Медицина • 03 Қыркүйек, 2018

Тәжірибелі сүңгуір

433 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алексей Еремеев Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті Жедел құтқару жасағында 15 жылдай абыройлы қызмет етіп келеді. Суда құтқару қызметінің басшысы бүгінгі таңда ысылған тәжірибелі маманға айналды. 

Тәжірибелі сүңгуір

Оралда туып-өскен ол осындағы №3 орта мектепті аяқтап, әскер қатарына шақырылады. 2 жылғы әске­ри өмірде Алексей қатардағы жауынгерден сержант шеніне жетті. Әскер қатарынан келіп, қаладағы жұмыс беруші орындарда түрлі қызметте істеді. Кейін облыстық суда құтқару қызметіне қабылдау жүріп жатқанын біліп, лезде құжаттарын тапсырды. Алғашында құтқарушы-матрос бо­лып жұмысқа кірісіп, кейін арнайы дайындықтан өтіп, сүңгуірлік қыз­мет­ке ауысты. Осылайша оның құт­қа­рушы-сүңгуір ісі басталып та кетті.

Осы қызметтегі ең алғашқы атқар­ған ісі бір үйдің 6-7 жастардағы екі бал­­дырғанын су түбінен алып шы­ғуы еді. Көктемде болған бұл оқиға­­ны Алексей былайша еске алады. «Шаған өзені жағасында ойнап жүр­ген балалардың екеуі байқау­сыз­да өзенге құлап, батып кетеді. Бала­лар­дың екеуін де су түбінен алып шық­қан Алексей жаңа жұмысының жанға ауыр тиетінін байқайды. «Қыз­метіміз оңай емес. Осы уақытқа дейін көптеген жайсыз жайттарды көзбен көрдім. Су астында батқан адамды іздеу – айтарлықтай ауыр сәт. Бәрінен бұрын кішкентай баланың суға кеткені ауырлау», дейді ол.

Адамдардың суда қауіпсіздік ережелерін сақтамай, өз өмірлеріне немқұрайлы қарайтындықтарынан көптеген қайғылы жағдайлар орын алады. Сондай жағдайларды болдырмау мақсатында Алексей Викторович жасақ қызметімен ұйымдастырылатын алдын алу шараларына белсене араласып, суға түсушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады.

Сүңгуірлік қызметінде суға кету­шілер көптеп кездескендіктен, жұ­мыста салқынқанды болуына тура келді. Өйткені бұл жұмыс психоло­­гиялық тұрғыдан өз өзіне қатаң болуды үйретеді. Су астына батқан талай адамның денесін ештеңе көрінбейтін тереңдікке түсіп іздеу, оны алып шығу үшін де өз бойыңдағы қорқыныш пен үрейді жеңуің керек. Бұл әр адамның атқара берер жұмысы емес екені анық.

Суда құтқару жасағында – 12 жыл, ал мекеме қайта құрылғаннан кейін Жедел құтқару жасағында 3 жыл жұ­мыс істеп келе жатқан Алексей Ере­меев бұл қызметте жылдам ойлап, тез әрекет ету керектігін тілге тиек етті.

Алексей құтқарушы-сүңгуір бола жүріп, 2002 жылы сырттай Батыс Қа­зақстан аграрлық-техникалық уни­­вер­ситетіне оқуға тапсырды. Жо­ғары оқуды 2008 жылы аяқтап, газ және мұнай саласы бойынша жо­ғары ма­мандық алып шығады. Алай­да газ бен мұнай саласына кетпей, сүң­­гуірлік кәсібіне берік күйінде қалды. Сүң­гуірлік ендігі жерде Алек­сей Ере­меевтің өмірінің ажырамас бөлшегіне айналып кетті десе болады. Еңбегі елеусіз қалмады. 15 жыл ішінде облыстық департаменттің мара­патына, Төтенше жағдайлар комитетінің Алғыс хаттары мен Төтенше жағдайлар министрлігінің төсбелгілеріне ие болды.

Алексейдің айтуынша, сүңгуірлік істің қиын бір тұсы – батқан адамды ағысы қатты суда іздеу. Облыстағы мұндай су айдыны – Жайық өзені. Көк­темде Жайық өзені тасып, ағысы қатты болғанда, батқан адамды ағыс орнынан қозғап әкетеді. Сол себепті іздестіру жұмыстары 3 күннен 10 күнге дейін немесе одан да көпке жалғасады. Ал қыстыгүні суға кеткен­дерді іздеу сүңгуір үшін тағы бір сы­нақ. «Сүңгуір іздестіру жұмыс­тары­на әрдайым дайын болып, су түбіне кет­кен адамды тауып алу үшін бар білі­мін, күшін жұмсауы қажет», дейді ол.

Алексей бүгіндері 1-класты құт­қарушы және ІІІ топтың мамандығы бойынша 1-класты сүңгуір атағына ие.

Бүгінде Алексей Викторович екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр.

Құтқарушы-сүңгуір мамандығы – қауіп пен қатерге толы. Сондықтан қандай да бір қателікке бой алдырып, техникалық қауіпсіздікті сақтамасаң, өміріңе қауіп төнуі мүмкін. Бұл қызмет әлсіздікті көтермейді.

Асан НАРЫНБАЙҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті

жедел құтқару жасағының қызметкері

ОРАЛ