Білім • 30 Тамыз, 2018

Оқу жылына дайындық ойдағыдай

687 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде жаңа 2018-2019 оқу жылына дайындық туралы баспасөз мәслихаты өтті. Шараға Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, вице-министр Асхат Аймағамбетов қатысты. Жиын барысында министр өткен жылы Елбасы, Үкімет білім саласына, жас­тарымыз бен ұстаздарға ерекше назар аударып, біршама маңызды мәселе шешілгенін атап өтті. 

Оқу жылына дайындық ойдағыдай

«Әліппе» мен «Букварь» базалық оқулықтары дайындалуда

Аталған жиында алдымен мектепке дейінгі білім жайы сөз болды. «Бүгін мемлекет-жекеменшік әріптестігі жақсы дамып келеді. Жекеменшік бала­­­­бақшалар үлесі 30 процент­тен асты. Ал 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтуды 93%-ке жеткіздік. «Балапан» бағ­дарламасы арқылы балабақ­шалардағы жалпы орын саны халықтың сұранысынан асты. Бірақ аймақтарда дисбаланс бар. Әсіресе Алматы мен Астанада дефицит үлкен. Одан кейінгі маңызды жұмыс – балабақшаға кезекке тұру мен жолдама беруді толығымен электронды форматқа ауыстыру. Сонда кезек жария түрде және тез жылжитын болады» деді Е.Сағадиев. Министрліктің хабарлауынша келесі жылдан бас­тап 0-ші сынып тәрбиешілері мен мұғалімдерді дайындау жұмысы басталады. Латынша «Әліппе» және кирилицада «Букварь» базалық оқулықтарын дайындау жұмысы жүріп жатыр. Оқулықтар 2020-2021 оқу жылына дайын болады. Орта білімге өткен жылы көп көңіл бөлінді. Бұл деңгейде кестеге сәйкес жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстары жалғасуда. Жаңа оқу жылынан бастап 3, 6, 8-ші сыныптар мазмұны жа­ңартылған бағдарламамен оқи бастайды. 4, 9, 10-шы сынып­тарда апробация басталады. «Қа­зіргі күні рес­публика бойынша оқулықтарды мектептерге жеткізу 99,4 процентті құрады. Оқулықтардың сапасын жақсарту үшін көп жұмыс атқарылды. Биыл оқулықтардың сапасы жоғары болады деп се­неміз. Оқулықтардың электронды нұсқалары енгізілді», деді министр.

«Информатика» пәні 3-ші сыныптан басталады

Сонымен қатар ведомс­тво­ басшысы осы жылы 1-11 сынып­тарға арналған жаңа мемлекеттік білім беру стандарттары, жаңа типтік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары бекітілгенін, енді тек қана бір типтік оқу жос­пары болмайтынын, бірнеше типтік оқу жоспары дайындап бекітілгенін атап өтті. Соның негізінде мектепке өзіне келетін жоспар бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндік берілгенін, барлық мектепке осы ТОЖ-дар арқылы академиялық дербестік беруді дұрыс деп есептейтінін жеткізді.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масы аясында 5-7 сыныптарда «Өлкетану» курсы алғаш рет енгізіледі. Оқулықтар мазмұнын өңірлерде құрылған авторлық топтармен бірге жасадық. Бүгін­де оқулықтар дайын. Айта ке­те­­­тін тағы бір жайт, биыл «Ин­фор­­­ма­тика» пәні 3 сыныптан баста­лады. «Цифр­лы Қазақстан» бағдар­ламасының ­аясында информа­тика сабағы келесі жылдан 1-2 сыныптарға енгізіледі. Оның бағдарламала­ры дайындалуда. Ци­фр­­лы білім беру ресурстары бел­сенді қолданы­лу­да, деді Е.Сағадиев.

Жиын барысында Білім және ғылым министрі электронды құжаттарды кең жолақты интернеті жоқ мектептерде ғана қағаз түрінде толтыруға рұқсат берілетінін атап өтті.

Сонымен қатар Елбасы Жол­дауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында жаңа оқу жылынан бастап жаңар­­­тыл­ған білім беру мазмұны бойын­ша сабақ беретін 205 мың мұғалімнің жалақысы 30%-ке көбейгендігін айта кеткен жөн. Және биыл педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгі­­­­зілді. Бұл біліктілік санаттары үшін лауазымдық жа­лақыға 30%-тен 50%-ке дейін қосымша үстемеақыны қарас­тырады. «Аттестаттауға мамыр айында 60 мыңға жуық мұғалім қатысып, 36 мыңнан астамы аттес­тациядан өтті. Олар 63 процентті құрады. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа аттестация тәртібінен өткен мұғалімдерге категория­ларына сәйкес қосымша ақы төленеді. Сонымен бірге ағым­дағы жылы 110 мыңнан ас­там педагог рес­публикалық бюд­жет есебінен білік­тілікті арт­тыру курстары­нан өтуде. 8 мың­нан астам пән мұғалімдері жеке пән­дерді ағыл­шын тілінде оқыту үшін тілдік курстарда оқу­да. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кіріседі», деді Ерлан Кенжеғалиұлы.

Гранттар университеттерге емес, балаларға беріледі 

Биыл Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың бес әлеуметтік бастамасы бойын­ша қосымша 20 мың грант бөлінгені бел­­гі­лі. Соңғы уақытта ұялы телефон­дар­­­ға көп­теген жоғары оқу орын­­­дарынан «шек­тік балды жинасаң болды, оқу ор­нымыз­ға қабылдаймыз» деген маз­мұнда хат­тар легі келіп жатқа­ны жасырын емес. Осы орайда жур­­на­листер тарапынан қой­ыл­­ған сауалға министр өз ойын білдірді. 

«Біріншіден, гранттар университеттерге емес, балаларға беріледі. Өзінің грант иегері атанғанын кез келген түлек интернет ресурстары арқылы білуге толық мүмкіндігі бар. Ал жаңағыдай тарап жатқан ақпараттар сенімсіз хаттар деуге болады. Егерде университет жарнама ретінде немесе белгілі бір түлекке өздерінің гранттарын береміз десе, біз бұл мәселеге ешқандай қарсылық таныта алмаймыз. Бұл оқу орнының өзінің ішкі мәселесі», деді ол.

Білім және ғылым министрі қыр­күй­­­­­ек­тегі маңызды мәселе­лердің бірі жа­тақ­хана жайына да тоқталып, осы орайда атқа­ры­лып жатқан мәселелерге мән беріп өтті.

«Жатақхана мәселесіне қа­тысты Елбасы бастамасымен жаңа механизмді бекіттік. Жа­тақханаларды жекеменшік компаниялар, университеттер салса, инвестициялық қаржысын 8 жылда қайтарып беретін бо­ламыз. Қазір бізде 77 мың орын­ға есептелген жатақхана құ­ры­лысын салу үшін өңірлерден жер бөлінген болатын. Алдағы уақытта осы мәселе төңірегінде жұмысты жалғастыратын боламыз», деді министр.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»