Білім • 30 Тамыз, 2018

200-ге жуық оқушыға қуаныш сыйлады

420 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
200-ге жуық оқушыға қуаныш сыйлады

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймағы өкілдігінің имамдары «Мектепке – жол» акциясы аясында облыс­­т­ық Халифа Алтай мешітінде екі жүз­ге жуық оқушыға оқу құрал­­дары мен сөмкелерді табыс етті. Бұл күні аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мектепке қажетті құрал-жабдықтарды алып, бір қуанды. 

«Балалардың барлығына бір­дей мейіріммен қарап, қам­қор­­лық таныту керек. Кезінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немере­лерінің бірін сүйіп жатқанын көрген Әқра ибн Хаабис (р.а.): «Менің он балам бар, ешқайсысын да әлі маңдайынан сипап көрген емеспін» депті. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Сен басқаға мейір­бандық көрсетпесең, саған да Алла мейірбандық көрсетпейді», деп жауап беріпті. Сол себептен, жақсылық жасасаңыз, алдымен балаларыңыздан бастаңыз», дейді облыстық Халифа Алтай мешітінің наиб имамы Дәулет Қабидолдин.

Өскемен қаласының тұрғыны Алмагүл Тұқмаилованың қызы Диляра Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінде оқиды. «Жалғызбасты анамын. Балам екеуміз пәтер жалдап тұрамыз. Сол себептен бізге осындай қамқор­лық танытып, қолдау көрсет­кен ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», дейді ол. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН