Білім • 29 Тамыз, 2018

Ақжайық ұстаздары Финляндияда біліктілігін жетілдіреді

302 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы биыл жергілікті бюджет есебінен қаржы бөліп, техникалық және кәсіби маман дайындау үшін жергілікті колледждер мен лицейлерге 3500 грант бөлген еді. Одан бөлек жоғары білімі бар кадрларды даярлауға тағы 100 грант жарияланып, иесін тапты. Енді оқытушылар мен мұғалімдердің өзі білімін жетілдіруі үшін облыс бюджеті есебінен шетелдерге жіберілмек.

Ақжайық ұстаздары Финляндияда біліктілігін жетілдіреді

– Біз оқытушылардың кә­сіби біліктілігіне ерекше назар аударып отырмыз. Өткен жылы өңірдегі колледждерден 16 педагог Малайзия, Чехия, Ұлыбритания, Германия және Финляндия сияқты елдерде білімін жетілдіріп қайтты. Бұған қоса 100-ден аса колледж­ оқы­тушысы мен шебері ағылшын тілі курсынан өтті. Бүгінде 5 колледжде арнаулы пәндер мен информатика сабағы ағылшын тілінде өтеді. Осы күзде Орал мұнай, газ және салалық техно­­логиялар колледжінің 10 оқытушысын ВІМ (Building Information Modeling) технология пәнін терең меңгеру үшін Финляндияға жібергелі отырмыз. Биылғы оқу жылынан бастап Орал қаласы мен аудан орталықтарында бағдарламалау негіздері мен робот техникасын тереңдетіп оқытатын ІТ-сыныптары ашылады, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Биылғы тамыз кеңесінің «Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбымен өтуінде де үлкен мән бар. Өңір басшылығы жеке адамның кәсіби жетілуіне, білім деңгейінің әлемдік талап­­­­тарға сай көтерілуіне ден қо­й­ып отыр. TEDх форматында ұйым­­­­­­дас­тырылған конференцияда «На­­зарбаев зияткерлік мек­теп­тері» дербес білім беру ұйымының басқарма басшысы Күләш Шамшидинова, «Knou­ledg Engineering» ЖШС дирек­торы Нартай Әшім, «Astana Gar­den Schools» басшысы, білім беру тех­нологиялары бойынша тренер Нұр­мұхаммед Досыбаев, «Edi­tech» ха­лықаралық білім орталы­ғының бас директоры, психолог Ғани Бейсенбаев сынды білікті мамандар сөз алып, маңызды саланың бүгіні мен болашағы туралы ойларымен бөлісті.

– Биылғы тамыз кеңесі жылдағыдан өзгеше. Ерекшелігі сол – маңғаз президиум да, көлдей баяндамалар да, трибунадан есеп беру де болған жоқ. Шақырылған спикерлердің әрқайсысы бір мектеп, бір лекторий. Атап айтқанда, Күләш Ноғатайқызы – қазіргі заманғы мықты қоғам қайраткері, еліміздегі білім берудің жаңа философиясын, жаңа мазмұны мен әдістемесін құрастырып қана емес, мектептерге енгізуді абыроймен іске асырып келеді, – дейді Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы Орал педагогикалық колледжінің директоры Светлана Бақышева.

Облыстың білім саласында цифрландыру ісі де қарқынды жүруде. Білім беру саласындағы сапа мен ашықтықты қамтамасыз ететін осы жүйенің арқасында ата-ана балабақшаға баласын онлайн режімде орналастыра алады. Баланың мектептегі сабақ үлгерімін де е-күнделік жүйесі арқылы бақылап отыруға болады. Өңірдегі шалғай ауылдарда шашырап жатқан шағын мектептерде «Білім book» электронды жобасы енгізілген. Яғни 226 шағын жинақты мектеп бағ­дар­ламасы тоқсан сайын жаңар­ты­лып тұратын «Білім book» ноут­буктерін пайдаланады. Ең озық бағдарламалар, сабақ үлгі­лері үш тілде жүктелген бұл кө­мек­ші құралға интернеттің қа­­жеті жоқ, автономды қызмет етеді.

Тағы бір жаңалық, облыста педагогикалық, индустриалдық және спорттық бағытта білім беретін үлгілі үш колледж құру қолға алынбақ. Әлемнің озық оқу методикасы, заманауи жабдықтар мен креативтік ойлау жүйесі кешенді көрініс табатын мұндай білім ордасы өңірдегі өзге колледждерге тәжірибе таратып, алға сүйрейтін локомотив қызметін атқаратын болады.

– Біз 3-6 жас аралығындағы сәбилерді мектепке дейінгі тәрбие орындарымен толық қамтыдық. 2018 жылдан бастап Орал қаласы мен Бөрлі ауданында балабақша кезегіне тұру автоматтық жүйеге көшті. Жыл соңына дейін бұл үрдіс барлық аудан орталықтарына енгізіледі. Облыста «БатысБілімTallks» білім беру лекториясы және «Өсу векторы» атты лидерлік мек­теп жобасы қолға алынды. Бұл өңір педагогтарының кәсі­би білік­тілігін арттыруға бағытталған ең жаңа бағдарлама, – дейді об­лыстық білім басқар­масының басшысы Шолпан Қадырова.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы