Қазақстан • 30 Тамыз, 2018

Мергендер мерейімізді өсірді

617 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандының іргесіндегі Спасск полигонында арнайы мақсаттағы мергендердің «Алтын үкi - 2018» халықаралық сайысы өтті. Оған Қазақстанмен қатар, Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Үндістан, БАӘ, Италия, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Өзбекстан елдерінің үздік жауынгерлері қатысқан болатын. Ал Түркия мен Оңтүстік Кореяның өкілдері бұл сынға тек бақылаушы ретінде қатысты. 

Мергендер мерейімізді өсірді

– Бұл сын жай жарыс емес, оның мәні – жауынгерлеріміздің са­йыс­керлік рухын көтеру, әс­ке­­ри әріптестік сенімін артты­ру, – деді шараның ашылу сал­­та­натында Қазақстан Рес­пуб­­­ли­­к­асының Қорғаныс ми­нистрі Нұрлан Ермекбаев. – Осы бәс­е­кеге қызығушы әске­ри қыз­мет­керлердің қатары біз­дің елі­міз­де де, шетелдік әріптес­тері­міз­дің арасында да жыл сайын ар­­тып келеді. Мергендер сайы­сы де­гені­міз, нысанаға дөп ти­гі­зу ма­шы­ғын, қаруды меңге­ру ш­е­бер­­лігін көрсету, түрлі стра­те­­гия­­лық және барлау тапсыр­ма­ла­рын орын­дай білу. Бұл сайыс­қа қа­ты­с­у­шы елдердің үздік мерген­дері келіп отыр. Яғни біз нағыз сұр­­мер­­ген­дердің өнеріне куә боламыз.

Ал Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өз сөзінде бұл шара терроризммен бір­лесе күресуге жасалған маңызды қадам екенін атап өтті. 

– «Алтын үкi» әскери өнер­дің дәстүрлі мерекесіне айнал­ғанына қуаныштымын, – деді Ерлан Жақанұлы. – Елбасы айт­қан­дай, «Терроризм шекара тал­ға­май­ды және елдерді бай-кедей деп бөлмейді». Осындай сайыстар ортақ жауларымызбен күресуге септігін тигізеді деп се­не­­мін. Мергендер – кез келген ар­­мия­ның элитасы. Нағыз мер­генге тән табиғат пен мінез әр­кімге бұйырмаған. Тарихта Әлия Молдағұлова, Төлеуғали Әбді­беков сияқты қаһарман мергендер жай­лы аңызға бергісіз әңгімелер аз емес. Сол батырлар сіздерге кәсі­би де, өмірлік те үлгі болсын. 

Ұйымдастырушылар жарыс­ты шынайылыққа мейлінше жа­қын етуге тырысқан. Қатысу­­шы­лар классикалық атудан, қоз­ға­лыстағы нысананы атудан және түрлі қиын жағдайда күр­­делі так­тикалық түйіндерді шешу­ден, жасырыну мен тұрған жерін бағ­дар­лаудан сынға түсті. Бұлар­дың бәріндегі негізгі талап – дәл­дік пен жылдамдық. Айта кету керек, биыл жауынгерлер­ге өз қару­ларымен, арнайы киім-кешек­терімен келуге рұқсат етіл­ген. Бұл олардың өздерін неғұр­лым жайлы сезінуі үшін де қажет. 

Қатысушылар өте жоға­ры деңгейде өнер көрсетті. Коман­далық есепте Қазақстан Респуб­­ликасы Қорғаныс министр­лігінің арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жауынгерлері жеңімпаз атанды. Екінші орынға Беларусь, үшін­ші орынға Қытай елдерінің құрамалары ие болды.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ