Сұлтанмахмұт үшін сор кешкен…

Егемен Қазақстан
03.09.2018 1465
2

Сұлтанмахмұт Торайғырұлы!

Кейде кісі аты-жөнін айтсақ жетті, оның өне бойынан от өріліп, ұшқын шашқандай болатыны бар.

Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып күн болам.

Қараңғылықтың кегіне –

Күн болмағанда, кім болам?! – дейтін Сұлтанмахмұт Торайғырұлы есімін ауызға алсақ бітті, жасынан лапылдап жанып өскен, жалындап өткен, өлең отына өртеніп өлген қыршын дарын көз алдыңа келіп тұра қалады.

Алаштың ұранын жазған Сұлтанмах­мұттың кінәсі де, күнәсі де, егер ескі көз­бен қарар болсақ, Әлихан Бөкей­хан­ұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Ду­­латұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағ­­жан Жұ­мабайұлы секілді елім, ж­ерім деп еңіреп өткен азаматтардың қай-қай­сысынан да бір мысқал кем емес. Бү­гінгі тілмен айтқанда, жалын ат­қан ақын­ның халқын сүюі, халық үшін басын бәйгеге тігуі өзінің әлгі әріп­тес­те­рінен артық болмаса кем емес деген сөз бұл! Профессор Бейсембай Кен­же­байұлының айтуына қарағанда, Сұл­тан­махмұт қайтыс болғанда ұлы ақын Мағ­жан Жұмабайұлы жылап тұрып: «Ала­таудай ақыныңнан айырылдың қа­зақ, Қанатыңнан қайырылдың қазақ», деп өлеңмен сағаттап сөз сөйлеуінің сы­ры, шын қайғының қаралы жыры да міне, осын­да. Ал олай болса, аталмыш қа­­зақ мә­дениетінің Алатаудай алыптары қиын тағдыр кешіп, айдалып, аты жа­бық келіп бүгін ғана ақталып жат­қан­да То­­рай­ғырұлының «тайраңдап» оқулық­тар­дан орын алып, ортамызда жүргені қалай?

Біздіңше, мұның екі себебі бар. Ең алдымен сұңқаржүрек ақынның қара дауыл соққан қаралы, халықты қанжылатқан, қансыратқан жаралы жылдарға ілікпей, жетпей – 1920 жылы, жиырма жеті жасында қайтыс болуы.

Асылы, Сұлтанмахмұт басының кірленбей аман қалуының екінші басты себебі – зерттеушісінің жүрекжұтқан мықтылығында, зерттеушісінің ақын тағдыры үшін аянбай, табанды түрде үздіксіз күресе білуінде.

Өткенге көз жіберіп, көңіл қыдыртып ойлансақ, әдебиет пен өнерге жасалған саяси науқанның қай-қайсысынан да С.Торайғырұлы мұрасы тыс қалған емес екен. Алайда соның бәрінен дер мерзімінде ақталып шығып, ұлы ақын есімі мен әдеби мұрасының бізбен бірге жүруіне, Жер-Ананың құшағында ғана емес, халқының құшағында жасауына бас себепкер адам – аяулы ғалым Бейсембай Кенжебайұлы!

Сұлтанмахмұт Торайғырұлы бар әдеби мұрасын – бар тағдырын Бейсе­кеңе аманат етіп тапсырып кеткендей, Б.Кен­жебайұлы бар ғұмырын ұлы ақын мұ­расын тануға, танытуға, әр кезең­де жабыл­ған жаладан арашалауға бағыш­тайды. Өзі ақық танығанынан танбай­тын табанды – белдескен жерде не белі сын­бай, не белдігі үзілмей қайт­пас қай­сар ғалым Бейсембай Кен­же­бай­ұлы бол­мағанда, ол ақын әруағы үшін ба­сын бәйгеге тігіп, жан сала күрес­пе­­ген­де Сұлтанмахмұт есімін өлідей-ақ әлде­­қашан ақтаңлаққа айналдырып жібе­ріп, ақтаңлақтар есебінен, жоғарыда атал­ған әріптестерімен бірге, жылап-еңі­реп енді-енді қайта ашып, қайыра қауы­шып мәз-мейрам болып жататын едік… Сұл­танмахмұт үшін де ақын жыр-мұрасын қадірлейтін исі қазақ Бейсекеңе қарыздар.

Бейсембай Кенжебайұлы Сұлтан­мах­мұт рухына мүлтіксіз берілген, алаңсыз арналған жан еді. Тірі тышқанды жағаламай, өлі арыстанды бағалаған шынайы ғалым еді Бейсекең. Бұл жолда ол беделге бас имеді, мансапқорға жағынбады, ақиқаттан танбады. Дәйімгі табандылығын ұлы ақын мұрасы дауға түскенде де танытты. Ұлы ақынды анық­тау, ақтау, тану, таныту жолында ол ұлтшыл да, космополит те атанды, Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің қаулысына да ілікті. Қайсар әрекеті үшін Қазақстан Компартиясы Орта­лық Комитетінің әр кездегі хатшы­лары болған М.С.Соломенцев, Н.Жан­діл­динмен сілкілесіп айтысты. Айтыс жайын айтпас бұрын «Сұлтанмахмұттануға бастаған бұл жол қалай арналанып еді?» – соны анықтап, ойланып алайықшы.

– Торайғырұлы тақырыбына қашан, қалай келдіңіз? – деп сұрадым бірде Бейсекеңнен.

– Ұлы ақын есімін мен тұңғыш рет 1922 жылы естідім, – деді ғалым сабырлы ғана. – Келесі жылы ақынның «Адасқан өмір» деген атпен жарық көрген жинағын оқыдым. Ақын шығармалары маған айрықша әсер етті. Сол күннен бастап Сұлтанмахмұт менің сүйіп оқитын ақыныма айналды.

 Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқып жүргенде 1939-1940 оқу жылы «Сұлтанмахмұт Торайғырұлы» деген тақырыпта курс жұмысын жаздым. Ол 1940 жылы мамыр айында, ақынның қайтыс болғанына жиырма жыл толуына орай «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланды.

Міне, содан бері мен Сұлтанмах­мұттың өмірі мен шығармасын зерттеу жұмысымен үздіксіз айналысып келемін. Ақынның екі поэмасын кітап етіп шығардым. Таңдамалы шығармалары екі рет менің басқаруыммен жарыққа шықты. Ақын өмірі мен шығармалары хақында көптеген мақала, «Сұлтанмахмұттың ақындығы» (1949 ж), «Сұлтанмахмұт Торайғырұлы» (1957 ж), «Сұлтанмахмұт Торайғырұлын зерттеу, тану мәселесі» (1968 ж) секілді зерттеу еңбектерін, «Асау жүрек» әңгімелер жинағын шығардым».

Ғалым кезінде бұл жайларды жәй хабарлау ыңғайында қарапайым ғана айтқанымен, бастан кешкен қиындығы айта қалғандай ауыр болыпты.

Б.Кенжебайұлы сонау қырқыншы жылдардың өзінде, Сұлтанмахмұт ұлт­шыл буржуазия өкілі ретінде баға­ланатын кезеңде ақын мұрасына төніп келе жатқан қауіпті сезіп оны «Халық ақыны» биігіне көтере бағалапты. Солай бағалапты да айықпас, құтылмас пәлеге қалыпты. Ол «Сұлтанмахмұт қазақ халқының ашынған ойын, мұңын, тілегін, аңсаған арманын, асыл сана-сезімін бойына сіңірген, қазақ халқының өмірі мен тұрмысын, әлеуметтік және рухани бейнесін түгел қамтып жырлаған талантты ақын. Қазақ халқының Абайдан кейінгі реалист үлкен ақыны» («Социалистік Қазақстан», № 158, тамыз 1945 ж) деп жазған екен игі ниетпен.

Ақынға ізгі ниет, ақық бағалауды қи­маған солақайлар тап-тап беріпті ғалымға. Атап айтқанда, Жұмағали Сәрсеков «Сұлтанмахмұт – Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, тағы басқалардың үлгілі дәстүрінен тіпті аулақ, реакция­шыл ақын» («Казахстанская правда» №185, 15 қыркүйек, 1946 ж) деп ұлы ақынды кеудесінен итере, кері сырып тастапты. Халық ақыны деп бағалаған Бейсекеңе едәуір тіл тигізіпті. Ол аз десеңіз, тап солай «халық ақыны» деп бағалағаны үшін Қ.Бекхожин Бейсекеңді «Буржуазияшыл-ұлтшыл ақындардың адвокаты» («Казахстанская правда» № 212, 28 қазан, 1946 ж) деп қаралапты.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей ғалым көрген қуғын-сүргіннің басы – осы! Бұл қуғын 1947 жылы ғалым «Сұлтанмахмұттың ақын­дығы» аталатын тақырыпта канди­дат­тық диссертация қорғар тұста тіпті үдеп кетеді. Қылышынан қан тамған Қазақ­стан Компартиясы Орталық Ко­митеті 1947 жылы «Қазақ КСР Ғылым академиясының, Тіл және әдебиет инс­титутының жұмысындағы саяси өрес­кел қателіктер туралы» арнайы Қаулы қабылдады. Онда бірсыпыра еңбектермен бірге Сұлтанмахмұт әдеби мұрасының ұлтшылдық сипаты, оны зерттеген ғалым Б.Кенжебайұлы бағалауындағы «ұстам­сыздық» сыналды. Кейін ғалымның өзі бұл қаулы жөнінде былай деп жазды: «Болған іс, басымнан өткен уақиға ретінде бір жайды айтпасыма болмайды. Мен өзімнің әлеуметтік өмірімде сынға, талқыға көп түстім. Әсіресе қыр­­қыншы, елуінші жылдары жиырма жыл бойына дерлік үздіксіз орынды, орын­­сыз сыналып, айыпталып, соққы кө­ріп жүрдім… 1947 жылы «Қазақ КСР Ғы­лым ака­демиясының тіл және әде­биет инс­титутының жұмысын­да­ғы өрес­кел қа­телер туралы» деген қаулы шығар­ды. …Қаулыда менің «Сұлтан­­­мах­мұт­тың ақындығы» – деген канди­дат­тық дис­сертациям – қолжазбам да сы­нал­ды. Онда ақынның ұлтшылдығы, қайшы­лығы ашылмаған, саяси бағыты, көзқа­ра­сы асыра бағаланған делінді» (Б.Кен­же­байұлының «Өмір өрінде» ата­ла­тын қолжазбасы. 36-бет. Ғалым архиві).

Ғалымның күрсініске толы қолжаз­басынан бір өкінішті жайды аңғарамыз. Бақсақ, Б.Кенжебайұлының кандидаттық диссертациясы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Қаулысына әлі ешқайда кітап болып басылмаған қол­жазба күйінде сыналып кіріп отыр. Бұл не деген сөз? Бірін-бірі жау тұтқан қа­зақ­­тың әсіре сақ, әсіре белсенді, әрі Кен­­жебайұлын көре алмайтын бір пен­­денің жандайшап әрекеті деп білу керек мұны! Қазір ғалым архивінде «Сұл­танмахмұттың ақындығы» (1947 ж)  аталатын кандидаттық диссерта­ция­сының түптелген қолжазбасы сақтаулы. Қолжазба еңбектің кіріспе тарауы (16-бет) жыртылып алынып тасталған. Мән-жайын сұрағанымда «Қаулыға орай кезінде жыртқызып тастаған» деді ғалым. «Кіріспеде» нендей ой бар еді? Бұл сұраққа жауапты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтің Алматы қала­сының ғылым, әдебиет және көркем өнер қызметкерлерінің жиналысында жасаған «Идеология майданындағы қызметкерлердің айбынды міндеттері» деп аталатын баяндамасынан табамыз. Баяндамада Ж.Шаяхметов: «Тіл және әдебиет институты, оның жеке ғылыми қызметкерлері бізге дейін болған таптық қоғамдардың өндіріс қатынастарының әлеуметтік мәнін ашып көрсетпеді. Мәселен, Кенжебайұлы жолдас өзінің «С.Торайғырұлының ақындығы туралы» (диссертация аты қате аталып отыр – Қ.Е.) – деген диссертациясында былай деді: «…халқымыз тап ретімен ұйымдасып үлгермегені былай тұрсын, тапқа айқын жіктеліп те жеткен жоқ еді. Сондықтан да, біздің ол кездегі әдебиетімізде таптық бағыт, таптық көзқарас күңгірт жатады. Бізде айқын, таза тап ақыны, тап жазушысы жоқ деуге болады».

Қазақ әдебиеті тарихының мәселелерін мұндай өрескел қате және ғылымға қайшы әдіспен баяндау салдарынан өткен заманның әдебиет мұрасының бәрі, қазақ халқының әдебиет өкілдерінің бәрі біржақты, тек жақсы жағынан зерттелді. Осыдан келіп өткен заманның әдебиет өкілдерінің бәрі жалпы ұлт, жалпы халық қамқоры деп көрсетілді.

Мұндай теріс әдіс өткен заманды, хандарды, байларды, билерді дәріптеуге, қазақ ауылының бұрынғы феодалдық-рушылдық қалпын көксеуге әкеліп соқты.

Ақыр аяғында, қазақ әдебиеті тари­хының мәселелерін мұндай өрескел қате, ғылымға жат әдістермен баяндау салдарынан марксизм-ленинизмге көріне қайшы келіп ғылыми әдебиетімізде бұрынғы қанаушы таптардың өкілдерінің бәрі мұнтаздай болып шықты, езілген таптардың өкілдері, өткен заманда халықтың тұрмыс мүдделерін көксеген, үстем тапқа, билер мен бектерге қарсы шыққан таңдаулы адамдар ескерусіз қалдырылды» («Қазақ КСР Ғылым академиясының хабарлары», Алматы 1948 ж, 6-бет).

Сөйтіп сұлтанмахмұттанушы Бейсем­бай Кенжебайұлына қарсы «кампания» басталып-ақ кетті. Жиналыс сайын Кен­жебаев сыналады. Баспасөз біткен Кен­же­баевты сынап, ай-кәпірге айналдырады.

«Торғай жаңбыр жауса балапа­нын қорғайды, бұршақ жауса басын қорғайды» дегендей үйіріліп соғып келе жатқан дауылдан ықпасқа, қорық­п­ас­қа мүмкін емес-ті. Кенжебайұлы да Сұлтанмахмұттың «аз-кем қателес­ке­нін айтып, кандидаттық диссертациясын 1949 жылы қайта жөндеп «Сұлтанмахмұттың ақындығы» деген атпен кітап етіп шығарды. Кітапқа Тіл және әдебиет институтының сол кездегі директоры Мәлік Ғабдуллин партиялық сынға қарсы келмейтін, партиялық этиканы ескере отырып алғысөз жазды: «…КК(б)П Орталық Комитетінің жоғарыда аталған қаулысында және Ж.Шаяхметов жолдастың «Идеология майданындағы қызметкерлердің айбынды міндеттері» туралы жасаған баяндамасында Б.Кенжебайұлының осы еңбегі большевиктік әділ сынға алынып, Сұлтанмахмұт шығармашылығын зерттеудегі автордың жіберіп алған елеулі қате-кемшіліктері атап көрсетілген болатын. Онда Кенжебаев жолдас Сұлтанмахмұт шығармаларын мадақтаумен болып, оның таптық әлеуметтік мәнін және қайшылықтарын толық аша алмады делінген».

Содан бергі кезде Б.Кенжебаев жолдас қазақ әдебиетінің тарихын жасау жөнін­де күрделі ғылыми жұмыстар жүргізе отырып, өзінің Сұлтанмахмұт жайында жазған осы еңбегін қайта қарап, ондағы қате-кемшіліктерін түзеп шықты…» (Б.Кенжебаев. «Сұлтанмахмұттың ақын­дығы». А., 1949, 3-бет) деді онда.

Демек, әдебиет пен өнерді, ғылымды идеологияға бағындырған, саясат қол­жау­лығына айналдырғысы келген әкімдердің «шарапаты» арқасында ғалым дұрысын бұрысқа «түзеді», тура жолдағы ақынды адасты деп жазуға мәжбүр болды.

Алайда «қателігін» мойындағанына қарамастан, Б.Кенжебаевты сыналудан, ұлтшыл атандырудан – сынаудан, басына бұлт үйіруден тынбады, танбады «достары».

1949 жылы 17 сәуір күні Қазақстан Жазушылар одағы партия жиналысы болып, онда Б.Кенжебайұлы, Т.Нұртазин, Ә.Қоңыратбаев, Е.Ысмайылов секілді ғалымдар «ұлтшыл» көзқарасы үшін айыпталыпты. С.Омаров, Ж.Саин, С.Мұ­қанов секілді ардақ тұтар ақын-жазушыларымыздың сол жолы Бейсекең жөнінде айтқан сөздерін стенограммадан оқысаңыз төбе шашың тік тұрады. (Бұл жиналыс жөнінде «Жас алаш» газетінің 1989 жылғы 11 қазан күнгі №198 (11235) санында жарияланған «Жылымық алдындағы ызғар» аталатын мақалада бірсыпыра жайлар баяндалған).

Сол кезеңнің әсіресолақай әпербақан сыншысының бірі Жұмағали Сәрсеков сөзіне ден қоялық: «Сұлтанмахмұт… үлгіні, өнегені орыс халқынан үйрен деп, дәл Абайдай ашып айта алмады… Ал ақпан төңкерісінен кейін ол алашорданың ақыны, алашорданың қазақ халқына қарсы, большевиктерге қарсы нағыз пасықтық, нағыз жауыздық күресінде үлкен қызмет атқарған, дау­рықпа ұраншысы болды… Алайда Кенжебайұлы жолдас осы ақиқаттарды аттап өтіп, Сұлтанмахмұтты көкке көтерді, оны «классик», «зор тарихи көрініс», «өз заманының азамат ақыны» деп лепірді» («Әдебиет және искусство» журналы, 1951, № 7) деп жазды ол.

Ұраншыл, ұрдажық сыншы Ж.Сәр­сековтің кім көрінгеннің қолында қол­шоқпар болып жүретін сауатсыз сыншы екені кім-кімге де аян. Ал философ, философия ғылымдарының докторы, кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының академигі атанған Нұрымбек Жанділдинге жол болсын?! Мансап пен ғылымды «сәтті ұштастырған» Н.Жанділдинді де қоя тұрайық, әдебиетті нәзік түсінеді дейтін талғампаз сыншы Баламер Сахариевке не көрінген? Ол «Социалистік Қазақстан» газетінің 1952 жылғы наурыз айында жариялаған «Б.Кенжебаевтың творчес­тво­сындағы қателіктер» аталатын мақаласында кісі танымас, кісілік таби­ғатына қайшы пікірлер айтады. Өлі Сұлтанмахмұтты да оңдырмайды, тірі Бейсембайды да аямайды. «Б.Кенжебаев Сұлтанмахмұтты «өз заманының ұлы, асқан азамат ақыны», «қазақ халқының классик ақын-жазушысы» деп… жөнсіз асыра бағалайды да, ақынның алаш­ордашыл, ұлтшыл бағытта болған қателіктерін атүсті сүйей салады… шынында Сұлтанмахмұт ұсақ буржуазияның сойылын соғушы, соның мүддесін қорғаушы болды» дейді. Ол аз болса «…Б.Кенжебаев өзінің бұл ұлтшылдық бағыттағы өрескел қателері талай рет қайталанып көрсетілсе де, ол баспасөз бетіндегі мұндай пікірлерге күні бүгінге дейін құлақ аспай, қателіктерін түзеуге ты­рыспай келеді. Тіпті қателіктерін мойын­дауды да қажетсінбейді. Бірақ оның мұндай орынсыз «қайсарлығына совет жұртшылығы төзе бермейді» (№ 72, 25 наурыз) деп зерттеушіні сойылмен ұрғандай сұлатып салады.

Жақсылыққа дегенде алтыбақан алауыз қазақтың, жамандыққа келгенде ынтымақшыл топтың әрекетінің «нәтижесі» қандай? Нәтижесін білу үшін біз ғалым күнделігіне үңілеміз.

«Бір жылдан кейін – деп жазды ол күн­делігіне, – 1953 жылы, наурыз айында аудандық, қалалық партия коми­тет­тері мені партия қатарынан шығар­ды; Қазақтың С.М.Киров атындағы мем­ле­кеттік университеті қызметтен босатты.

Осыдан мен тоғыз ай қызметсіз отыр­дым: жау деп ешбір мекеме қызмет­ке алмады, ешбір газет-журнал жазған­дарымды баспады. Бірқатар жолдастар маған жоламай кетті.

Совет азаматы, профсоюз мүшесі, жазушы, ғылым кандидаты қызметсіз отырды…» («Болған, бастан өткен оқиғалар», 37-38-беттер).

Басына қаралы күн туғанда «достары­ның» жоламай кеткеніне өлердей өкінген ол «Тек бірді-екілі жолдастардың ауда­руға алған кітаптарын аударыстым. Со­нымен күн көрдім, бала-шаға асырадым. Баспа орындары біліп қалып, кейде оны да бергізбей қойып жүрді» (Сонда 38-бет) – депті одан әрі әлгі аталған күнделігінде.

Жазушы-ғалым жары Меңжамал Кенжебаева:

«Тарыққанда күйсандық сатып, нан пұл ажыратпақ болдық. Сонда көрші-қолаң «халық жауы», партиядан шыға­рылған ұлтшылдың күйсандығы құры­сын, бәлесінен аулақ» деп алмады. Бей­сем­байдың қымбат кітаптарын базарға апа­рып сатып, нан қылған күндеріміз бол­ды ғой қарағым» деген кезінде та­рыққан, зарыққан жылдарын есіне алып.

Көңілсіз күй, күйсіз күндер қанша уақытқа созыларын кім білсін, егерде Бейсекеңнің шешімді әрекеті болмаса. Өзінің тәуекелшіл әрекеті жөнінде ол: «Қалалық партия комитеті партиядан шығарған соң, мен облыстық партия комитетінің екінші секретары, сол кезде бірінші секретарьдың қызметін атқарып отырған З.А.Бунаков жолдасқа барып жолықтым, жайымды айттым.

Партиядан шығармақ түгіл, жапқы­зып, атқызсаңыз да, материалдарды түгел, жете тексеруіңізді өтінем дедім. Ол кісі соған уәде етті. Істі партия ба­қылау комиссиясына беріп, алты-жеті ай тексертті» (Аталған қолжазба. 38-бет) деп жазды.

Мұнымен де шектеліп жатқан ғалым жоқ. Жоқ қатесін бірде мойындаған болып, бірде шынын айтып Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне, «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясына хат жазумен болды. Сөй­тіп жүргенде Бейсекеңнің бағына, дұш­пандарының сорына «бас қанішер» И.В.Сталин өлді... Ақырған аяз сынды... Сөйтіп жүріп, торығумен өткен тоғыз айдан соң, сұлтанмахмұттанушы Бейсембай Кенжебайұлы КОКП қатарына қайта оралды. Кезінде КОКП қатарынан шығарылу – жазаға дайындау, КОКП қатарына қайта оралу – жазадан аман қалу, қатердің таралып, бұлттың ыдырауымен бара-бар еді ғой. Сондықтан да жазықсыз жапа шеккен ғалым КОКП қатарына қайта оралды деген сөзді қуанышты көңілмен айтамыз.

Саяси науқан кезінде, одан кейін де Бейсекең өзі жайында әртүрлі әрекетке барған адамдардың бас-басына хат жазып, айыптарын айтып, аярлықтарын бетіне басқан. Сондай хаттың бірін алға тартайық.

«Аса құрметті Ісмет Кеңесбайұлы!

Қазақ жазба поэзиясының аса көр­­некті өкілінің бірі Сұлтанмахмұт То­рай­ғыровтың ақындық шығар­машылығына арналған менің еңбегім республикалық «Казахстанская правда» газеті беттерінде, сондай-ақ түрлі жиналыстар мен мәжі­лістерде талқылауға түсті. Соның баршасында мен еңбегімде жіберген мынадай «қателіктер» қадап айтылды:

1). С.Торайғыровтың табиғатқа һәм қоғамға материалистік көзқа­ра­сын асыра бағалаппын, 2). С.То­рай­­ғы­ровты қапысыз халық ақыны деппін.

Сәрсеков және басқа нантабар әде­биетшісымақтар бұл «қателіктерімді» бар жерде асқан белсенділікпен әшкерелеуі мені таңғалдырмайды. Сондай-ақ олардың жоғарыда көр­сетілген «қателіктер» арқылы маған «ұлтшылдық қателіктер» деген жарғы тағуы да таңғалдырмайды мені. Таңғалдырмайтын себебі, олар осы арқылы саяси капитал жинап алғысы келеді ғой баяғы.

Алайда мені Сіздің солармен ымы­раласып кетіп, тізе қоса қимыл­дап, өз жа­ныңыздан тағы бір «қатемді» тапқаныңыз қайран қалдыр­май тұрмайды. Сіздіңше мен С.Торай­ғы­ровты «әбден қалыптасқан марксист-лениншіл» дейтін көрінемін.

Менің есіме мынадай жайлар келеді: Сіз, біріншіден, С.Торайғыров шығар­машылығының үлкен жанашыр-жақтау­шысы сияқты едіңіз, екіншіден, менің әңгімелі болып жүрген еңбегімді оқып шықтыңыз, үшіншіден, Ғылым академиясы Тіл және әдебиет инсти­туты, Қазақ Мемлекеттік универси­те­тінің Ғылыми Кеңестерінде менің диссертация қорғауым үстінде Сіз екі рет ресми сөйледіңіз. Соның қайсысында да Сіз менің қарапайым еңбегіме жо­ғары баға бере сөйледіңіз. Мен айт­қандарыңызға шүбәсіз сенген едім.

Сенгенім бекер болғалы тұр. Ұлы Абай айтқан «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап»-тың кері келді. Сіз енді басқаша сайрап жүрсіз… Соңғы бірнеше айдың межесінде менің еңбегім жайында Сіздің пікіріңіз түбірімен өзгерген секілді… Сіз тіпті менің «қатемді» ойдан қосып, «әшкерелеуге» білек сыбанып кірісіп те кетіпсіз.

Сіз басқаратын Комиссияға жаз­­ған түсінік-хатымда айтқанымдай, ме­нің еңбегімде С.Торайғыровтың та­биғатқа һәм қоғамға материалистік көз­қарасын асыра бағалаушылық бар. С.Торайғыров шығармашылығы жө­­ніндегі менің пікірім аталмыш ең­бе­гімде және түсінік-хатымда айтылған.

Менің өз басыма келсек, бар саналы ғұмырымда (оның 20 жылын баспасөзде өткіздім) бір мәрте де екіжүзділік таныт­қан пенде емеспін.

«Делами,

Кровью – строкою вот этою,

Нигде не бывшей в найме» –

деп В.Маяковский айтқандай хал­қыма, Отаныма адал қызмет етуге тырысамын.

Менің Сізге деген шынайы құрметім мен сенімімді қабыл алыңыз.

 Б.Кенжебаев.

23(ХІ-46 ж.

Алматы.»

Бұл – академик Ісмет Кеңесбаевқа бағышталған хат.

Апыр-ау, деп ойлайсың бүгін, ха­лық­тан Сұлтанмахмұт сынды сүйікті ақынын тартып алғанда кім ұтады, әйтпесе оны бұралаң-соқпақ қиын жолдарда ақтап, жақтап келе жатқан Б.Кенжебайұлын жыққанда кім ұтады? Әдебиет үшін де, халық үшін де бірыңғай ұтылыстан өзге не бар бұл әрекеттерде? Халық ұтылған соң жеке пенде ұтты не, ұтпады не?

Халық деп атқарған істің, мезетінде азабы қаншалық зор болуына қарамастан, аяғы – қайыр! Су ағады, тас қалады. Кезеңдік саяси науқанды малданған мансап иелерінің іс-әрекеті теріске шықты, ғалым пікірі әділетке айналып күні бүгін салтанат құрып отыр. Қазір Сұлтанмахмұт атын атасақ ойымызға ұлы ақын мұрасы үшін күрескен де тірескен Бейсекеңдей ғалым есімі қоса оралады. Кезінде тірескен табанды іс-әрекеті үшін белуардан сор кешсе, бүгін «Сұлтанмахмұттанудың негізін салушы» аталады, ұрпақтарынан алғыс алады…

Қазақтың көрнекті ғалымы Бейсембай Кенжебайұлының С.Торайғыров мұ­расын ақтау, жақтау жолында кешкен сор, көрген бейнетінің бұл бір кезеңі, бір бөлігі ғана…

Құлбек ЕРГӨБЕК

 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

19.11.2018

Мемлекеттік басқару академиясы қазақстандық тәжірибені тарату орталығына айналды

19.11.2018

Алматыда ХІV Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі ашылды

19.11.2018

Алматыда көлік апатынан 10 айда 114 адам ажал құшқан

19.11.2018

Жыр алыбы Жамбылдың өмірі сахналанды

19.11.2018

Павлодарда биыл 349 жол-көлік оқиғасы орын алған

19.11.2018

Абылайхан ЖҮСІПОВ: Токио туралы айтуға әлі ерте...

19.11.2018

Елбасы Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті

19.11.2018

Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін

19.11.2018

Түркістанда халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті

19.11.2018

Маңғыстауда «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының облыстық слеті өтті

19.11.2018

Маңғыстауда өткен тарихи турнир өз мәресіне жетті

19.11.2018

Энергия үнемдеу бойынша Қазақстан 32-ші орында

19.11.2018

Көкшетауда жылу ақысы арзандайды

19.11.2018

Теміртауда Президенттік пән олимпиадасы өтті

19.11.2018

Бітіруші түлектер мансап орталықтары арқылы жұмысқа орналасады

19.11.2018

Павлодар облысында кәсіпкер әйелдер 113 жоба жүзеге асырған

19.11.2018

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі күнгейліктерді теріскейге шақырды

19.11.2018

Петропавлда жаңа шіркеу ашылды

19.11.2018

Қостанайда жол қозғалысы ережесінің бір күнде 375 рет бұзылғаны анықталды

19.11.2018

Солтүстік Қазақстанда 1 миллион тоннаға жуық майлы дақыл жиналды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Талғат БАТЫРХАН, Егемен Қазақстан

«Baı bolsań halqyńa paıdań tısin»

«Batyr bolsań jaýyńa naızań tısin, Baı bolsań halqyńa paıdań tısin». Kezinde aıyr tildi Áıteke bı aıtqan aqyldy sóz. Keler ǵasyrlarǵa da keter ǵaqlıa.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Esi ketken eskini alady

Búginde avtomobıl degen burynǵydaı baılyqtyń, sol kólikti satyp alǵan adamnyń áleýmettik jaǵdaıynyń jaqsy ekendiginiń kórsetkishi bolýdan qalyp barady. Bir úıde eki, keıde úsh avtokóliktiń bolýyn, tipti keıbir jumyssyz júrgenderdiń de avtokólik satyp alýyn oǵan mysal retinde keltirýge bolady. Osy oraıda avtomashınalardyń sonshalyq kóbeıip ketýiniń syry nede degen saýaldyń týyndaýy da zańdy. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qala jáne qazaq

Astana – jastar qalasy. Qala kóshelerinde kele jatyp aınalańa qarasań kóbinese jastardy kóresiń. Demek, Astana – bolashaqtyń qalasy. Osy Astana arqyly qazaqtardyń qala halqyna aınalyp kele jatqandyǵyn jáne aınala alatyndyǵyn anyq baıqaýǵa bolady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Mádenıetti adam. Ol kim?

Osy keıde on ekide bir gúli ashylmaǵan kókórim jastarǵa albyrttyqtyń saldarynan jibergen aǵattyǵy men qateligin túzeý maqsatynda apalyq qamqorlyqpen azǵantaı bir aqyl-keńes aıta bastasań, munyńdy muqatý, tuqyrtý dep oılaıtyndaryna túsinbeısiń.  Olardyń bári syndy solaı qabyldaıdy degen pikirden aýlaqpyz árıne, biraq kúndelikti ómirde mundaı jaıtqa jıi tap bolyp jatatynymyz ras endi. Munan soń aldyńǵy tolqyn apalarymyz ben aǵalarymyzdyń aldarynan kese-kóldeneń ótpeı, jumsaǵan jaqtaryna quldyrańdaı usha jóneletin baıaǵy bizdiń kezimizdegi jastardyń eleýsiz ǵana eskertilgen úlkenderdiń áńgimesinen keıin endigári sol kemshilikti qaıtalamaýǵa tyrysatyn elgezektigi, qarapaıymdylyǵy, kishipeıildigi, ıbalylyǵy sanamyzǵa saǵynysh sazyndaı sarqyla oralady. 

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Sheraǵań shertken sher

Qazaq jýrnalıstıkasynyń qara narlary Sherhan Murtaza men Kamal Smaıylovtyń «Egemendegi» hattary kezinde qoǵamdyq sanaǵa serpilis ákelgeni málim. «Qadirli Kamal Dos!», «Qadirmendi Sherhan!» dep bastap, el ómiriniń qaltarys-bultarystaǵy búkil problemasyn jipke tizip kórsetken, odan shyǵatyn jol izdegen eki tulǵanyń hattaryn qazir oqysań, alysty boljaı bilgen kóregendigine eriksiz tańǵalasyń. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу