Тарих • 29 Тамыз, 2018

Қаратөбе сиезі өткен мешіт

1211 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ХХ ғасыр басында қазақты ел болдырудың қамына кіріскен алашшыл азаматтар қолдарынан келген істі атқарды. Яғни 1917 жыл­дың ая­­ғын­­­да Орынборда өткен жал­пы­қазақ сиезінен кейін Алашорда үкі­меті негізі іс-қимыл атқару орта­лы­ғы ретінде Семейді таңдаса, батыс алаш­­ор­­да­шылар 1918 жылдың ақ­­пан айын­да Жымпиты уезінің орта­­­лығы Қара­төбеде кезекті жиын ашып, батыс өңірде атқарылуы тиіс іс­тер­ді талқылады. Бұл жиын тарих­қа «Қаратөбе сиезі» деген атпен қатталды.

Қаратөбе сиезі өткен мешіт


Биыл өткеніне ғасыр толып отыр­ған аталмыш жиын жайлы қа­лам тартып жүрген Орал қаласы­ның тұрғыны, байырғы журналист, марқұм Қайыржан Хасанов аға­мыз біздің өтінішіміз бойынша жазып, жолдаған хатында: «Бұл алаш тарихындағы ІІІ сиез. Бір жыл бұрын ұйымдастырылған Орын­бор сиезі­нен оралған алаш бел­сен­ділері жиын­ды өткізуге орталық­тан шалғай Қара­төбедегі мешіт үйін таңдап ал­ған. Сөйтіп жиынға елге танымал, беделді, билігі жү­ріп тұрған атқамінерлер мен дін иелері, ел-жұртқа сыйлы ақсақалдар шақырылған. Қонақтарды күтіп алу, ас-сумен қамдау жайын Жымпиты уезіне қарасты Сабынкөл болысы Макар Төкешов атқарып шыққан» деп жазады.

Аталмыш сиез жайлы жазушы Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында: «Қаратөбеде болған сиезге Орал облысының бар оқыған қазақтары жиналды. Бастықтары – екі Досмұқанбетұлы. Сиез мешітте. Мешіт лық толған. Үй іші әбден булықты. Есік берік. Сиезге кіре алмаған жай бұқара халық анталап мешітті айналып алған. Ашық терезелерден бастарын сұғып, талас сөздерді тыңдады» деген мәлімет бар.

Жоғарыдағы Қайыржан ағамыз жинақтаған дерекке қарағанда, жиын өткен мешітті 1905 жылы Шәріп деген татар салдырған көрінеді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін мешіт мұнарасы 1919 жылдары құлатылған. Ғимараттың үлкен бөлегі клуб, шағын бөлмелері кітапханаға айналған. Ал қасындағы медресе үйіне комсомол ячейкасы орналасады. Кейін 1942 жылдары мешіт үйі аудандық әскери комиссариатқа лайықталып, кішірейтіліпті. 1962 жылы жеке адамдарға тұрғын үй ретінде берілген. Қысқасы, бұл үйдің сұлбасы ХХІ ғасырға жеткен. Бір қуанарлығы бұл орын қазір «Қасиетті Қазақстан» жобасы бойынша Батыс Қазақстан өңірі атынан жалпыұлттық тізімге еніпті.

2013 жылы қараша айында Қара­төбедегі жиын өткен орынға ескерт­кіш тақта орнатылыпты. Ескерткіш тас-тақтаның беті: «Ұлт теңдігін жалау етіп, қазақ халқының жарқын болашағы үшін тәуелсіз ел болу жолында жанын пида еткен Алаш қайраткерлерінің рухына арналады» деген сөздермен бәдізделген.

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»