Қазақстан • 31 Тамыз, 2018

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысындағы қоғамдық кеңестерінің І мәжілісі өтті

553 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысындағы қоғамдық кеңестерінің І мәжілісі өтті. Жиында құрылғанына екі жылдан асқан ұйымның іс-тәжірибесі, атқарған қызметі, түйіткілді тұстары мен еліміздің «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері талқыланды.

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысындағы қоғамдық кеңестерінің І мәжілісі өтті

Елбасының бес институционалды реформасы, оны жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында елімізде 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қоғамдық кеңестер туралы» заңы күшіне енген болатын. Бұл – мемлекеттің халық алдында есеп беруін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың бір бағыты.

- Кез-келген дамыған елде мемлекеттік саясаттың өрістеуіне азаматтық қоғам өкілдері белсене қатысады. Сондықтан да азаматтық қоғам – мемлекетті басқарудың негізі болып табылады. Орталық, жергілікті атқарушы билік тарапынан қабылданған кез келген шешімді мемлекеттік қызметшілер орындайды. Бұл шешімдердің орындалуын азаматтық қоғам өкілдері бақылап, олардың атқарған қызметіне мориторинг жасап отырса, онда қоғам жүйелі дамитынын, әділеттік орнайтынын дүниежүзілік тәжірибе көрсетуде. Соған сәйкес Елбасымыздың тапсырмасымен республикамыздың түкпір-түкпірінде қоғамдық кеңестер құрылып, табысты еңбек етуде. Халықты бүгінде мазалап жүрген мәселелердің бәрін ашық шығарып, талқылап, бір мәмілеге келу керек. Кеңесіп шешілген іс әрқашан алға бастайды. Ал мұндай келісім табылмаған, текетіреске әкеліп соққан кез келген жағдай қоғам дамуын артқа сүйрейді. Мұны біз көршілес елдердің практикасынан көріп жүрміз, - деді осы жиында кіріспе сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Батыс Қазақстан облысында бүгінде 14 қоғамдық кеңес құрылған. Бір облыстық, бір Орал қалалық және 14 аудандық қоғамдық кеңес құрамында 360-қа жуық мүше бар екен. Олардың 77%-ы – азаматтық қоғам өкілдері. Сондай-ақ барлық мүшелердің 30%-ы – әйелдер болса, қоғамдық кеңес өкілдерінің дені – 30 бен 59 жас аралығында екен.

Елімізде құрылған қоғамдық кеңестердің маңызы зор азаматтық институт рөлін атқарғаны 2016 жылғы жер реформасына қатысты мәселе кезінде анық байқалды. Сол кезеңде Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесі бір айда кеңейтілген бес отырыс өткізіп, оған 300-ден астам адам қатысқан екен. Сол жиындарда 120-ға жуық адам сөз сөйлеп, өз ой-пікірін ортаға салған. Ол ұсыныстың бәрі хатталып, қағазға түсті. Сөйтіп, жер реформасы бойынша республикалық комиссияға Ақ Жайық өңірінен нақты 72 ұсыныс жолданыпты.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының басшысының міндетін атқарушы Мирболат Нұртазин облыста мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша облыстық және аудандық қоғамдық кеңестер деңгейінде шешімін табуы тиіс мәселелерге тоқталды.

- Азаматтық қоғам институттарын дамыту әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бәрінде қолға алынған. Бұл демокаратияның басты шарттарының бірі. Ғаламдағы бұл үдерістен Қазақстан да тыс қалмайды. Бүгінгі таңда жүйелі реформалардың нәтижесінде меритократия, қоғамға есеп беру қағидаттарына негізделген бірегей модель құрылды. Мемлекеттік қызмет саласында да ашықтық, жариялылық қолға алынған. Соның ішінде үш сатыдан тұратын қызметке қабылдау кезеңінің барлық сатысында ашықтық принципі сақталады, - дейді Мирболат Нұртазин.  

Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесінің, Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов өңірдегі қоғамдық кеңестердің қызметіне шолу жасап, Қазақстан Республикасы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының тұжырымдамасын баяндады.

Осы жиында қоғамдық кеңес жұмысында кездесіп отырған кейбір түйіткілді мәселелер де ашық талқыланды.

- Қоғамдық кеңес мүшелерін тек қана ҮЕҰ өкілдерінен құрау туралы ұсыныс та айтылып қалады. Бірақ ол меніңше дұрыс емес деп ойлаймын. Қоғамдық кеңес құрамында мемлекеттік ұйымдар мүшелері де болғаны дұрыс. Өйткені мемлекеттік қызметтің өз тәртібі бар, ішкі заңдары, жұмыс барысында қалыптасатын механизмдері бар. Оны сыртынан пішіп, шешім қабылдау жақсылыққа әкелмейді. Тағы бір мәселе – қоғамдық кеңестердің материалдық-техникалық қамтылуы, штат мәселесі әлі шешілген жоқ. Біз, кеңес төрағалары, өзіміз үшін ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Бірақ жұмыстың дұрыс ұйымдастырылуы, жүйеге түсуі үшін тұрақты аппарат керек-ақ. Өйткені қабылданатын шешімдердің қадағалануы, орындалуын бақылау, іс жүргізу құжаттарын реттеу дер кезінде жүргізілмесе, жұмыс нәтижесіне де теріс әсер етеді, - дейді Ербол Салықов.

Ербол Ғұмарұлы сондай-ақ өңірдегі Ішкі істер департаменті, тағы басқа салалық басқармалардың өз жанынан «қоғамдық кеңес» атымен құрылған ұйымдардың қызметі заңсыз екендігін атап өтті.

Төрағаның айтуынша, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын талқылау бойынша бүгінге дейін Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің 80 отырысы өткен екен. Ол жиындарда 337 жоба талқыланған. Кеңес мүшелері әрбір нормативтік-құқықтық акт жобасына өз пікірін айтып, өзгерістер мен толықтырулар енгізген.

- Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе аудандық, қалалық және облыстық қоғамдық кеңестердің төралқа отырыстарында талқыланып, ұсынылған 11 бапқа өзгерту мен толықтыру енгізу туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне жіберілді. Cоның ішінде заңның 1-тарау, 4-бап, 1-тармақты «Қоғамдық негіздегі қызметі; Кеңсе, интернет, байланыс, канцелярлық жабдықтармен қамтамасыз ету, экспертиза жүргізу жергілікті бюджет тарапынан қаржыландырылады. Сонымен қатар қоғамдық кеңестің жұмыс үдерісін толыққанды атқару үшін кеңес хатшысының штаттық бірлігі жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі» деген бағытта және 3-тараудың 12-бабы, 3-бөлікпен «Қазақстан Республикасының заңнамасында қаражат лимиті шегінде қоғамдық кеңестің аппаратының құрылымын бекітеді және оны ұстауға әрі материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындайды. Қоғамдық кеңес аппараты қызметшілерінің штат саны лимиті үш адамнан кем емес болып белгіленеді» деген толықтыру ұсынылды. Заң жобасына ұсынылғандар ішінде «Қоғамдық кеңестер» түсінігін нақтылау, оның құрамындағы және қоғамдық кеңес құру бойынша жұмыс тобының құрамындағы мемлекеттік құрылым мен азаматтық қоғам өкілдерінің үйлесімді мөлшерін өзгерту, мүшелердің сандық құрамын бекіту бар, - дейді Ербол Салықов.

Бір қызығы, алғашқы сайланған қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі қазіргі қолданыстағы заңда қарастырылмаған екен. Яғни, өз міндетін толық орындамаған қоғамдық кеңес мүшесін шығарып тастау мүмкін емес, тек қана өз өтінішімен шығуы тиіс. Орал қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин осы мәселеге назар аударды: «Қоғамдық кеңес мүшесі бола тұра, оның жиналыстары мен жұмыстарына белсенді араласпайтын жандардың өкілеттілігін күні бұрын тоқтату күн тәртібінде өткір тұрған шаруа деп есептеймін. Өйткені, кейбір мүшелердің салғырттығы айналып келгенде қоғамдық кеңестің халық арасындағы, билік алдындағы беделі мен имиджіне кері әсер етеді. Сондықтан өз басым осы мәселе тұжырымдамада орынды ескерілген деп ойлаймын» дейді Бауыржан Файзоллаұлы.

Жиын барысында Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Ақ отау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Исқалиева «Қоғамдық кеңес институты қарапайым халықтың үнін жоғары жаққа жетуіне үлес қосады деген халық үміті ақталғанын» айтады. Оның ойынша «Қоғамдық кеңестер диалог алаңына айналып келе жатыр». Осы жиында Зеленов аудандық қоғамдық кеңесінің төрайымы Любовь Шмарина, Жәнібек аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекет Әліпқалиев сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.

- Мен тұратын Жәнібек ауылы – Орал қаласынан 500 километрден аса шалғайда жатыр. Соған қарамастан қоғамдық кеңестің бір де бір жиналысынан қалған емеспін. Бұл – қоғамдық кеңес қызметінің маңызын, ел алдындағы жауапкершілікті сезінгендіктен, - дейді Бекет Әліпқалиев ақсақал.

Оралда өткен жиында Батыс Қазақстан облысындағы қоғамдық кеңестердің есептері қабылданып, заң жобасын талқылау барысында айтылған ұсыныс-пікірлер Астанаға, Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі жанындағы жұмыс тобына жолданатыны айтылды.

- Өздеріңізге мәлім, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңес мүшелерінің басым бөлігі азаматтық қоғам өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері болуы тиіс деген шешім өз күшінде тұр. Сонымен бірге, кез келген адам ел үшін маңызды мәселені қоғамдық кеңес талқысына салып, күн тәртібіне шығара алады. Ол үшін кеңес мүшесі болуы міндетті емес. Мемлекет пен қоғамның алға дамуы үшін қажетті ұсынысты әр адам айтуға құқықты, - деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Міне, алғашқы сайланған қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеті аяқталуына да небәрі жарты жылдай уақыт қалыпты. Бүгінгі жиында айтылған ұсыныс-пікірлердің бәрі қоғамдық кеңестердің келесі сайланған кезеңінде жүзеге асары анық.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген

Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ