Қазақстан • 31 Тамыз, 2018

Қазақстан құрамасын ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шығарып салу рәсімі өтті

476 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Тараз-Арена» спорт кешенінде Қазақстан ұлттық құрамасын ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шығарып салу рәсімі болды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі. 

Қазақстан құрамасын ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шығарып салу рәсімі өтті

2-8 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Шолпан ата қаласында өтетін ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қазақстан құрамасы сақадай дайын. Бүгін «Тараз-Арена» спорт кешенінде спортшыларды шығарып салу рәсімі өтті. Шараға Спорт және денешынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов, Жамбыл облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, сондай-ақ белгілі қазақстандық спортшы Ақжүрек Таңатаров қатысты. Б. Байжановтың айтуынша, Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиындарын өткізген, сайыстарға сақадай сай тұр.

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын аударыспақтан Азияның үш дүркін чемпионы Сырым Ізбасаровқа салтанатты түрде тапсырды.

37 ұлттық спорт түрінен өтетін дүбірлі додада әлемнің 80 елінен жиналған үш мыңға жуық спортшы қатысады. Қазақстаннан екі жүзге жуық спортшы барады.

Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына алғаш рет өткізілген 2014 жылдан бері қатысып келеді. Сол жолы қазақстандықтар 11 алтын, жалпы 28 медаль алып, 18 елдің арасында екінші орынды иеленген болатын.

2016 жылы ұйымдастырылған ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 63 елден мыңнан астам спортшы қатысты. Қазақстан спорттың 22 түрінен 13 алтын, жалпы 39 медаль алып, жалпы есепте үшінші орынды иеленді.