Руханият • 29 Тамыз, 2018

Марат ӘБДЕШҰЛЫ. Кісіліктің кілті

639 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі мемлекеттік қызмет саласына енген меритократия қағидаты, яғни, қабілетті маманды сатылап өсіру саясаты кеңестер кезінде де елеулі жүйе ретінде қалыптасқаны баршаға белгілі. Сол заманда жоғары білім алып, еңбекке жаңа араласқан біздің буын үшін осындай өзінің кәсіби шеберлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, кісілік келбетімен ерекшеленіп, қатардағы маманнан бастап, қабырғалы басшыға дейін көтерілген алдыңғы буын ағаларымыздың қызмет жолына қызыға қарап, олардың өмірлік тәжірибелерінен өнеге алатын едік.

Марат ӘБДЕШҰЛЫ. Кісіліктің кілті

Осындай лауазымның ең төмен­гі тепкішегінен жоғары баспал­дағына дейін өзінің адал еңбегімен, табиғи талантымен, адамгершілік қасиетімен көтеріл­ген азаматтардың бірі Жамбыл облысында ұзақ жылдар жауапты қызметтер атқарып, бүгінде зейнетке шықса да ел-жұрт­тың ақылдасар ардагері атанған Оңласын Есіркеповті айтар едім.

Оңласын Қарабайұлы Ұлы Отан соғысының ең бір сұрапыл да күрделі кезеңі 1943 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Көктал ауылында дүниеге келген. Есіркеп атамыз бен Мейізгүл апамыз соғыс аяқталып, әлі де ел оңалып, ақжарылқап күн туар деген ілгері үмітпен нәрес­те­нің атын Оңласын қойған екен. Соғыс­­т­ан кейінгі елдің еңсе түзеуі де оңай болмағаны тарих­­тан бел­гілі. Сондай қиын-қыс­тау кезең­де Оңласын ағамыз бала­лы­ғына қара­май үлкендермен бірге шаруа­­­ш­ы­­лықтың ауыр жұмысы­на жегілді. Бұғанасы бекімей тұрып арба айдап, тырма салды, шөп тасыды. Бірақ қай кезде де көп оқып, терең білім алып, өзі қала­ған мамандығының биігіне көтеріл­сем деген арманынан еш­қашан айнымады. Еңбекке деген ынтасы қандай болса, оқуға деген құш­тарлығы сондай ерекше еді. Алғаш ауылда бастауыш мектепті бастап, кейіннен Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов, Мырзатай Жолдасбеков сияқты тұлғалар түлеп ұшқан об­лыс орта­лы­ғындағы Жамбыл атын­дағы қазақ орта мектебінде тәлім алады. Одан әрі оқуға деген құштар­лық студенттік жылдар­ға ұласып, 1970 жылы Жамбыл Жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында инженер-экономист мамандығына ие болып, 1975 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітіреді.

Енді әңгіме кейіпкерінің сатылап өсу жолына көз жүгіртсек. Оңласын Қарабайұлы 1961 жылы бастауыш мектепте мұғалім болып бастап, әскер қатарында қыз­мет етті. Институтты бітіргеннен кейін 1971 жылға дейін Жамбыл педа­го­гикалық институтында ком­сомол комитетінің хатшысы, 1973 жылға дейін Жамбыл қала­лық комсомол комитетінің бірін­ші хатшысы, 1977 жылға дейін Жамбыл қант зауыты пар­тия бюросының хатшысы, Жам­был қаласындағы Зауыт аудан­­дық халықтық бақылау коми­теті­нің төрағасы, 1990 жылға дейін Жам­был қалалық партия коми­теті ұйымдастыру бөлімінің мең­герушісі, 1993-1996 жылдары Жамбыл облысы мүлік жөніндегі аумақ­тық комитеті төрағасының орын­басары, төрағасы-облыс әкімі­нің орынбасары қызметін ат­қар­ды. Одан кейін Жамбыл облысы әкімі аппаратының жетек­шісі, Таби­ғи монополия­ларды рет­теу және бәсекені қорғау жөнін­­­­дегі агент­тіктің Жамбыл облысы бо­йын­­ша департамент директоры қыз­­­­метін атқарды. Осылайша Оң­ла­­сын Қарабайұлының қысқа­ша еңбек жолына жіті назар аудар­сақ ол кісі өзінің көп жылдарын пар­тия-ұйымдастырушылық жұ­мы­сына арнағанын, яғни ұзақ жыл­дар бойы халықпен қоян-қол­тық қызмет атқарғанын анық көреміз.

Көз көрген кісілер Оңласын ағаның әртүрлі деңгейдегі билік­тің тізгініне ие болуына баста­ған алғашқы қадамы Жамбыл технологиялық институтының экономика факультетінің студенті кезінде оқу орынының комсомол комитетінің хатшылығына сайлануынан басталғанын айтады. Ол кезде небәрі 22 жаста екен, Солтүстік әскери теңіз флотында азамат­тық борышын өтеп қайт­қан жас коммуниске жауапты мін­дет жүктеліп, 300 студентке бас болып, жаздай Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарында мал­шы­ларға үй тұрғызып, қоралар салады. Жас азаматтың ұйым­дас­тыру­ш­ылық қабілеті, шешімтал­дық қа­сиеті жайында ақпарат құрал­­дары арқылы аудан, облыс басшы­лары­ның назарына іліге бастайды.

Оқырманға түсінікті болу үшін Оңласын ағаның шешімтал­дығы мен талапшылдығы туралы мысал келтіре кетсек. Кеңес Одағы билігінің нағыз салтанат құрып тұрған 1981 жылы Жамбылдағы суперфосфат зауытында апат орын алып, қазан­дық жарылады. Адам шығыны болмағаны­мен, мемле­кет бюд­жетіне едәуір нұқсан келті­реді. Сол кезде Зауыт аудандық халық­тық бақылау комитетінің төрағасы болып қызмет атқара­тын Оңласын Есіркепов шұғыл комиссия құрып, апаттың себе­бі мен салдарын анықтатады. Комис­­­сия қорытындысы бойын­ша өз ісіне салғырт қараған қыз­мет­керлерге қатаң сөгіс жариялатады. Оның ішінде, түкірігі жерге түс­пей жүрген зауыт директоры Г.Маймурды екі айлық жал­а­қысынан айыру туралы шешім шы­ғартады. Оңкеңнің мұн­дай шешіміне ертеңінде-ақ қала­лық партия комитетінің бірін­ші хатшысы, обком бюросы­ның мүшесі В.Банников қарсы шығып, КПСС ХХVI съезінің делегатын жазалауға кім сізге құқық берді. Шешіміңізді бүгін өзгертіңіз деген талап қояды. Өз шешімінің дұрыстығын білетін Оңласын аға алдағы аяқтан шалу әрекеттері болуы мүмкін екеніне қарамастан үзілді-кесілді бас тартады. «Кешіріңіз, шешімімді өзгертпеймін. Съездің делегаты болу зауыт директоры Маймур жолдасқа қауіпсіздік техникасын сақтауға жүрдім-бардым қарауға, адамдардың өміріне қауіп туды­руға, мемлекетті қыруар шығын­ға ұшыратуға құқық бермейді. Уәжіме келіспесеңіз, қолыңызда тұр ғой, мәселемді бюроға салы­ңыз», дейді ашығын айтып.

Тағы бір мысал. 2004 жылы наурыз айында облыс әкімді­гінде энергетика және комму­нал­дық шаруашылықтың өзекті мәселелері талқыланған кеңес өтеді. Облыс басшысы орынбасарлары ұсынған нақты емес анық­тамаға сілтеме жасап, кейін­гі кездері табиғи монополиялар­ды реттеу департаменті Тараз қала­сында коммуналдық қыз­мет­тердің бағаларын көтеріп жібергені туралы ақпаратты жария­лай­ды. Көпе-көрінеу қысастыққа шыдай алмаған О.Есіркепов орнынан атып тұрып ақпараттың шын­дыққа жанаспайтынын айтады. Сондай-ақ өзінің наразы­лығын нақты фактілермен дәлел­деп береді. Табиғи газдың бір текше метрі Таразда 7 теңге 35 тиын болса, Алматыда 17 теңге 78 тиын, Шымкентте 11 теңге, ал ауызсудың бір текше метрі Таразда Шымкенттегіден 10 теңгеге, Қызылордадағыдан 5 теңге 32 тиынға арзан, олай болса тарифті көтерді деуге ешқандай негіз жоқ екенін, коммуналдық қызметтердің тарифтері басқа облыстармен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін бұлтарт­пайтын құжаттармен айғақ­­­тап, алдағы уақытта да тарифтің көтеріл­­­мейтінін нығыздап айтады. Оңкең­нің осы пікірі арқылы да оның халықтың тұрмыстық ауыртпалығын жеңілдетуге сеп­тігін тигізуге бағытталған азамат­тық ұстанымын көруге болады.

Оңласын Қарабайұлы­мен қызметтес болып, білікті ұйымдастырушы, ұстаз-аға­дан мемлекеттік қызметтің қыр-сырын үйрену кезеңі белгілі мемлекет және қоғам қайрат­кері Сарыбай Қалмырзаевтың Жамбыл облысына әкімі болып келген жылдармен тұспа-тұс келді. Облыс әкімі өзінің бірінші өкімімен Оңласын Қарабайұлын аппарат басшысы қызметіне тағайындаған еді. Оңласын аға сол жылдары қызметін барынша жоғары жауапкершілікпен атқарып, іскерлік, ұйымдастыру­шылық қабілетін ерекше жаңа қырынан көрсетті деуге болады. Аталған жылдары мен әріптес бола жүріп оған көзімнің жан-жақты жеткенін де айтып өту парызым деп санаймын.

Облыстың 1998-2000 жыл­дар­ға арналған стратегиялық даму жоспары мен 1998 жылы облыста экономикалық реформаларды тереңдетудің іс-қимыл бағдарламасының жобасымен тарау-тарау бойынша күн сайын егжей-тегжейлі танысу, жаңа өн­діріс орындарын ашу үшін инвестиция тарту сияқты қыруар жұ­мыс­тар алда күтіп тұр. Міне, осын­дай орасан жұмыстарды Оң­ла­сын Қарабайұлы күн-түн демей, жос­парлап, қабылданған ше­шім­дер­дің орындалуын бақы­лауға алды.

Шағын және орта кәсіпкер­лік 1998 жылы 14 мың адамды жұмыспен қамтып өнеркәсіп саласында 17 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Облыста 46 кәсіпорын, облыс орталығындағы үш химия зауыты қайта іске қосылды. Аманкелді газ-кен орнын пайдалану әкімнің бақы­лауында тұрды. 1997 жылмен салыстырғанда мал басы тұрақ­ты деңгейде сақталып, ет пен сүт 6-18 пайызға көбейді. Қант қызыл­шасының, картоптың, көкөніс­тің егіс көлемі ұлғайтылды. Ас­тық­тың жалпы түсімі көбейді. Сонымен облыс сол кезеңде рес­пуб­ликамыздағы орын алған қиын-қыстау жағдайда азық-түлігі ең арзан өңірге айналды. Бұл жетістіктерге әлбетте, әкім жол көрсеткен шаруаның сапалы әрі уақтылы атқарылуын бақы­лауда ұстап отырған әкім ап­паратының жетекшісі Оңласын Қарабайұлының да сіңірген еңбегі зор еді. Аппарат басшысы аудан, қала әкімдеріне, облыстық жетекші құрылымдардың бас­шылығына талантты кадрлар таңдаудағы үлесі де облыстың табысқа жетуіне ықпал еткен еді. О.Есіркепов бүгінде респуб­ликадағы жоғары лауазымдарда абыроймен қызмет атқарып жүрген бірқатар шәкірт­терімен де мақтаныш тұтады.

Оңласын аға қоғамдық-саяси жұмыста да талантты ұйым­дастырушы екенін көрсете білді. «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес­тің, партиялық бақылау комис­сия­сының төрағалары қызметтерін абыроймен атқарып, Елбасының Алғыс хатын алып, саяси билік партиясының «Белсенді қызметі үшін» белгісін кеудесіне тақты. Атап өтер жайт, зейнет демалысына шықса да ол талай жыл бас­қар­ған мемлекеттік мекемелер қыз­мет­керлерінің облыстық кәсіп­одақ ұйымының іс тәжірибесі кезін­де ТМД ел­дері кәсіподақтары кеңес­тері ода­ғы­ның мүшелеріне тара­тыл­ды. Халықаралық кәсіподақ феде­­­р­а­циясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталуы да осының айқын айғағы. Елба­сы­ның Жарлығымен Оңласын Қар­абай­ұлы «Құрмет» орденін иеленді.

Қазіргі таңда Оңласын Қарабай­ұлы Елбасының рухани жаңғыру бағыты аясында ұлт тарихын ұрпақ санасына сіңіруге мол үлес қосып келеді. Қазақ тарихын­дағы даңқ­ты тұлғалар қойылған орын­дарға кесене тұрғызып, ескерт­кіш орна­туға күш-жігерін салуда, ата-баба аруағын сыйлаған перзент ретінде халықтың алғысын алып жүр. Ол кісі бүгінде Шымыр ата, Байзақ дат­қа қорларының төрағасы, Тараз қаласының және Байзақ ауданының Құрметті азаматы.

Отан отбасынан басталады, демекші Оңласын Қарабайұлы ел-жұрттың қамын ойлай жүріп, өзі көтерген шаңырақта бірлік пен ынтымақтың, ізгіліктің орнауына ерекше мән беріп келеді. Қазіргі уақытта құдай қосқан жары Бибісара апайымызбен бірге берекесі ұйыған әулеттің ырыс-бақытын асырып, өңірдің абыройлы ардагері, өнегелі үлкені ретінде жастарға үлгі көрсетіп келеді.

Марат ӘБДЕШҰЛЫ