Аймақтар • 31 Тамыз, 2018

Конституция күніне орай 90 ақтөбелік жанұя баспаналы болды

264 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбеде Конституция күнін мерекелеу қарсаңында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған жаңа пәтер иелеріне күні кілттер тапсырылды, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Конституция күніне орай 90 ақтөбелік жанұя баспаналы болды

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Қазақстандық ипотекалық компания» арқылы 566 пәтерге арналған тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Олардың ішінде 90 пәтер кезекте тұрған көп балалы және жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, толық емес отбасы, мүгедек балалары бар отбасыларға, бюджеттік сала қызметкерлеріне үлестірілді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңадан қоныстанушыларды  өміріндегі маңызды оқиғамен құттықтады.

«Әр адам үшін үйдің ерекше мәні бар. Тәуелсіздік жылдары біздің елімізде Елбасының басшылығымен қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Соның ішінде осы аудан дәлел - бірнеше жыл бұрын мұнда ашық дала болатын, ал қазір жаңа тұрғын ауданы салынған. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бойынша жарияланған басты мақсаттардың бірі тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Өткен жылы 790 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, биыл біз кем дегенде 900 мың шаршы метр пайдалануға береміз» - деді аймақ басшысы.

Пәтер кілтін алғандардың бірі – көз ауру бойынша мүгедек Шайзада Жазылбаева. Ол көп жылдар бойы тұрғын үйді жалға алғанын айтты.

«Мен кезекте 11 жыл қатарынан тұрдым. Алты адамнан тұратын біздің отбасымыз ұзақ уақыт бойы үйді жалға алдық. Жақында бізге екі бөлмелі пәтер алатынымызды хабарлады. Мен әлі күнге дейін толқып жүрмін», - деді ол.

Жыл басынан бері Ақтөбеде 280 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй салынды. Жыл соңына дейін облыста 900 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысында Конституция күнін ауқымды атап өтілуде. Облыс орталығында және аудандарда жалпы құны 6 млрд теңге болатын 25 әлеуметтік, өндірістік және коммерциялық нысандар тапсырылады.