Футбол • 31 Тамыз, 2018

Стоилов: Грузия топтағы басты қарсылас

432 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Станимир Стойловтың қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Басты себеп 6-қыркүйек күні өтетін Қазақстан - Грузия матчы жайлы болды. 

Стоилов: Грузия топтағы басты қарсылас

- Ең алдымен барлық Қазақстанды конституция күнімен құттықтаймын. "Астана" командасы да кеше керемет сыйлық жасады деп ойлаймын. Мереке мерекеге ұласты. Енді осы ізді бізде жалғап, Грузияны жеңсек дейміз. Өз алаңымызда топтағы мықты қарсыласты ұтуға тырысамыз. Себебі, коэфицент жағынан да, рейтинг жағынан да біздің топтың нөмірі бірінші командасы - Грузия. Оқу-жаттығу жиындарын одан әрі "Астана-Аренада" жалғастырамыз. Барлық футболшымыз дайын, жарақат алған ешкім жоқ. Тек көптеген футболшыларымыздың спорттық бабы нашар. Олар легионерлердің кесірінен көптеген ойындарда алаңға шыға алмаған. Мысалы, "Астана" ойыншылары Бейсебеков, Мұртазаев, Зайнутдиновтар соңғы 2 айда 3-4 ойынға ғана қатысқан. Бұл мен үшін де, футболшылардың өздері үшін де ойланатын нәрсе.

- Грузия құрамасын зерттегеніңіз рас. Қарсыластың бапкері Владимир Вайс үнемі жартылай қорғаушыларды мықтап дайындайды. Грузияның қай ерекшелігінен қорқақтайсыз?

- Грузия өте тегеурінді қарсылас. Олардың ойыншылар құрамын қарасаңыздар кілең Еуропаның ірі ұжымдарында ойнайтынын байқайсыз. "Генк", ресейлік "Краснодар", "Локомотив", "Крылья Советов" секілді ұжымдарында өнер көрсетеді. Олар тегіс бабында жүргендер десем артық емес.  Сондықтан да, олардың командалық ойынынан қорқуымыз керек. Бірақ, футболда аяқдопшылардың аты мен атағы көп нәрсе шешпейді. Егер біз жақсылап дайындалып, жеңгіміз келіп, жігерленіп шықсақ онда алынбайтын қамал жоқ. Басты мақсатымыз - 3 ұпай. Бірақ одан кейін Андорраны да ұмытпауымыз керек. Желпініп жүріп, ертесіне Андорраға ұтылып қалсақ, ұят болады. Кейде футболда ондай жағдайлар да болып тұрады емес пе?

- Ұлттық құраманың қорғанысы "Астана", жартылай қорғанысы "Астана" мен "Қайрат", ал шабуыл өті өзгелерден құралған десек те болады. Чемпионатта өткен жолы хет-трик жасаған Алексей Щеткин осы жолы негізгі құрамда алаңға шығуы мүмкін бе?

- Алексей жалпы жақсы шабуылшы. Бірақ, оған бапкерлердің сенімі аз болып жүр. "Астанада" тек ішкі біріншілікте болмаса, еурокубокте көп алаңға шықпайды. Ол соның салдарынан өзіне сенімділік ала алмай жүр. Грузияға қарсы ойында ол негізгі құрамда алаңға шықпайтын шығар.

Ермұхамед Мәулен