Тарих • 30 Тамыз, 2018

Садықожаның сазды әндері

2154 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жетісу әншілік мектебінің көрнекті өкілі, суырыпсалма ақын әрі композитор, әнсүйер қауым жақсы білетін «Сары бидай» әнінің авторы Садықожа Мошанұлы – бұрын өткен Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Естай, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Әсет Найманбаев, Кенен Әзірбаев секілді сегіз қырлы, бір сырлы өнер иелерінің дәстүрін жалғастырушы әнші-ақындардың бірі. 

Садықожаның сазды әндері

Ол 1917 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Кетпен ауылдық округі аумағында Сарыбұлақ деген жерде өмірге келген. Композитордың бізге жеткені жеті әні ғана. Олар: «Сары бидай», «Ахау, айым», «Ей, ахау», «Ақ қаз едің», «Ахау, қалаулы-ай», «Еркем-ай», «Сағынсаң, қалқа, өзің кел». Сұлу сазды, әсем өрнекті бұл әндер қазақ ән өнері тарихына зор үлес болып қосылып, ұлттық мұрамызды дамытуға қызмет атқарып келеді. «Сары бидай» әні 1980 жылы өткен I Республикалық Әміре Қашаубаев атындағы әншілер байқауында алғаш рет үлкен сахнада айтылып, орындаушы Талдықорған облыстық филармониясы­ның әншісі Жақсылық Мырқаев жүлдегер атанды. Сады­қожа әндері Қазақстанның ха­лық әртісі Дәнеш Рақышевтан бастап, Қазақстанның ең­бек сіңірген әртістері Жәнібек Кәрменов, Рамазан Стамғазиев, сон­дай-ақ Нұржан Жан­пейісов, Ерболат Шалдыбеков, Ті­лек­тес Құрманғалиев, Жай­дар Нұртуған, Жандос Кәкиғали, Мәди Әлемов, Нұржан Жұ­маділов, Нұрлан Тұ­рашев, Бейбіт Мұсаев, Саян Майнағашев, Арфат Ис­каков, т.б. көптеген ән­ші­­­лердің репертуарларынан берік орын алды. Сады­қожаның нәзік лиризмге толы әсерлі де сұлу әндері тың­даушы­ларын тәтті сезімге бөлеп, рухани байытып келе жатқаны көпке аян.

Шежіре жүйесімен айтқанда Садықожаның руы – Албан, оның ішінде Қожбамбеттен тарайтын Ағымсары деген ата. Әкесі Мошан Текесбайұлы ауыл-аймаққа танымал өлеңші атанған, көкпаршылығымен аты шыққан, кісілік келбетімен де елге сыйлы адам болған. Ал арғы бабасы – Шегір заманында Ағымсары аталатын бір атаның көрнекті биі де болыпты. Садықожаның шешесі Зербала өте көрікті, парасаты да мол әрі айбынды кісі екен. Зербаланың арқасы бар, емшілік қасиет дарыған, халықтық емдеу тәсілінің біразын игерген жан болыпты. 

Зербаланың айбыны, пірі барлығы сонша, қандай асау жылқы болса да, оның «тәк» деген даусы шығысымен-ақ діріл­деп, тыныш тұра қалатын бол­ған. Ер мінезді, батыр жүректі Зербала қорықпай ерттелген асауға мінгенде тез арада асау­дың аптығы басылып, арынын шығарып ырқына оп-оңай көн­діріп, бас білдіріп алады екен.

Садықожа жасынан өлең, жырға әуес болып өседі. Есте сақтау қабілеті күшті, өте зейінді Садықожа өлең-жырды, ән-әуенді бір естігенде-ақ есінде сақтап жаттап алады. Алайда осынша зерек туған жас­тың оқып, білім алуға мүмкін­дігі болмайды. Өйткені әкесі Мошан қайтыс болып, інісі Әбіл­­қайыр екеуі жастай жетім қалған еді. Жесір қалған шешесі Зербала бір-екі жылдан кейін әмеңгерлік жолмен қайнысы Қожаниязға қосылып, екі бала қамқорлыққа қол жеткізгенімен ол кезде Қазақстан өлкелік партия басшылығына Голощекин келіп, «Кіші Октябрь орнату» науқаны жүзеге аса бастаған еді. Оның аяғы асыра сілтеуге ұласып, халықтың ашаршылыққа ұшырап, туған жерді тастай қашып, аяқ жетер жерге үдере көшкені тарихтан белгілі. Міне, сол үдере көшкен қалың елдің арасында Садықожаның ауыл-аймағы да бар еді. Сөйтіп тұтас халық, рулы елдің шетелдегі ауыр азапқа толы жанкешті тіршілігін әлі буыны бекіп, қабырғасы қатпаған Садықожа да бастан кешіреді. Балдәурен, балалық шағымен ерте қоштасқан ол ендігі өмірін, ертеден-ақ өз жері ретінде қазақтың біраз рулары қоныстанып отырған, алайда соңғы бірер ғасыр аумағында Қытай мемлекетінің ішіндегі қазақ автономиялы облысы деп аталатын территорияда өткізе бастады.

Кісі есігінде малшылықта жүрсе де, Садықожа өнерге деген құлшынысын жоғалтпады. Қайта күндіз қой соңында жүргенде алдындағы отарын беткейге өргізе жайып салған соң тау жаңғырта ән салып, өзі сияқты қойшы-қолаңмен көңіл сергіте өнер жарыстыру нәтижесінде әншілік, ақындық дарыны ашыла береді. Ауыл арасындағы той-тома­лақтарда көпшілік алдында ән салып, өзі құрбылас қыздармен, кейде тіпті өзінен әлдеқайда ересек әйелдермен де айтысқа түсіп өнерпаздығымен елге таныла бастайды. Бірте-бірте аты кеңге жайылып, айтыс­керлігімен көзге түседі. Талай айтыстарда жеңеді.

Ата-анасынан дарыған жақсы қасиеттердің бәрі Сады­қожа бойында ерекше көрініс тауып, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болып өседі. Садықожаның көрік­ті, сымбаттылығы оған қоса әнші, сазгерлігі, суырыпсалма ай­тыс­керлігі аз уақыт болса да оны білетін жанның бәрін сүй­сін­дірген, қызықтыра там­сан­дырған. Оның атқа мы­қ­ты­лығын, шу асауға бас білдіріп, үйреткіш қасиетін көзі көргендер былайша әңгімелейді. Садықожа он төрт, он бес жасқа келгеннен бастап биебаудың (құлындар байлаған желі) қасында ене­лерімен бірге тұрған шу асау тай­ға шалма тастап ұстап, жү­ген­­с­із-ақ мініп алғанда қалай мөң­кісе де жығылмайды, қайта олай шауып, былай шауып, әбден дің­­келегенде мөңкуге де шамасы келмей, еріксіз тоқтайды екен.

Садықожа естіген ертегі, аңыз, т.б. тарихи әңгімелерді жыр-дастан етіп өзінше жырлайтын болған. Алайда өкініштісі – ол жыр-дастанның бірде-біреуі қағазға түспеген. Оған се­беп, оқып-жаза алмағандығы, яғни хат таны­­­майтындығы еді. Әнші-ақын­­­ның бізге жеткен әндерінің өзі ал­­пы­­сыншы жылдардың ортасынан бастап қана айтылып, елге таныла бастады.

Садықожа әндерінің елге кең тарамай ұмыт бола бастауы­ның негізгі себебі былай еді. 1946 жылы Іле аумағында сүзек ауруы дендеп, кең жайылады. Сол қалың елді түгел шар­пы­ған дерттен ағайынды Садықожа, Әбілқайыр және Зербала апа­ның қайнысы Қожаниязға қосыл­ғаннан кейін өмірге келген Үркім­бай үшеуі бірдей бас-аяғы бір-екі айдың ішінде көз жұмады. Үш ұлынан бірдей айырылған Зербала ана осылайша орны толмас қайғыға душар болады. Әсіресе әнші, ақын ретінде көпке танымал болған Садықожаның әні мен жыр-толғаулары естілсе, көңіл қайғысы одан әрі дендеп, күндіз-түні ұйқы көрмей, көз жасын көл қылып жылап, тіпті жынды болудың аз-ақ ал­дындағы халге жеткен.

Ауыр қайғының әсерінен бір кездегі шу асау­ды ер-азаматша жуасытып мінетін Зербала белі бүкірейіп қалады. Сондықтан ағайын-туыс жиылып ат жетер жердегі ел-жұртқа арнайы өтініш жасап, Садықожа әндері мен жыр-толғауларының айтылмауын талап еткен. Садықожаның әндерін айтып, ауыздан-ауызға көшіре кең тарату емес, Зербала ананың өмірін сақтау, айықпас дертке ұшыраудан аман алып қалуды ойлаған. Сөйтіп Садықожа әндері айтылып жүрмегендіктен, бірте-бірте ұмыт бола береді. Ал Зербаланың бүкірейген белі жазылмаған күйі «бүкіш апа» атанып кетеді. 1955 жылы Зербала мен ағайын-туыстары тарихи отанға қайта оралып Садықожаның кіндік қаны тамған Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Кет­пен ауыл­­дық кеңе­сіне қарай­тын Бөдеті ауы­лына орналасады. Зербала осы жерде 1961 жылы қайтыс болады.

Садықожа ән­дері Зербала дүние салғаннан кейін ғана Мошанның әкесі Текесбайдың туған інісі Бұқыжан баласы Қуанияздың айтуымен кейінгі ұрпаққа жетті. Оның атақты «Сары бидай» әнін Қуанияздың аузынан 1968 жылы тұңғыш рет үйреніп, рухани қазынаға айналуы­на мұрындық бол­ған осы жолдардың авторы еді. Бұл орай­да Садықожа әндерін есіне түсіріп қайта жаңғыртып бізге үйреткен Қуанияз қарияның еңбегін айрықша атауға тура келеді. Бізді ән айтуға баулыған ән­ші ағамыз Молдасан Шәпиев «Сары бидай» әнін алғаш менен естіп, одан кейін Қуанияз қариядан толықтырып үйреніп, ауыл-аймаққа кең таралуына себепкер болғанын ризашылық­пен айтуымыз керек.

Белгілі әнші, жазушы, өнер зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Жәнібек Кәрменов құрастырып, 1991 жылы «Өнер» баспасынан шыққан Қазақ әндерінің антологиясының бірінші томына Құрманбай Толыбаевтың аннотациясымен Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышев­тің орындауындағы Садықожа­­ның жеті әнінің мәтіні енгізіл­ген. Алайда белгісіз себептермен «Ахау, айым» әні халық әндері бөліміне еніп кетіпті. Кезінде баспа тарапынан жіберілген бұл кемшілік «Жетісу әуендері» жинағын құрастыру барысында түзетілді. Осы жолдар ав­торының орындауында нотаға түсіріліп, жазылып алынған «Ахау, айым», «Ахау, қалаулы-ай», «Ей, ахау», «Сарыбидай» әндері С.Медеубекұлы мен Б.Мүптекеевтің жинап, құрас­тыру­ларымен 1998 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Жетісу әуендері» әндер жинағына нотасымен енді. 

Садықожа әндерінің жиналып, халық игілігіне айна­луында халқымыздың қайталан­бас дарын иелерінің бірі Дәнеш Рақышевтің, ұзақ жылдар бойы «Кетпен» орта мектебінде әдебиеттен сабақ берген, директор болған, табиғи талант иесі әнші Молдасан Шәпи­ұлы­ның, әнші Жақсылық Мыр­қай­ұлының, Садықожа әндері­нің мәтінін зерттеуші ақын Құр­манбай Толыбаевтың үлес­тері мол болды. Молдасан Шәпи­ұлы Садықожа әндерін орындау ар­қылы насихаттап қана қой­май, әнші компазитор өмірі­нен деректі әңгіме де жазды. Ол «Парасат» журналының 1990 жыл­ғы № 12 санында жарияланды.

Садықожа 1946 жылы жазда сүзек ауыруынан қайтыс болды. Сүйегі Қытайда Құлжа қала­сының солтүстік шығысын­дағы Турасу жайлауындағы ескі қазақ зиратында жатыр.

Ендігі міндет Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтыл­ғандай өткен замандарда өмір сүрген өнерпаз тұлғалардың рухани мұрасын дәріптеу бағда­рында, оны ұрпақ санасына сіңіріп, дәріптеу мақсатында Сады­қожа Мошанұлының да өнер­паздық тұлғасын кең насихаттау болып табылады.

Құныпия АЛПЫСБАЕВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше