Әдебиет • 31 Тамыз, 2018

Астанада «Ақ ордалы Астана» халықаралық поэзия кеші өтті

865 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған рухани құндылықтарға басымдық бере отырып, Астана қаласының 20 жылдығының құрметіне Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Ақ ордалы Астана» халықаралық поэзия кеші өтті.

Астанада «Ақ ордалы Астана» халықаралық поэзия кеші өтті

Поэзия кешіне қазақ ақындарынан бөлек финляндиялық ақын, эссеші, славян, орыс әдебиетінің аудармашысы Юкка Маллинен, ақын, Шанхай университетінің профессоры Оуянг Ю (Австралия), ақын, баспагер Гагик Давтян (Армения), ақын, прозашы, сыншы, «Литературная газетаның» Бас редакторы Максим Замшев (Ресей), ақын Акбар Рыскулов (Қырғызстан), француз жазушысы, публицист және аудармашы Тьерри Мариньяк, ақын, баспагер, суретші Малгожата Махлевская (Польша), ақын Любовь Красавина (Ресей), ақын Сергей Мнацаканян (Ресей) сияқты сөз зергерлері қатысты.

Елорда аспанынан жыр жауған кештің шымылдық сөзін ашқан Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Бүгін қазақ әдебиеті үшін айтулы күн. Астана қаласының 20-жылдық мерейтойына орай әлем ақындарының қатысуымен «Ақ ордалы – Астанам» халықаралық поэзия кеші басталды. Шетелдік ақындармен қатар отандық әдебиет әлемінің майталмандары, бүгінгінің ақиық ақындары Астанаға өлең арнап, Қазақ елі жайлы қалам тербеп жатыр.

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аты бағдарламалық мақаласында: «Рухани жаңғырудың басты шарты – мәдениетіміз бен ұлттық кодымызды сақтап қалу. Онсыз рухани жаңғыру құр жаңғырық болып қалады» деп баса айтты. Еліміз жүргізіп отырған саясатта мәдениетке аса көңіл бөлінген. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу, ұлттық мәдени мұраны насихаттау мақсатында әдебиетімізге идеологиялық мән берілген. Қазақстан, Астана және Елбасы турасындағы тақырыптың қозғалуы және олардың қазақ, ағылшын, орыс тілдеріне, сондай-ақ БҰҰ мақұлдаған ресми шет тілдеріне аударылуы біз үшін үлкен мәртебе болмақ", –деді

Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет те кешке қатысқан ақындар мен елордалық ағайынға ақжарма тілегін айтты: «Қасиетті Сарыарқа даласында, Елордамыздың төрінде «Ақ ордалы Астанам» атты халықаралық ірі фестивальдің ұйымдастырылуы және оған қазақ ақындарымен қоса, алыс-жақын шетелден қаламгерлердің тартылуы Астанамыздың 20 жылдық мерейтойына үлкен сый деп білемін. 

Міне, бес күннен бері Астананың жұпар ауасын жұтып, ақынның өлең жолдарындай сұлу ғимараттарына тамсанып жүрміз. Күні кеше келген қонақтар Бурабайға, Баянауылға барып, қазақ даласының қасиеті мен қастерін ұғынғандай болып қайтты. Әсіресе, шетелден келген келген қонақтардың әсері ерекше. «Астана бүгінде – Қазақстан жетістігі мен жеңістерінің символы» ­– деп Елбасымыз Н.Әбішұлының айтқаны еш шүбәсыз шындық. Жаңа астана салу идеясының авторы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» тарихи стратегиялық бағдарламасы міне, өздеріңіз куә болып жүргендей қазірдің өзінде нәтижесін беруде.

Бұл шара да «Рухани жаңғырудың» көрінісі. Ақындар да, халық та іштей түлеп, жандары нұрланып жатқаны көздерінен-ақ көрініп тұр. «Ақ ордалы Астанам» жыр кешіне жиналып, ақындардың жырына сусап отырған Астаналық ағайынның ақеділ көңіліне мың алғыс! Бүгінгі күн Астанамыздың төбесінен жыр жауған күн болсын!», деді Жазушылар одағының төрағасы.

Халықаралық поэтикалық кештің негізгі мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін сақтау және біздің еліміздің мәдени ерекшеліктерінің әртүрлілігін дамыту, Қазақстан халқының достығы, бірлігі мен патриотизмін нығайту, Қазақстанның мақтанышы, бейбітшілік пен төзімділік символы, еуразиялық мәдениет орталығы – Астананы «Әлемнің қаласын» көрсету.

Іс-шара барысында шығармашылық кеш ұйымдастырылып, «Рухани Жаңғыру» айдарымен «Әлем ақындары Қазақстанды жырлайды» атты шығармалар жинағы жарыққа шықпақ.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»