Технологиялық төңкерістер тез арада өмірімізге дендеп еніп, техника дегеніңіз көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманда ғалымдар айтқан сөзге иланбасқа шара кем. Бұл құбылыстардың өзі о бастан адами ресурсты неғұрлым аз қолданып, жұмысты жеңілдетуге бағытталғанын білеміз. Бірақ осындай мінәйі себеп адамзатты жұмыссыз қалдыратын түрі бар. Ойласаңыз, зәреңіз зәр түбіне кетердей. Алдымыздан тағы да мәңгілік сұрақ шығады: не істемек керек?
Қалған күнде қалай қимылдамағымызды қазақ бірауыз сөзбен түйіндепті. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал». Яки енді әрекет «заманына қарай амалы» ұстанымымен дамуы қажет. Басқа жол жоқ. Бұл не бағыт? Өскелең ұрпақты, әр үйдің үкілі үмітін дәстүрлі кәсіптерге емес, қоғамға қажетті, өркениет көшіне ілесе алатын, сұраныстан жоғалып кетпейтін мамандықтарға баулып, майталман етіп тәрбиелеу. Әгәрәки, басқа ойыңыз болса, қарсы уәж айтуға мархабат. Дегенмен бүгінгінің білгірлері осы тоқтамға табан тіреп отыр.
Жаңа заманның талабы қатал. Тәртібі де басқа. Ер болсаңыз, бәсекелестікке төтеп бересіз. Ілесе алмай, екі өкпең алқынып, ентігіп қалсаң, өзіңе ғана өкпелеуге хақың бар. Уақыт – сүрініп кеткенде қолтығыңнан демеп, сүйеп жіберетін әкең емес. Талапқа сай болмасаң, кірпігін де қақпай қасыңнан зыр етіп өте шығады. Маңдайыңнан сипамайды. Арқаңнан қақпайды. Ақылын айтпайды. Мына ақиқатты мойындайсыз ғой: біздің қоғамда адасып жүрген адам көп. Оқығаны бөлек, жұмысы мүлде басқа мамандар жайлы айтып отырмыз. Сонда төрт жыл уақытын сарп етіп неге білім алды? Зая кеткен уақытты есепке алмағанда, оның оқуы үшін мемлекеттен бөлінген қаржы құмға сіңген судай жоқ болды деген сөз емес пе? Біле-білгенге, бұл жүйесіздіктің, адамдардың өз болашағына немқұрайлы қарайтындығының, табақтай дипломды жан қалтаға басуды ғана мұрат еткен бағдарсыздықтың белгісі. Сондықтан бізге заманнан оза жүруге, алдын орап отыруға тура келеді. Ұзақмерзімді басымдықты көздеп, жоспарлы, жүйелі жұмыс істеп, мақсатты еңбек ету арқылы ғана ұшпаққа шыға аламыз. Бұл үшін баланы жастайынан қажетті мамандықтарға тәрбиелеуді мақсат етіп қойғанымыз абзал. Яғни өзгерісті өзімізден бастауымыз керек. «Өзің өзгермей өмірді өзгертемін деген бос әурешілік» тәмсілі сөзіміздің мәнін толықтай ашатын шығар.
Қайбір күні Қызылорда облысында ұстаздардың Тамыз кеңесі өтті. Осы мәслихат үстінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев білім саласындағы жаңару мен жаңғыруға қатысты тың ой, жаңа бағыт ұсынды. Енді осы мәселеге қарай ойыссақ.
Адам капиталы басқа құндылықтардың бәрінен де бағалы екені – аксиома. Ауыз ауыртып дәлелдеп жату артық дүние. Адам – өмір дамуының негізгі қозғаушы күші. Адам болмаса, басқа бар байлықтың құны көк тиын. Әрі-беріден соң, мұнайың таусылар, алтының сарқылар, басқа да қазба байлықтардың түбі көрінер күн болады. Ал адами капитал, ең алдымен білім беру арқылы қалыптаспақ. Сондықтан бұл саланы әлеуметтік қамсыздандыру, зейнетақы жүйесі, мемлекеттік басқару, қорғаныс және қауіпсіздік сияқты шығынды көп талап ететін салалармен бір қатарға қоймай, керісінше, мол қосымша құн қалыптастыратын инвестициялық сала ретінде қарау қажет. Жұмысты осыдан бастасақ, ұтысқа шығарымыз анық. Әзірге олай болмаған соң, олақ мамандарды даярлаумен ғана отырмыз.
– Былтыр дамушы елдерде, соның ішінде Қазақстанда жұмыс істейтін инвесторлар арасында жүргізілген сауалнама қорытындылары жарияланды. «Қазақстанда жұмыс істеуге кедергі болатын басты фактор не?» деген сұраққа инвесторлар «жергілікті мамандар біліктілігінің төмендігі» деп жауап берген. Бұл фактордың кері ықпалы аталған сауалнамада сыбайлас жемқорлықтан да асып түскен, – деген мысал келтірді Қырымбек Көшербаев. Білімі төмен, білігі нашар маманды кім қажет қылады? Ең қынжылтатыны, мұндай үрдістің жастар арасында да белең алып бара жатқаны. Ал оның соңы жұмыссыздыққа әкеледі. Жұмыссыз жастардың қандай әрекетке барғанын кешегі Денис Теннің қазасынан анық көрдік.
«Бұған дейінгі индустриалды замандағы білім берудің басты міндеті – жаппай сауаттылыққа қол жеткізу болатын. Сондықтан мектеп балаларды топ-топқа бөліп, бәріне ортақ талап қоятын конвейер үлгісімен жасалды. Қазіргі мақсат ондай емес. Бүгінгі балалардың дені мектепке сауат ашып, яғни әріп танып, санауды біліп келеді. Қазіргі міндет – әр баланың жеке қабілетін, қажеттілігін, мүмкіндігін ескере отырып оқыту. Оны «персонализация» дейді. Бұл міндетті шешу үшін мұғалімдердің санын күрт көбейту керек, ал бұл мүмкін емес. Оның жалғыз ғана баламасы – әр балаға бейімделіп жұмыс істейтін ақпараттық технологияларды дамыту. Сондықтан түрлі жаңа форматтағы заманауи көзқарастағы кадрлар қажет. Бізге сол міндеттерді орындай алатын, жаңаша шешім қабылдайтын озық ойлы және креативті адамдар болу керек», деді Қ.Көшербаев.
Әрине мұндай талапқа бірден сай болу қиын. Оның үстіне технологияларды енгізу және пайдалануға, мектептердегі оқу бағдарламасына кірмейтін ғылым саласында таланттарды анықтау мен қолдауға қажетті инфрақұрылым жетіспейтіні анық. Тіпті жоқтың қасы деуге де болады. Өңір басшысы бұл тұрғыда Ресейдің «Кванториум» тәжірибесі қызықтыратынын айтты. Бұл жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған және жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлау, инновациялық технологиялар мен идеяларды дамыту, тестілеу және енгізу мақсатында құрылған балалар технопарктері. Мұны Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған балалар технопарктерін және бизнестің желісін құру жөніндегі міндеттер аясында іске асыруға болады. Бұл үшін дарынды, ізденімпаз жастарға жаңа өнім жасауына қолайлы кеңістік құру қажеттігін де жеткізді облыс басшысы.
Білім саласындағы тағы бір проблема – жастардың елдегі білім беру сапасына көңілі толмай, сыртқа ағылуы. Кейбір деректерге сүйенсек, 75 мың қазақстандық жас Ресейде білім алып жатыр екен. Оның сыртында тағы 130 мың студент түрлі бағдарламалар мен ақылы негізде шет елдерде оқиды. Ал енді осы балалар оқуын тәмамдағаннан кейін елге қайтып орала ма? Сыртта жиған білімін ел дамуына жұмсай ма? Бұл үлкен сұрақ. Көптеген жастың шет елдерде қалып қойып жатқанын күнделікті өмірдегі мысалдар мен ақпарат құралдарынан біліп, көріп отырмыз.
«Біздің дарынды балаларымызды алып кетіп, өздерінде қалдыру үшін басқа облыстар ғана емес, басқа елдердің де таласы бар. Қазір қабілетті жастардың алдында шексіз мүмкіндіктер ашылды. Біз оны жасанды түрде шектей алмаймыз. Оларды алып қалу үшін оңтайлы жағдай жасаудан басқа амал жоқ. Яғни мектеп те, колледж де, университет те барымен тұйықталмай, әлемде бар білім мен жаңалықты алып келіп, оқушыларға ашып беруге міндетті. Бұған тағы да қазіргі технологиялар жақсы мүмкіндік береді. Біздің оқу орындарымыз осыны жасап жатыр ма?! Бұл да күмәнді. Бүгінде біз жол беріп жатқан кемшіліктің бірі осы. Мұның себебі, біздің білім беру жүйесінің жаңа заман талабына сай әлі де жетілмегендігінде және біздің бұл мәселеге әлі де дендей алмағанымызда», дейді Қ.Көшербаев. Барлық білім ошақтары өзінің жұмысын жаңаша құрып, заман талабына ілесіп, қажетті дүниелермен оң-солын қамтымаса, біз мықты маман даярлап шығара алмаймыз. Мойындауға тиіс ақиқат осы.
Қырымбек Елеуұлы осы ретте білім саласын жетілдіруге қатысты ресейлік ғалымдардың зерттеулерін мысалға келтірді. Ресейдің стратегиялық зерттеулер орталығы мен Жоғары экономика мектебінің мамандары адам капиталын дамытуға қатысты он ұсыныс әзірлепті. Енді соларды назарларыңызға ұсынайық. Біріншіден, балаларды ерте жастан дамытуға жағдай жасалуы тиіс. 1-3 жас аралығында ата-ана мен тәрбиешілер жеткіншек санасының қалыптасу ерекшеліктерін ескере отырып, бала дамуына қажетті барлық жағдай жасауға міндетті. Екіншіден, цифрлы дәуір мектебін құру қажет. Яғни қазіргі ақпараттық технологиялар мен білім беру мақсаттарын ұштастыру арқылы әр баланың сапалы білім алуына жағдай жасалуы тиіс. Үшіншіден, мектептердің материалдық инфрақұрылымын күшейту керек. Яки мектеп ғимараты, сыныптары, лабораториялары мен құрал-жабдықтары заманға сай болуы шарт. Төртіншіден, білім беру жүйесі барлық балаға теңдей, сапалы білім алуға жағдай жасауы керек. Барлық мектептердің арасында сапа айырмасы болмауы қажет. Мектеп ішінде де балаларды алалауға жол беруге болмайды. Бесіншіден, мектептер мен колледждерде жаңа технологиялық білім мазмұнына жете көңіл бөлінуі қажет. Бұл робототехника, IT сауаттылық, крафтинг секілді жаңа бағыттар мен дағдылар. Алтыншыдан, аса дарынды балаларды анықтау, қолдау және олардың ілгері жылжуына жағдай жасау жүйесі. Бұл ретте Қазақстанда жақсы тәжірибе бар. Назарбаев зияткерлік мектептері соның бір мысалы. Жетіншіден, жасына қарамастан, барлық адамдардың үздіксіз, ұдайы білім алуына, біліктілігін арттыруға және жаңа мамандық пен дағдылар игеруге жағдай жасау. Сегізіншіден, аймақтық жоғары оқу орындарының жергілікті жердегі инновациялық орталық ретінде дамуына жол ашу қажеттігі. Бұл үшін алдымен мектептердің озат түлектеріне жергілікті университетте қалып білім алуына, ары қарай зерттеулермен айналысуына жағдай жасалуы керек. Тоғызыншы, мектеп бағдарламасының жаңа мазмұны, соның ішінде жан-жақты сауаттылықпен қатар балалардың денсаулығы мен өмір дағдыларын қалыптастыру. Ең соңғысы, білім беру саласын дамытуға қажетті мамандарды даярлау, қайта даярлау және оларды ұдайы оқыту жүйесін дамыту. Бұл шын мәнінде аса өзекті мәселе. Ұстаздар мен білім беру ісін ұйымдастырушыларды дайындау жұмысы түбегейлі түрде қайта қарауды талап ететіні анық. «Осы аталған он ұсыныспен бірге басқа да елдердің тәжірибесіне ден қойып, мүмкіндігінше, әрқайсысын бөлек жобаға айналдырып, нақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында білім басқармасы аясында жобалық басқару тетіктерін енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», деген өңір басшысы білім басқармасына шетелдік жобаларды мұқият зерттеп, облыстық білім беру жүйесін жетілдірудің жаңа жоспарын дайындауды тапсырды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: өркениет көші қазақ қашан қатарымызға қосылады деп қарап тұрмайды. Заманға сай дамымасақ, талапқа сәйкес білім саласын жетілдірмесек, сұранысқа қажетті мамандарды даярлап шығармасақ, алдыңғы қатарлы елдердің қатарынан көрінеміз деу бекершілік болмақ. Сондықтан етек-жеңімізді қымтап, бүгіннен бастап санамызда өзгеріс жасап, өмір салтымыздың қалыбын бұзуымыз керек. Әйтпесе ертең кеш болады...
Ержан БАЙТІЛЕС,
журналист
Қызылорда облысы