Қазақстан • 03 Қыркүйек, 2018

Елбасы Парламенттің алдында ел өмірін жақсартуға бағытталған басымдықтарды айқындап берді

439 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

1 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қа­зақ­­стан Республикасы Пар­ла­менті палаталарының бірлес­кен отырысы өтті. Отырысты регламентке сәй­кес, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­мату­лин жүргізді. Ол алтыншы ша­қырылымдағы Пар­ламенттің төр­тінші сессиясын ашып беру үшін сөзді Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.

Елбасы Парламенттің алдында ел өмірін жақсартуға бағытталған басымдықтарды айқындап берді

Қазақстан Республикасы Консти­туциясының 59-бабына сәйкес VI ша­қы­­рылымдағы Парламенттің төр­тінші сессиясын ашық деп жа­рия­лаған Елбасы депутаттарды жаңа парла­мент­тік мау­сымның басталуымен құт­тық­тады.

Сіздер жазда өңірлерді аралап, ел­дің тыныс-тіршілігімен жете таныс­ты­ңыздар. Халықты не толғандыра­тынын, қан­дай мә­се­лелер бар екенін көз­бен көріп, біліп келдіңіздер. Ол барша қа­зақ­стандық­тардың әл-ауқатын жақсарту жолындағы қыз­меттеріңізге қажет. Ке­зек күттірмей қолға алынуға тиіс ма­ңыз­ды жұмыстар жеткілікті, деп жал­ғас­тырды өз сөзін Мемлекет басшы­сы. 

Қос палатаның бірлескен отырысында басымдықтарды айқындап, бірден іске кірісуіміз керек. Стра­те­гиялық нысана белгілі. 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына қо­сы­лу – біздің айнымас межеміз. Осы жол­да дәйекті саясат пен кешенді шара­лар жүргізіп, мақсатты түрде алға басып келеміз.

Мен Бес әлеуметтік бастамамды жа­рия еттім. Парламент пен Үкімет бір­лесіп жұ­мыс істеп, оны жүзеге асы­руға қажетті бар­лық заңнамалық алғышарттарды жасады.

«7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша алғашқы несиелер беріле бастады.    

Қосымша 20 мың білім гранты бө­лінді.

70 мың орындық жатақхана құры­лы­сына дайындық аяқталды.

Жаңа жылдан бастап жалақысы төмен азаматтардың табыс салығы
10 есе азая­ды.

Жеке іс бастауға берілетін шағын не­сие­лер көлемі 62 миллиард теңгеге кө­бейді.

«Сарыарқа» газ құбырының құры­лысына дайындық жұмыстары аяқ­талып қалды.

Осылайша, мен жариялаған әлеу­меттік жаңғыруды іске асырудың не­гізі қаланды, деді Елбасы.

Депутаттық каникул кезінде сіз­дер өңірлерде болып, тұрғындарды тол­ғант­қан практикалық мәселелермен тереңірек таныстыңыздар.

Алтыншы шақырылым­дағы де­пу­таттық корпус жо­ға­ры кәсібилік және Үкі­мет­пен өзара үй­лесімді іс-қимыл танытты.

Үшінші сессиясының қоры­тын­дысы бойынша Парламент тал­қы­лауларға сарапшылар, азаматтық қо­ғам өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қа­тысқан 87 заң қабылдады.

Осы жылдар бедерінде дәйекті ре­фор­малар жолымен біз биліктің бар­лық тармақтарының өзара іс-қимы­лын тең­дестіре отырып, мем­лекеттік жүйенің тиімділігін арттыра түсудеміз.

Экономика мен қоғамды тиімді жаң­ғырту үшін жағдайлар жасалуда.

Өткен жылдан біз экономиканың әлемдік орта өсу қарқынынан асып түсе бастадық. ІЖӨ өсімі 4 процентті құ­­­рай­­­ды, инфляция 5,9 процентке дейін тө­­мен­деді, инвестициялар 24 про­­цент­ке өсті.

Экономикалық өсімнің қозғаушы күші шикізаттық емес сектор – өңдеу өнеркәсібі, көлік және қызмет көрсету саласы болды.

Осындай жағдайларда мен жа­рия­лаған Бес әлеуметтік бастаманы сапалы жүзеге асыру маңызды.

Қысқа мерзімде Парламент пен Үкі­мет тарапынан қажетті нормативтік құ­қы­қ­тық база толықтай қалыптасты­рылды. Бұл 6 миллион қазақстандықтың өмір жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Осылайша ел өсіп-өркендеуінің ше­шуші шарты болып табылатын біз­дің азаматтарымыздың бірлігі нығая түседі, деп атап өтті Президент.

Елбасы әрі қарайғы ілгерінді әлеу­мет­тік-экономикалық даму үшін са­палы заң шығару жұмысын жалғастыру қа­жеттігіне тоқталды.

Бірінші. Маңызды мәселелердің бірі өзін өзі жұмыспен қамтыған адам­дар­ды әлеуметтік қамсыздандыру жүйе­­сіне тарту болып табылады. Та­быс­тары­нан ешқандай аударым жасамайтын және соған сәйкес зейнетақы жүйесі мен әлеуметтік қолдау шараларымен толыққанды қамтылмаған ха­лықтың бір бөлігі бар. Осыған бай­ланысты қа­жетті заңнамалық өзге­ріс­тер жасалды.

Өзін өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеуді оңайлату үшін біртұтас жиынтық төлем енгізу ұсынылып отыр. Оны төлеу – өзін өзі жұмыспен қам­тамасыз еткендерге медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйелеріне, сондай-ақ зейнетақымен қамтамасыз етуге қатысуға мүмкіндік береді.

Осы өзгерістерді үстіміздегі жыл­дың соңына дейін қабылдау талап еті­леді. Бұл – міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыруға көшіп отырған жағдайда аса көкейкесті.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелерімен қатар, жаңа кепілді медициналық көмек моделін енгізу, қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерін, медицина ұйымдарында корпоративтік басқару жүйелерін же­тіл­діру және т.б. қарастырылған заң жо­басы жасалды.

Ол қазір Парламентте жатыр. Оны қарауды созбауды өтінемін.

 

Екінші. Тұрғын үй қатынасы саласы әрбір адамның тікелей мүддесін қозғайды. Құрылыс қарқынды дамып жатқан тұста ТКШ-да шешілмеген мәселелер бар. Бұл азаматтар тарапынан наразылық тудыруда.

Қызмет көрсетуші компаниялар мен тұрғын үй иелері арасындағы өзара қарым-қатынастың ашықтығын қамтамасыз ету, олардың қаржыны қайда жұмсап жатқандарын бақылау талап етіледі. Жалпы үй шаруашылығын басқарудың түсінікті де тиімді жүйесін қалыптастыру қажет.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет осы жылы Парламентке енгізетін тиісті заң жобасы жасалды.

Үшінші. Табиғи монополия саласында инфрақұрылымдарды жаңарту және көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бойынша міндеттер тұр.

Парламентте «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы бар. Ол монополистердің өз қызметтерінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруын, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайтуын ынталандыруға бағытталған.

Төртінші. Қуатты экономиканың негізі – бұл, бірінші кезекте, шағын және орта бизнес. Оның экономикадағы үлесін 2050 жылға қарай 50 процентке жеткізу – стратегиялық мақсат.

Бүгінде бұл сегментте 1 миллионнан астам субъект жұмыс істейді және елдің белсенді халқының 30 проценттен астамы қамтылған. Болашақта шағын және орта бизнес экономикада басты жұмыс беруші болуы тиіс.

Үстіміздегі жылдың мамырында мен кәсіпкерлік қызметті реттеуді же­тіл­­­­діру бойынша кең ауқымды түзе­­ту­л­ер дестесіне жария түрде қол қойдым.

Алға ілгерілей беру қажет.

Бизнес ортаны әрі қарай дамыту үшін Үкімет тарапынан заңнамалық өзгерістердің жаңа дестесі енгізілетін болады.

Кәсіпкерлікті дамытуға туризм саласы үлкен серпін қоса алар еді. Үкі­метке Туризмді дамытудың 2023 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жасау тапсырылды. Ол қаржылай және қажетті заңнамалық базамен бекітілуі тиіс.

Туристік қызмет мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістерді үстіміздегі жылдың соңына дейін қарастыру қажет.

Бұған қоса, Парламентте мем­ле­кет­тік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алулары мәселелері бойынша маңызды заң жобасы жатыр. Ол сатып алулар үдерістерін оңай­латуға, екінші жағынан – олардың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Заң жобасын қабылдау жемқорлық тәуекелдерді төмендетіп, қаржыны басым міндеттерді жүзеге асыру үшін босатуға және бизнес ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.

Парламентке сондай-ақ қылмыстық заңнаманы экономикалық қызмет саласында әрі қарай ізгілендіру мәселесін қарастыру қажет. Бұл арада ынталандыру мен жазалау арасындағы тиімді тепе-теңдікті табу маңызды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама тұрақты болуы тиіс, оның үстіне, құқық бұзушылық сипатына жауапкершіліктің сай келушілік принцпін бұлжытпай сақтау қажет. Үкімет осы жылы аталған міндеттерді шешуге бағытталған заң жобасын енгізетін болады.

Бесінші. Агроөнеркәсіп кешені сала­сындағы заңнаманы әрі қарай жетіл­діру талап етіледі. Бұлар сақ­тан­дыру, аграрлық қолхаттарды енгізу, кре­диттік серіктестіктерді дамыту, сон­дай-ақ ветеринария саласында бақы­лау жүйесін жетілдіру мәселелеріне қатысты.

Заңнамалық түзетулердің тиісті дес­тесі Пар­ламентте жатыр. Оны үсті­міздегі жылдың соңына дейін қарас­тыруды өтінемін.

Алтыншы. Біз қоғамдық сананы жаңғыртудың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі кешенді жұмыстарды жалғастырамыз. Оның аса маңызды міндеттерінің бірі тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен танытуды қамтамасыз ету болып табылады.

Осы орайда айтарым, тиісті заң жобасы Парламенттің қарауында жатыр. Оны қабылдау озық әлемдік тәжі­рибеге сәйкес тарихи және киелі нысан­дарды тиімді дамыту мен қорғауға ықпал ететін болады.

Жетінші. Үстіміздегі жылдың маусымында Шымкентке респуб­ликалық маңызы бар қала мәртебесі беріліп, Түркіс­тан облысы құрылды. Киелі Түр­кіс­тан қаласында жаңа облыс орта­лығын құру өзін өзі бас­қаратын жеке әкім­шілік орталық ретінде өлкенің та­рихи маңызын қай­та жаңғырту­дың символы болып табы­лады.     

Облыс орталығының Түркістанға көшірілуі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да аса маңызды. Ол – еліміздегі ең киелі жерлердің бірі.

Тарлан тарихымызда талай тағ­дырлы шешімдер осында қабылданған. Есімдері ел тарихына мәңгі жазылған біртуар тұлғаларымыз осында жай тапқан.

Халық тығыз қоныстанған тұтас оңтүстік өңірдің дамуы жаңа облыс орталығының жұмысын тиімді ұйымдастыруға байланысты. 

Сонымен бірге республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленген Шымкенттің тыныс-тіршілігі де назарда болуға тиіс.

Таяу уақытта Парламенттің қа­рауына қайта құрылған әкімшілік-ау­мақтық бірліктердің толыққанды жұ­мысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заң жобалары енгізілетін болады. Олар жедел қарастырылып, қа­былдауды талап етеді.

Құрметті депутаттар!

Бүгін мен атап өткен жұмыстардың барлығының түпкі межесі – елдің тұрмыс-тіршілігін жақсартып, әрі қарай дами түсу. Осы мақсатқа жетуіміз экономикалық, саяси, әлеуметтік, рухани бірлігіміздің мызғымауына тіке­лей байланысты.

Бұл орайда халық қалаулыларына да зор жауапкершілік жүктеледі. Ел­дің үдесінен шығып, Қазақстанды тұрақ­ты және қарқынды дамыту жолында же­місті жұмыс істеңіздер, деп түйін­деді Елбасы депутаттарға арнаған сөзін.

Соңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарды кезекті парла­менттік сес­сияның ашылуымен тағы да құт­тық­тап, қызметтеріне табыс, отба­сыларына амандық тіледі.

Отырысқа төрағалық еткен Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бар­лық депутаттар атынан Елбасына Пар­ламенттің төртінші сессиясын ашып, алдағы жұмыстың басым бағыттарын бел­гілеп бергені үшін зор алғыс білдірді. Сондай-ақ Парламенттің алды­на қойған барлық міндеттерді екі палата депутаттары абыроймен атқа­ратынына сендірді.

Бірлескен отырысқа еліміздің Пре­мьер-Министрі, Мемлекеттік хатшысы, Президент Әкімшілігінің Бас­шысы, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың және Орталық сайлау комиссиясының төрағалары, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Серік ӘБДІБЕК,

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

 

Соңғы жаңалықтар