем абысындарының сөзін қоштағандай, жымиып күле береді.

– Әй, шал, мына келіндерің жамы­рап кетті ғой, – деді апам. – Балалар болса ойда-қырда жүр. Ана Мұха­мед­­жар жаратын пәленің жанында қа­лып­ты дейді. Өзіміз жол айрықта отыр­мыз. Сой, бір малыңды! Бата жаса!

Атам түк естімегендей, біраз үнсіз отырды да мені ертіп далаға шықты. Күйсеп жатқан малды аралап арасынан бір қойды көрсетті. Бұрыннан ойластырған шаруасы сияқты.

– Ананы ұстап, үйге алып жүр! Қойды артқы сирағынан сүйреп үйге кіргіздім.

– Ержетіп қалдың. Мал союды үйрен, – деді атам қынабындағы өткір пышағын маған беріп. Өзі жүрелей отырып әлденені ұзақ күбірледі. Содан кейін даусын шығарып:

– Аштықта да, тоқтықта да тірені­шім болған ақ адал малым едің. Ұрпа­ғым өзегі талғанда сүтіңді ішіп, көңілі толғанда етіңді жеп, суыққа тоң­ғанда теріңді жамылып бүгінгі күнге жетті. Аштық жайлаған зұлмат күндері, Көшкінбай бейітінің түбінде екі керегенің астында жапа шегіп жатқанымда сенің енеңнің сүті бізді аштан өлтірмей талшық болған. Мен де сенің ұрпағыңды өсірдім, тұқымың үзілген жоқ. Енді, міне, тағы да көш­­­­­кін­ге ұшырадық. Аяғы қайырлы, елім, бала-шағам аман болсын деп сені құр­бандыққа шалдым, – деп бетін сипады. Келіндері аузын басып, тұншыға күлді.

– Апырай, атамызға не болған. Адам қойға да құран оқи ма екен? – десті...

Қара орманға қайта көшу қиын болған жоқ. Жүзге жуық әскери машиналар қаптап келіп, бір-ақ күнде әркімді өз қонысына ала жөнелді.

Біз Сағаға қайтып келсек, үйіміз сол қалпы, есікті байлаған жібіміз де шешілмепті. Бірақ маңайымыз өзгеріп кеткен. Сояу-сояу арам шөп, ұйысқан алабота қаптаған. Бұрын көрінбеп еді, бір сарыала қаншық пайда болыпты. Шамасы аудан жақтан қаңғып келсе керек. Таңырқағанымыз: әлгі иттің жүні жидіп түсіп, қыр арқасы таз болып қалған. Ол көп ұзамай өлді. Күн райы да өзгеріпті. Қарауыл жақ бұлыңғыр сұр тұманға бөгіп, бұрын жарқырап тұрған даланың еңсесі түсіп, бозарып кеткен сияқты. Бомба сыналыпты. Керемет! Енді америкалықтар біздің бетімізге де қарай алмайды. Кеңес Одағы атом бомбасы бар қуатты елге айналды. Біз әлемдегі ең күшті елміз. Ура! Бірақ көп ұзамай Қайнар, Дегелең, Саржал жақтан түрлі қауесет тарай бастады. Адамдар белгісіз ауруға шалдыққан. Аң-құс қырылып жатыр. Енді апта сайын елді көшірмей-ақ бомбаны жара беретін болыпты. Көшіру керек, бірақ ақша жоқ. Сондықтан осы өңір­дің тұрғындары құрбандыққа (спи­саниеге) шалыныпты. Бүкіл Ке­ңес халқының бақыты үшін ол түк те емес.

Тамыз айы аяқталуға таяп қалған. Дала жым-жырт. Күн маужырап тұр­ған. Бір кезде аудан жақтан көкжи­екті кернеген қызғылт бұлт пайда болды. Бұл не? Табиғи бұлтқа ұқсамайды. Күн желсіз, ауа тымырсық болса да әлгі бұлт бізге қарай жылжып келеді. Бір кезде жаныма әдемі көбелек келіп қонды. Екіншісі... үшіншісі... Маңайым түрлі-түсті көбелекке толып кетті. Келіп жатыр, келіп жатыр. Ішінде бұрын-соңды көрмеген ірілері, ақ, сары, қызғылт, қоңыр түстілері, қанаттары сан түрлі ою-өрнектен тұратын әдемілері көз жауын алады. Бұлттай қаптап ұшып келген олар жер бетін жауып кетті. Сағаның бойы кілем жайғандай жайнап тұр. Үлкендер жағасын ұстап, бұрын-соңды мұндайды көрмегендерін айтады. Көксеңгірге көшерден бұрын біздің үйдің кенересіне қарлығаштар ұя салатын. Олар шыбын-шіркей, тіпті, көбелектерді де аулап, балапандарын асырайтын. Қазір ол ұя да қаңырап қалып, кешеден бері көбелектер жау­лап алды. Қарлығаштар біз көшіп келге­лі көрінген емес. Далада торғай да жоқ. Бәрі безіп кеткен сияқты. Бомба сыналған күннің ертеңінде-ақ көбелектер көшкіні басталған. Шыңғыстың сай-саласын жаздай гуілдетіп, думандатып жататын бейкүнә жәндіктер іргеден төнген сұмдықтан құтылу үшін бас қосып, бұлт болып ұшыпты. Келесі күні таңертең тұрсам, маңайда бірде-бір көбелек жоқ. Кешегі түрлі-түсті көбелекпен нұр жайнаған дала сұп-сұр. Бізді таңғалдырған сұлулық көзден ғайып болыпты. «Олар бұл жердің де қоныс болмайтынын сезіп, Тарбағатай жақты бетке алып, зұл­маттан қашса керек» десті білетіндер. Содан Құндыздының көгілдір өлке­сінде құс та сайрамайтын болды, көбелек те көп уақыт көрінбей кетті...

Туысқандар Қарауылдағы үйле­ріне аман-сау жетіпті. Дүние-мүлік­тері орнында көрінеді. Үлкен аға (Мұхамеджар) да аман, бірақ ептеп басы айнала беретін сияқты. Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатынасып, фашистерді Берлинде талқандаған соң капитан Оразалин Мұхамеджар жапон самурайларымен соғысқа аттанады. Атам айтқандай, «бір Құдайдың қолдауымен» ол тозақтан да аман қайтты. Соғыстан соң азып-тозған «Жүрекадыр» колхозын басқарып, елінің еңсесін көтереді. Бұл еңбегі үшін майданда алған көптеген марапаттарына Ленин ордені қосылды. Ал мына сынақ кезінде әскерилерге осындай сенімді адамдар қажет болыпты. Әрі коммунист, әрі жауынгер, денсаулығы шымыр, елуге де толмаған қайратты жігіт ағасын Қарауылдағы мұнай базасына әдейі қалдырыпты. Әскери машиналар мен тікұшақтарға жанармай бересің әрі иесіз қалған Қарауыл кентін күзетесің деп жақауратады. Бірақ оның сырын кейін білдік қой, түпкі мақсаттары басқа екен. Үлкен ағам от пен оқтың астынан шыққан жауынгер емес пе, мына беймәлім тозақта да сөз айтпай қала беріпті.

– Ел көшіп кеткен соң жалғыз өзім отыр едім, – дейді Үлкен аға, – жаныма әскери тікұшақ келіп қонды. Бес-алты адам екен. Көпшілігі полковник шеніндегі офицерлер, бір-екі солдат та бар. Олар мұнай базасын түгел аралап көрген соң, менің қолымды қысып, сынақ болған кезде ештеңеден қорықпай-ақ ашық алаңда жүре беруге болады деді. Сынақтан соң өздерінің келетінін айтты. Олар ұшып кеткен соң бағанаға ілінген жарғақ қара табақ радионы тыңдаудан жалығып, керосин құйылған үлкен бөшкенің көлеңкесінде ептеп мызғып алмақ болдым. Ұйықтап кетіппін. Бір кезде қалың өрттің ортасында жатқандай түс көріп, шошып оянсам, маңайым ойран-топыр, қара дауыл соғып тұр. Жарты сағат бұрын ғана дала тып-тыныш, желсіз мүлгіп тұр емес пе еді? Не болды?

Жүгіріп ашық алаңға шығып Дегелең жаққа көз салсам, аспанда алып саңырауқұлақ ілініп қалыпты. Ол біртіндеп сейіле бастағанда ғана жер дүниені сілкінтіп гүрс еткен дыбыс жетті. Мен жалма-жан жаңағы жатқан орныма бардым. Қара дауыл басылды. Аспан мұнартып кетті. Көп ұзамай басым айналып, құса бастадым. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде әскери тікұшақ келіп қонды. Ішіндегі адамдар бастарына шлем киіп, алды-артына қорғасыннан жасалған алжапқыш тағынып алыпты. Олар менің жағдайымды көрді де үлкен стақанға арақ құйып ішкізді. Содан кейін тікұшаққа салып тау ішіне алып кетті. Терең бір сайда қарақұ­рым адам жиналыпты. Ішінде өзім тани­тындар да бар. Бірі қойшы, бірі жүргізуші, бірі мен сияқты күзетші екен. Жастары өзім құралыптас қырық шақты адамды бір жерге жинап, дәрігер­лер қарай бастады. Әлі де естерін жинай алмай жатқандары бар. Сол жерде кеш батқанша болып, жағдайымыз түзелген соң келген жағымызға қайттық.

Үлкен ағамның айтуынша, адам­ның сай-сүйегін сырқыратып, үрейін ұшыратын оқиға – иесіз қалған кенттің иесіз қалған иттерінің сол күнгі түнде бірігіп Дегелең жаққа қарап ұзақ ұлығаны екен. Мұндай сұмдықты ол соғыста да көрмепті. Бір нәубеттің төніп келе жатқанын иттер де сезсе керек. Кейіннен бомба жарылған кезде ит атаулының зәресі ұшып, қаңқылдап, қуыстан-қуысқа тығылғанын мен өзім де талай көрдім.

Сөйтіп бұл көштен аман оралдық. Әзірше басымыз түгел. Алда не болады? Іргеміздегі мына аждаһа қанша адамның басын жұтады? Ол бізге беймәлім...

Көп жылдар өткен соң ғана білдік. Әскерилер осы өңірдің қырық жігітін таңдап алып, әртүрлі сылтау айтып, сынақ аймағында ұстапты. Атом сәулелерінің адам ағзасына қалай әсер ететінін білгілері келіпті. Менің Үлкен ағам солардың бірі екен. Шыңғыстың сайында жиналған дендері сау қырық азаматтың тең жартысы алғашқы 4-5 жылда-ақ ақ қан мен обырдан қаза тауып, қалғандары кейінірек, бірақ бәрі де сол екі аурудан көз жұмған. Үлкен ағам тоқсанға таяп дүниеден өтті. Қарт жауынгерді, тіпті, атом сәулелерінің жеңе алмаған себебі, өзі айтқандай: кәресін құйылған қара бөшке екен. Әскерилердің айтқанын орындамай, соның артында жатқандықтан радиациядан аман қалыпты...

 

Сұлтан ОРАЗАЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері