Қазақстан • 30 Тамыз, 2018

Ата Заңның арайы

616 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

30 тамыз – ел Конституциясы күні. Ал Конституция егеменді еліміздің берік іргетасы, азаттығымыздың айшықты айғағы. Оның талаптарын мүлтіксіз орындау, қағидаларын бұлжытпай сақтау – арманы асқақ Мәңгілік елдің үнемі де үдемелі дамуының алғышарты болып табылады. Міне, осындай ұлы құндылықтарды ұлықтаған құжаттың, яғни елдігіміздің киелі кітабына айналған Ата Заңымыздың мызғымастығын, қағидаларының өміршеңдігін қамтамасыз ету – Конституциялық Кеңестің келелі қызметімен ұштасып отыр. Соған орай біз Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат МӘМИГЕ жолығып, Ата Заң дәрменімен мемлекетімізді нығайтудағы, яғни Кеңес қызметі арқылы азаматтардың құқын қорғау жолындағы атқарылып жатқан ізгілікті істер туралы айтып беруін сұраған едік.

Ата Заңның арайы

– Қайрат Әбдіразақұлы, Конституциялық Кеңестің ел аумағында алар орны мен ат­қа­рар қызметінің мән-ма­ңы­зы өте жоғары. Өйткені Конс­ти­ту­циялық Кеңестің бас­ты таға­йыны – Қазақстанда Не­гіз­гі Заң­ның тікелей қол­даны­луы принципін орнық­ты­ру, құқықтық жүйеге кон­сти­туциялық құндылықтарды сі­ңіру, адамның және аза­мат­тың құқықтары мен бостан­дық­тарын қорғауды күшейту. Бұл қалай қамтамасыз етіледі?

– Алдымен айтарым, Конс­ти­туциялық Кеңес басты мақсат құқық үстемдігі деп айқындаған Мемлекет басшысының дәйекті ұстанымын толығымен қолдайды. Ал Елбасымыз «Халық – биліктің қайнар көзі, Конституция – көп­тің киелі сөзі» деген болатын. Осы «киелі құжаттың» мызғы­мастығы мен бүкіл Респуб­лика аумағында жоғары тұруы Конс­титуциялық Кеңеске тапсы­рыл­ған. Сол себепті де Конс­ти­ту­циялық Кеңеске басқа мем­ле­кеттік органдардың арасын­да ерекше орын берілген. Ен­де­ше Конституциялық Кеңес Конс­титуцияны түсіну және ғылыми ұғыну деңгейін арттыру, оның ережелері мен нормаларын терең игеру бойынша өзіне жүктелген миссияны басқа ұйымдастырушылық нысандар арқылы да сәтті атқарып келеді. Бұған қозғау салар алғышарттар көп. Қазақта «Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді» дейді. Ра­сын­да осы сөздердің толық мағы­на­сымен үндескен биылғы жыл­ғы «Төртінші өнеркәсіптік рево­люция жағдайындағы да­му­дың жаңа мүмкіндіктері» атты Жол­дауында Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев еліміздің жаңа әлемде жетіс­тікке жету жолындағы бі­рін­ші кезекте қолға алынуы тиіс іс­­тердің кешенін толық айқын­дап беріп, азаматтардың консти­туциялық құқықтарына кепіл­дік­терді нығайту және құқық үс­темдігі қағидатын жаппай ор­­нықтыру бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін ерекше атап өтті. Демек сөздің шыны керек, осы Жолдау жарияланғаннан бер­гі бір жыл ішінде елімізді қо­ғамдық-саяси жаңғырту бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылып, конституциялық құндылықтарды одан әрі байытуға және Қа­зақ­стан Республикасы Конститу­ция­сының тиімділігін арттыруға ық­палын тигізген айтулы оқи­ғалар орын алды. Ол кешен­ді істердің әлеуметтік сипатын Ел­басының 2018 жылғы 5 нау­рыз­да Парламент Палата­лары­ның бірлескен отырысында жа­рия­лаған «Бес әлеуметтік бастамасы» пәрменді түрде байыта түсті. 

– Ата Заң талаптары өмір сүру салтымызға айналса, құ­қық­тық жағдай да жақсара­тыны сөзсіз. Ендеше осы мақ­сат­та Конституциямыз арқы­лы жүргізілген конститу­ция­лық реформа не берді?

– Жалпы, Қазақстанның мемлекеттілігі және оның дамуы үшін 2017 жылғы 10 наурыздағы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы арқылы жүргізілген конс­ти­туциялық реформа еліміздің жаңа конституциялық шынайылық жағ­дайында өмір сүруіне кеңінен жол ашты. Бұл орайда аталған Жолдаудың көптеген идеялары конституциялық реформаның ере­желерімен сәйкес келеді және оларды әрі қарай жүзеге асыру бір-бірін өзара толықтыра түсетіндігін көрсетті. Жолдауда аза­маттардың конституциялық құ­қықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қа­жет­тігі туралы айтылған. Міне, бұ­ларды жүзеге асыру жолында Конституциялық новеллаларды өмірге енгізу үдерісі үш бағытта тоғыстырылды. Бұл – заңдарды және басқа да құқықтық актілерді қабылдау, яғни жаңартылған Конституцияға қолданыстағы заңнаманы сәйкестендіру; жаңа құқық қолдану практикасын қа­лыптастыру; қоғамдық сананы, соның ішінде азаматтар мен мем­лекеттік қызметкерлердің құ­қықтық мәдениетін жаңғырту. 
Әрине Конституциялық ре­форманы іске асыру барысын­да Республика Президенті бірқа­тар Жарлықтарды түзетті, Парла­мент конституциялық және ағым­дағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізді, ал Конс­ти­туциялық Кеңес өзінің кейбір нормативтік қаулыларының заңды күшін жойды. Осылайша конституциялық реформа тек Негізгі Заңның мәтінімен ғана шек­телмей, қолданыстағы бар­лық деңгейдегі заңдар және заң­ға тәуелді актілердегі елеулі өзге­ріс­термен қуатталып отыр. Соның нәтижесіндей, Консти­ту­циялық Кеңестің қоржынында құқық қорғау жүйесінің мәсе­ле­леріне қатысты бірқатар құқық­тық ұстанымдар мен ұсы­ныс­тар бар. Олардың басым көп­шілігі өткен жылдың соңында Мем­лекет басшысының бастама­сымен қабылданған «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­малық актілеріне құқық қор­ғау қызметінің процестік негіз­дерін жаңғырту мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» За­ңында ескерілді. Айта кетейік, қыл­мыстан жәбірленген азамат­тардың мүліктік зиянын өтеу­ге мемлекеттің қаржылық қаты­суының қажеттігі туралы Консти­ту­циялық Кеңестің құқықтық ұс­та­нымдарын іске асыру үшін Рес­публика Президенті жыл басында «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Заңына қол қойды. Конституциялық Кеңестің көп жыл­дар бойы айтып келе жат­қан «Байқоңыр» кешенінің аума­ғында біздің азаматтарды әкім­шілік жауапкершілікке тарту тәр­тібін өзгерту мәселесі де шеші­мін тауып жатыр. Ішкі істер ми­нистрлігінің басқа да мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысы барысында бұл мәселе бойынша Қазақстан мен Ресей арасында үкіметаралық келісімнің жаңа жобасын әзірлеу туралы бір шешімге қол жеткізілді.

Жалпы, біле білсек, Конс­ти­­туцияны өмірге енгізу, конс­­­ти­туциялық заңдылықты орнық­­тыру: адам құқықтары сала­сында жалпыға танылған прин­циптер мен стандарттарды сақтай оты­рып, барлық құқықтық акті­лерді Негізгі Заңға қатаң сәйкес­тікте қабылдау, ең алдымен, конс­ти­туциялық мәдениет деңгейін кө­теру қажеттігін білдіреді. Ал Конс­титуциялық Кеңестің пайым­дауынша, Ата Заңның жетек­шілі­гімен конституционализмді нығайту құқық үстемдігін қам­та­масыз еткен жағдайда ғана толық­қанды іске асырылатын бо­лады. Ол адамның және аза­мат­тың құқықтары мен бостан­дық­тарының кепілділігін; заңды­лық режімінің қамтамасыз етілуін; құқықтық айқындылықты; әділ­дікті және заң алдында жұрттың бәрінің теңдігін; мемлекеттік биліктің біртұтастығын барынша қамтиды. Конституциялық Ке­ңестің көптеген ұсыныстары осы міндеттерді шешуге бағытталған. Олардың бір бөлігі Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жос­парынан туындайды.

– Бұл міндеттер қалай ше­шімін таппақ?

– Бұл міндеттерді шешуде Конституциялық Кеңес мәні терең біраз шараларды іске асыруда. Мәселен, Конституциялық Кеңес «Рухани Жаңғыру» ұлттық жобасы шеңберінде қоғамдық сананың құрамдас бөлігі ретінде азаматтардың конституциялық мәдениетін жаңғырту бойынша жұмыс істеуде. Қойылған міндеттің ауқымдылығын ескере отырып, құқықты насихаттау және конституциялық патрио­тизмге тәрбиелеуді жалпы мем­­лекеттік деңгейге көтеру қажет. Ол барлық мемлекеттік орган­дардың осы мәселелермен жүйе­лі түрде тұрақты ай­на­лысуы­на мүмкіндік береді. Ғы­лыми ай­қындалған индикатор­лар негі­зінде қолданыстағы құ­қық­ты және құқық қолдану практи­касын конституциялық құнды­лық­тардың жүзеге асырылуы тұрғы­сынан талдап отыратын конс­ти­туциялық мониторингтің тиім­ді жүйесін енгізу керек. Осы бағыт­т­ағы жұмыспен Конс­ти­туция­лық Кеңестен басқа да тиісті сала­дағы саясатты жасайтын, конс­ти­ту­ция­лық және заңнамалық нор­ма­лар­ды қолдануды және іске асыруды жүзеге асыратын барлық мемле­кеттік органдар айналысуы тиіс. 

– Жастарды конститу­ция­лық патриотизмге тәрбиелеу ісін мемлекеттік деңгейге көте­руде заңнамалық нормалар­ды қолданудың рөлі зор дейміз. Өйткені заң үстемдігі дегеніміз, алдымен құқықтық қорғалудың көзі ғой. Осы орайда адамның құ­қы мен бостандығын қор­ғау­да конституциялық құн­дылықтардың тепе-теңді­гіне қа­лай қол жеткізіледі?

– Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты» деген болатын. Демек құқын қорғаймын деген адамға алдымен заңның үстемдігі айқын болуы қажет. Ол үшін ең бірінші Конституцияның үстемдігі қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл оның жасампаз әлеуетін ашуға бағытталған қосымша заңды шаралар қабылдауды талап етеді. Себебі кей жағдайларда Конституциялық Кеңеске маңыздылық дәрежесін қандай да бір шкала бойынша есептеу­ге келмейтін конституциялық құндылықтар арасында сіз айтқандай, тепе-теңдік іздеуге тура келеді. Мысалы, бір жағы­нан ұлттық қауіпсіздікті, қоғам­дық тәртіпті қамтамасыз ету, ал екінші жағынан, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың шектен тыс шектелуі мен мәнінің бұрмалануын болдырмау қажет. Осы өте маңызды мәселелерде Конституциялық Кеңес жиі заңды зерделілік таны­тып, Конституцияға негіздел­ген, әрбір нақты даму кезеңінде ортақ мүдделерге жауап бере­тін не­ғұрлым оңтайлы баланс табады. Әрине көп жағдайларда Конс­титуциялық Кеңес өз қызметінде басты конституциялық құндылық болып табылатын адамға, оның өміріне, құқықтары мен бос­тан­дықтарына артықшылық береді.

Мәселен, үстіміздегі жылы Конс­титуциялық Кеңес Қараған­ды облысы ювеналдық соты­ның ұсынысы бойынша «Неке (ер­лі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің жекеле­ген нормаларының конститу­циялығын тексерді. Сәбидің өмірге келуі мен бала ретінде дамуы босанғанға дейінгі және одан кейінгі кезеңде бала мен ананың материалдық жағдайымен тікелей байланысты. Сол себепті де ананың және баланың құқықтары мен заңды мүдделерін бара-бар қорғауға кепілдік беру қажет деп түсіндірді. Конституциялық Кеңес өз шешімінде осы мәселелерге айрықша мән беріп, сонымен қатар Кодексте көзделген кейбір ұғымдардың мазмұнын және уақыт шектерін заңнамада анықтау қажеттігіне назар аударды. Осыған байланысты Кеңес ана мен баланың құқықтарын және бостандықтарын неғұрлым толық қамтамасыз ету мақсатында тиісті заңнамалық шаралар алу туралы ұсыным берді. 

Сонымен қатар Консти­ту­циялық Кеңес Қарағанды облысы Теміртау қалалық сотының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету тәртібін реттейтін құқықтық ак­тілердің осал тұстарын анықтаған болатын. Үкіметтің қаулысымен тиісті Қағидаларға өзгерістер енгізілгеніне қарамастан, біздің пайымдауымызша, бұл мәселеге қатысты заңнамалық актілерді одан әрі жетілдіру бүгінгі таңда әлі де өзектілігін сақтайды. Ал 2017 жылғы өзгерістерге сәйкес Конституциялық Кеңеске жолданатын сот ұсынысы тек қана сот төрағасының қолымен жібе­рілу талабы шектелді. Енді әрбір судья өндірістегі іс бо­йынша Конституциялық Кеңес­ке өзі жүгінуге құқылы. Қабыл­дан­ған шараларды судьялар­дың тәуелсіздігін күшейтуге бағыт­талған деп қарастырған жөн, бұл үрдістің жалғаса беретініне сенім бар. Дей тұрғанмен осындай сот өтініштерінің конституциялық іс жүргізу өндірісіне қабылданғаны ту­ралы өзге де соттарды хабардар ету тетігі әлі де нақтылауды қажет етеді. 

– Мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарымыздың конс­ти­туциялық құқықтық санасын жаңғырту бойынша ізгілік­ті істердің атқарылып жатқаны бел­гілі. Алайда ол көздеген мақ­сатты межеден табылып отыр ма?

– Өткен жиырма жылдан астам уақыт ішінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың конституциялық құқықтық санасында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Олар конституциялық талаптардың орындалуына жа­уап­кершілікпен қарап, өз ұстаным­дарын дәлелдеген кезде конс­титуциялық нормаларға сілтеме жасайтын болды. Алайда өзіңіз айтқандай, олардың саны өте көп деп айту қиын. Сондықтан қазіргі таңда Конституциялық Кеңестің қызметі «Рухани Жаңғыру» ұлттық жобасы шеңберінде құқық үстемдігінің сақталуы мен жаппай заңға мойынсұнушылықты қалыптастыруға бағытталған. Қоғамдық сананы жаңғырту құқықтық мәдениетті арттыруды да қамтиды. Құқықтанушылардың тілімен айтқанда, конституциялық пат­риотизм мемлекетін қалып­тас­тыру қажет. Оның негізгі қағи­дат­тары құқық үстемдігі мен құ­қықтық тәртіп, жаппай заң­ға мойын­сұнушылық пен қауіп­сіздік, еркіндік пен жауап­кер­шілік дейміз. Ал енді қазіргі таң­да елде конституциялық заңды­­лық режімін қамтамасыз етудегі абзал міндет – «Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының Консти­ту­циясына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы Заңын қабыл­дау ар­қылы қол жеткізіл­ген және заң­намада елеулі өзгеріс­термен негізделген жаңа консти­туциялық шынайылық жағдай­ында Негізгі Заңның беделін айтарлықтай арттыру. Сонда Конс­титуциялық қағидаттарды толық­қанды іске асыру арқылы Қазақстан алға қойған жоғары мақсаттарға же­тетініне кәміл сенемін.

Жалпы, Ата Заң қабыл­дан­ғаннан бері өткен кезең, жүріп өтілген жолға баға беріп, конс­титуциялық ережелердің ел же­тістіктеріндегі маңызын ұғы­нып-түсінуге жеткілікті. Қазіргі уақытта Конституцияның бас­ты тұрақтандырушы рөл атқар­ғанын, еліміздің кең ауқымды дағ­дарыстан шығуына ықпал етке­нін барлығы дерлік мойын­дайды. Ол елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік және қоғамдық өзгерістердің басты саяси-құқықтық негізі болды. Негізгі Заң қазақстандық мем­лекеттіліктің барлық қажет­ті белгілерін бекітті. Бұл мем­ле­кет­тік органдардың жаңа жүйесі, адамның және азаматтың жалпы­ға танылған құқықтары мен бос­тан­дықтары, идеологиялық және саяси плюрализм, парламента­ризм, көппартиялық және аза­­­­мат­тық қоғамның басқа да инс­­титуттарының қағидаттары, мен­шік нысандарының көптүр­лілігі, сот төрелігі, конституциялық бақы­лау, жергілікті өзін өзі бас­қару, аумақтық тұтастық пен мем­ле­кет­тік шекараға қол сұғылмау­шылық, қолданыстағы құқық, еге­мендік, мемлекеттік тіл мен рәміздер және тағы басқалары.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»