Спорт • 29 Тамыз, 2018

«Астана» велокомандасы «Испания вуэльтасында» бірінші орынға шықты

301 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Никита Стальнов «Испания вуэльтасының» төртінші кезеңінде америкалық Бен Кингтен кейінгі екінші орынды иеленді, деп хабарлайды astanaproteam.kz.

«Астана» велокомандасы «Испания вуэльтасында» бірінші орынға шықты

21 кезеңнен тұратын «Испания вуэльтасының» төртінші кезеңі тартысты өтті. Қазақстандық велошабандоз ұзақ уақыт бойы пелотоннан бөлініп шыққан жүйріктер қатарында келіп, артынша шабуылға көшті. Осы арқылы Никита Стальнов, Кинг және Джелле Валлэйстен құралған көшбасшылар үштігі ерекше көзге түсті. Соңғы кезеңде Валлэйс Стальнов пен Кингке ілесе алмай, қалып қойды.

«Шыны керек, бар күшімді жұмсадым, қолымнан келгенін істедім, өкінбеймін. Осы кезеңде жеңіске жеткім келіп еді, мен жеңіске жақын келдім, жақсы жарыса алдым деп ойлаймын. Соңғы тауға өрлеп шығу қиынға соқты. Мен ертерек шабуылға шықпақ болғанмын, бірақ соңғы шақырымдарда соңғы күшімді жұмсап жатқанымды сездім. Дегенмен, осы нәтижеге қанағаттанамын, бұл мені «Вуэльтаның» келесі кезеңдеріне жігерлендіреді», дейді Никита Стальнов.

Польшалық Михал Квятковски жалпы есептің қызыл жейдесін өзінде сақтап қалды, қазақстандық команданың капитаны Мигель Анхель Лопес 14-орынға көтерілді (+0.46). «Астана» «Вуэльтаның» жалпыкомандалық есебінде бірінші орынға шығып алды.

Еске сала кетейік, жарыс 25 тамыздан 16 қыркүйекке дейінгі аралықта Испания және Андоррада өтеді.