Сұлтанмахмұт Торайғырұлы!
Кейде кісі аты-жөнін айтсақ жетті, оның өне бойынан от өріліп, ұшқын шашқандай болатыны бар.
Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып күн болам.
Қараңғылықтың кегіне –
Күн болмағанда, кім болам?! – дейтін Сұлтанмахмұт Торайғырұлы есімін ауызға алсақ бітті, жасынан лапылдап жанып өскен, жалындап өткен, өлең отына өртеніп өлген қыршын дарын көз алдыңа келіп тұра қалады.
Алаштың ұранын жазған Сұлтанмахмұттың кінәсі де, күнәсі де, егер ескі көзбен қарар болсақ, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы секілді елім, жерім деп еңіреп өткен азаматтардың қай-қайсысынан да бір мысқал кем емес. Бүгінгі тілмен айтқанда, жалын атқан ақынның халқын сүюі, халық үшін басын бәйгеге тігуі өзінің әлгі әріптестерінен артық болмаса кем емес деген сөз бұл! Профессор Бейсембай Кенжебайұлының айтуына қарағанда, Сұлтанмахмұт қайтыс болғанда ұлы ақын Мағжан Жұмабайұлы жылап тұрып: «Алатаудай ақыныңнан айырылдың қазақ, Қанатыңнан қайырылдың қазақ», деп өлеңмен сағаттап сөз сөйлеуінің сыры, шын қайғының қаралы жыры да міне, осында. Ал олай болса, аталмыш қазақ мәдениетінің Алатаудай алыптары қиын тағдыр кешіп, айдалып, аты жабық келіп бүгін ғана ақталып жатқанда Торайғырұлының «тайраңдап» оқулықтардан орын алып, ортамызда жүргені қалай?
Біздіңше, мұның екі себебі бар. Ең алдымен сұңқаржүрек ақынның қара дауыл соққан қаралы, халықты қанжылатқан, қансыратқан жаралы жылдарға ілікпей, жетпей – 1920 жылы, жиырма жеті жасында қайтыс болуы.
Асылы, Сұлтанмахмұт басының кірленбей аман қалуының екінші басты себебі – зерттеушісінің жүрекжұтқан мықтылығында, зерттеушісінің ақын тағдыры үшін аянбай, табанды түрде үздіксіз күресе білуінде.
Өткенге көз жіберіп, көңіл қыдыртып ойлансақ, әдебиет пен өнерге жасалған саяси науқанның қай-қайсысынан да С.Торайғырұлы мұрасы тыс қалған емес екен. Алайда соның бәрінен дер мерзімінде ақталып шығып, ұлы ақын есімі мен әдеби мұрасының бізбен бірге жүруіне, Жер-Ананың құшағында ғана емес, халқының құшағында жасауына бас себепкер адам – аяулы ғалым Бейсембай Кенжебайұлы!
Сұлтанмахмұт Торайғырұлы бар әдеби мұрасын – бар тағдырын Бейсекеңе аманат етіп тапсырып кеткендей, Б.Кенжебайұлы бар ғұмырын ұлы ақын мұрасын тануға, танытуға, әр кезеңде жабылған жаладан арашалауға бағыштайды. Өзі ақық танығанынан танбайтын табанды – белдескен жерде не белі сынбай, не белдігі үзілмей қайтпас қайсар ғалым Бейсембай Кенжебайұлы болмағанда, ол ақын әруағы үшін басын бәйгеге тігіп, жан сала күреспегенде Сұлтанмахмұт есімін өлідей-ақ әлдеқашан ақтаңлаққа айналдырып жіберіп, ақтаңлақтар есебінен, жоғарыда аталған әріптестерімен бірге, жылап-еңіреп енді-енді қайта ашып, қайыра қауышып мәз-мейрам болып жататын едік… Сұлтанмахмұт үшін де ақын жыр-мұрасын қадірлейтін исі қазақ Бейсекеңе қарыздар.
Бейсембай Кенжебайұлы Сұлтанмахмұт рухына мүлтіксіз берілген, алаңсыз арналған жан еді. Тірі тышқанды жағаламай, өлі арыстанды бағалаған шынайы ғалым еді Бейсекең. Бұл жолда ол беделге бас имеді, мансапқорға жағынбады, ақиқаттан танбады. Дәйімгі табандылығын ұлы ақын мұрасы дауға түскенде де танытты. Ұлы ақынды анықтау, ақтау, тану, таныту жолында ол ұлтшыл да, космополит те атанды, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысына да ілікті. Қайсар әрекеті үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің әр кездегі хатшылары болған М.С.Соломенцев, Н.Жанділдинмен сілкілесіп айтысты. Айтыс жайын айтпас бұрын «Сұлтанмахмұттануға бастаған бұл жол қалай арналанып еді?» – соны анықтап, ойланып алайықшы.
– Торайғырұлы тақырыбына қашан, қалай келдіңіз? – деп сұрадым бірде Бейсекеңнен.
– Ұлы ақын есімін мен тұңғыш рет 1922 жылы естідім, – деді ғалым сабырлы ғана. – Келесі жылы ақынның «Адасқан өмір» деген атпен жарық көрген жинағын оқыдым. Ақын шығармалары маған айрықша әсер етті. Сол күннен бастап Сұлтанмахмұт менің сүйіп оқитын ақыныма айналды.
Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқып жүргенде 1939-1940 оқу жылы «Сұлтанмахмұт Торайғырұлы» деген тақырыпта курс жұмысын жаздым. Ол 1940 жылы мамыр айында, ақынның қайтыс болғанына жиырма жыл толуына орай «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланды.
Міне, содан бері мен Сұлтанмахмұттың өмірі мен шығармасын зерттеу жұмысымен үздіксіз айналысып келемін. Ақынның екі поэмасын кітап етіп шығардым. Таңдамалы шығармалары екі рет менің басқаруыммен жарыққа шықты. Ақын өмірі мен шығармалары хақында көптеген мақала, «Сұлтанмахмұттың ақындығы» (1949 ж), «Сұлтанмахмұт Торайғырұлы» (1957 ж), «Сұлтанмахмұт Торайғырұлын зерттеу, тану мәселесі» (1968 ж) секілді зерттеу еңбектерін, «Асау жүрек» әңгімелер жинағын шығардым».
Ғалым кезінде бұл жайларды жәй хабарлау ыңғайында қарапайым ғана айтқанымен, бастан кешкен қиындығы айта қалғандай ауыр болыпты.
Б.Кенжебайұлы сонау қырқыншы жылдардың өзінде, Сұлтанмахмұт ұлтшыл буржуазия өкілі ретінде бағаланатын кезеңде ақын мұрасына төніп келе жатқан қауіпті сезіп оны «Халық ақыны» биігіне көтере бағалапты. Солай бағалапты да айықпас, құтылмас пәлеге қалыпты. Ол «Сұлтанмахмұт қазақ халқының ашынған ойын, мұңын, тілегін, аңсаған арманын, асыл сана-сезімін бойына сіңірген, қазақ халқының өмірі мен тұрмысын, әлеуметтік және рухани бейнесін түгел қамтып жырлаған талантты ақын. Қазақ халқының Абайдан кейінгі реалист үлкен ақыны» («Социалистік Қазақстан», № 158, тамыз 1945 ж) деп жазған екен игі ниетпен.
Ақынға ізгі ниет, ақық бағалауды қимаған солақайлар тап-тап беріпті ғалымға. Атап айтқанда, Жұмағали Сәрсеков «Сұлтанмахмұт – Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, тағы басқалардың үлгілі дәстүрінен тіпті аулақ, реакцияшыл ақын» («Казахстанская правда» №185, 15 қыркүйек, 1946 ж) деп ұлы ақынды кеудесінен итере, кері сырып тастапты. Халық ақыны деп бағалаған Бейсекеңе едәуір тіл тигізіпті. Ол аз десеңіз, тап солай «халық ақыны» деп бағалағаны үшін Қ.Бекхожин Бейсекеңді «Буржуазияшыл-ұлтшыл ақындардың адвокаты» («Казахстанская правда» № 212, 28 қазан, 1946 ж) деп қаралапты.
«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей ғалым көрген қуғын-сүргіннің басы – осы! Бұл қуғын 1947 жылы ғалым «Сұлтанмахмұттың ақындығы» аталатын тақырыпта кандидаттық диссертация қорғар тұста тіпті үдеп кетеді. Қылышынан қан тамған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті 1947 жылы «Қазақ КСР Ғылым академиясының, Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы» арнайы Қаулы қабылдады. Онда бірсыпыра еңбектермен бірге Сұлтанмахмұт әдеби мұрасының ұлтшылдық сипаты, оны зерттеген ғалым Б.Кенжебайұлы бағалауындағы «ұстамсыздық» сыналды. Кейін ғалымның өзі бұл қаулы жөнінде былай деп жазды: «Болған іс, басымнан өткен уақиға ретінде бір жайды айтпасыма болмайды. Мен өзімнің әлеуметтік өмірімде сынға, талқыға көп түстім. Әсіресе қырқыншы, елуінші жылдары жиырма жыл бойына дерлік үздіксіз орынды, орынсыз сыналып, айыпталып, соққы көріп жүрдім… 1947 жылы «Қазақ КСР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателер туралы» деген қаулы шығарды. …Қаулыда менің «Сұлтанмахмұттың ақындығы» – деген кандидаттық диссертациям – қолжазбам да сыналды. Онда ақынның ұлтшылдығы, қайшылығы ашылмаған, саяси бағыты, көзқарасы асыра бағаланған делінді» (Б.Кенжебайұлының «Өмір өрінде» аталатын қолжазбасы. 36-бет. Ғалым архиві).
Ғалымның күрсініске толы қолжазбасынан бір өкінішті жайды аңғарамыз. Бақсақ, Б.Кенжебайұлының кандидаттық диссертациясы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Қаулысына әлі ешқайда кітап болып басылмаған қолжазба күйінде сыналып кіріп отыр. Бұл не деген сөз? Бірін-бірі жау тұтқан қазақтың әсіре сақ, әсіре белсенді, әрі Кенжебайұлын көре алмайтын бір пенденің жандайшап әрекеті деп білу керек мұны! Қазір ғалым архивінде «Сұлтанмахмұттың ақындығы» (1947 ж) аталатын кандидаттық диссертациясының түптелген қолжазбасы сақтаулы. Қолжазба еңбектің кіріспе тарауы (16-бет) жыртылып алынып тасталған. Мән-жайын сұрағанымда «Қаулыға орай кезінде жыртқызып тастаған» деді ғалым. «Кіріспеде» нендей ой бар еді? Бұл сұраққа жауапты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтің Алматы қаласының ғылым, әдебиет және көркем өнер қызметкерлерінің жиналысында жасаған «Идеология майданындағы қызметкерлердің айбынды міндеттері» деп аталатын баяндамасынан табамыз. Баяндамада Ж.Шаяхметов: «Тіл және әдебиет институты, оның жеке ғылыми қызметкерлері бізге дейін болған таптық қоғамдардың өндіріс қатынастарының әлеуметтік мәнін ашып көрсетпеді. Мәселен, Кенжебайұлы жолдас өзінің «С.Торайғырұлының ақындығы туралы» (диссертация аты қате аталып отыр – Қ.Е.) – деген диссертациясында былай деді: «…халқымыз тап ретімен ұйымдасып үлгермегені былай тұрсын, тапқа айқын жіктеліп те жеткен жоқ еді. Сондықтан да, біздің ол кездегі әдебиетімізде таптық бағыт, таптық көзқарас күңгірт жатады. Бізде айқын, таза тап ақыны, тап жазушысы жоқ деуге болады».
Қазақ әдебиеті тарихының мәселелерін мұндай өрескел қате және ғылымға қайшы әдіспен баяндау салдарынан өткен заманның әдебиет мұрасының бәрі, қазақ халқының әдебиет өкілдерінің бәрі біржақты, тек жақсы жағынан зерттелді. Осыдан келіп өткен заманның әдебиет өкілдерінің бәрі жалпы ұлт, жалпы халық қамқоры деп көрсетілді.
Мұндай теріс әдіс өткен заманды, хандарды, байларды, билерді дәріптеуге, қазақ ауылының бұрынғы феодалдық-рушылдық қалпын көксеуге әкеліп соқты.
Ақыр аяғында, қазақ әдебиеті тарихының мәселелерін мұндай өрескел қате, ғылымға жат әдістермен баяндау салдарынан марксизм-ленинизмге көріне қайшы келіп ғылыми әдебиетімізде бұрынғы қанаушы таптардың өкілдерінің бәрі мұнтаздай болып шықты, езілген таптардың өкілдері, өткен заманда халықтың тұрмыс мүдделерін көксеген, үстем тапқа, билер мен бектерге қарсы шыққан таңдаулы адамдар ескерусіз қалдырылды» («Қазақ КСР Ғылым академиясының хабарлары», Алматы 1948 ж, 6-бет).
Сөйтіп сұлтанмахмұттанушы Бейсембай Кенжебайұлына қарсы «кампания» басталып-ақ кетті. Жиналыс сайын Кенжебаев сыналады. Баспасөз біткен Кенжебаевты сынап, ай-кәпірге айналдырады.
«Торғай жаңбыр жауса балапанын қорғайды, бұршақ жауса басын қорғайды» дегендей үйіріліп соғып келе жатқан дауылдан ықпасқа, қорықпасқа мүмкін емес-ті. Кенжебайұлы да Сұлтанмахмұттың «аз-кем қателескенін айтып, кандидаттық диссертациясын 1949 жылы қайта жөндеп «Сұлтанмахмұттың ақындығы» деген атпен кітап етіп шығарды. Кітапқа Тіл және әдебиет институтының сол кездегі директоры Мәлік Ғабдуллин партиялық сынға қарсы келмейтін, партиялық этиканы ескере отырып алғысөз жазды: «…КК(б)П Орталық Комитетінің жоғарыда аталған қаулысында және Ж.Шаяхметов жолдастың «Идеология майданындағы қызметкерлердің айбынды міндеттері» туралы жасаған баяндамасында Б.Кенжебайұлының осы еңбегі большевиктік әділ сынға алынып, Сұлтанмахмұт шығармашылығын зерттеудегі автордың жіберіп алған елеулі қате-кемшіліктері атап көрсетілген болатын. Онда Кенжебаев жолдас Сұлтанмахмұт шығармаларын мадақтаумен болып, оның таптық әлеуметтік мәнін және қайшылықтарын толық аша алмады делінген».
Содан бергі кезде Б.Кенжебаев жолдас қазақ әдебиетінің тарихын жасау жөнінде күрделі ғылыми жұмыстар жүргізе отырып, өзінің Сұлтанмахмұт жайында жазған осы еңбегін қайта қарап, ондағы қате-кемшіліктерін түзеп шықты…» (Б.Кенжебаев. «Сұлтанмахмұттың ақындығы». А., 1949, 3-бет) деді онда.
Демек, әдебиет пен өнерді, ғылымды идеологияға бағындырған, саясат қолжаулығына айналдырғысы келген әкімдердің «шарапаты» арқасында ғалым дұрысын бұрысқа «түзеді», тура жолдағы ақынды адасты деп жазуға мәжбүр болды.
Алайда «қателігін» мойындағанына қарамастан, Б.Кенжебаевты сыналудан, ұлтшыл атандырудан – сынаудан, басына бұлт үйіруден тынбады, танбады «достары».
1949 жылы 17 сәуір күні Қазақстан Жазушылар одағы партия жиналысы болып, онда Б.Кенжебайұлы, Т.Нұртазин, Ә.Қоңыратбаев, Е.Ысмайылов секілді ғалымдар «ұлтшыл» көзқарасы үшін айыпталыпты. С.Омаров, Ж.Саин, С.Мұқанов секілді ардақ тұтар ақын-жазушыларымыздың сол жолы Бейсекең жөнінде айтқан сөздерін стенограммадан оқысаңыз төбе шашың тік тұрады. (Бұл жиналыс жөнінде «Жас алаш» газетінің 1989 жылғы 11 қазан күнгі №198 (11235) санында жарияланған «Жылымық алдындағы ызғар» аталатын мақалада бірсыпыра жайлар баяндалған).
Сол кезеңнің әсіресолақай әпербақан сыншысының бірі Жұмағали Сәрсеков сөзіне ден қоялық: «Сұлтанмахмұт… үлгіні, өнегені орыс халқынан үйрен деп, дәл Абайдай ашып айта алмады… Ал ақпан төңкерісінен кейін ол алашорданың ақыны, алашорданың қазақ халқына қарсы, большевиктерге қарсы нағыз пасықтық, нағыз жауыздық күресінде үлкен қызмет атқарған, даурықпа ұраншысы болды… Алайда Кенжебайұлы жолдас осы ақиқаттарды аттап өтіп, Сұлтанмахмұтты көкке көтерді, оны «классик», «зор тарихи көрініс», «өз заманының азамат ақыны» деп лепірді» («Әдебиет және искусство» журналы, 1951, № 7) деп жазды ол.
Ұраншыл, ұрдажық сыншы Ж.Сәрсековтің кім көрінгеннің қолында қолшоқпар болып жүретін сауатсыз сыншы екені кім-кімге де аян. Ал философ, философия ғылымдарының докторы, кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының академигі атанған Нұрымбек Жанділдинге жол болсын?! Мансап пен ғылымды «сәтті ұштастырған» Н.Жанділдинді де қоя тұрайық, әдебиетті нәзік түсінеді дейтін талғампаз сыншы Баламер Сахариевке не көрінген? Ол «Социалистік Қазақстан» газетінің 1952 жылғы наурыз айында жариялаған «Б.Кенжебаевтың творчествосындағы қателіктер» аталатын мақаласында кісі танымас, кісілік табиғатына қайшы пікірлер айтады. Өлі Сұлтанмахмұтты да оңдырмайды, тірі Бейсембайды да аямайды. «Б.Кенжебаев Сұлтанмахмұтты «өз заманының ұлы, асқан азамат ақыны», «қазақ халқының классик ақын-жазушысы» деп… жөнсіз асыра бағалайды да, ақынның алашордашыл, ұлтшыл бағытта болған қателіктерін атүсті сүйей салады… шынында Сұлтанмахмұт ұсақ буржуазияның сойылын соғушы, соның мүддесін қорғаушы болды» дейді. Ол аз болса «…Б.Кенжебаев өзінің бұл ұлтшылдық бағыттағы өрескел қателері талай рет қайталанып көрсетілсе де, ол баспасөз бетіндегі мұндай пікірлерге күні бүгінге дейін құлақ аспай, қателіктерін түзеуге тырыспай келеді. Тіпті қателіктерін мойындауды да қажетсінбейді. Бірақ оның мұндай орынсыз «қайсарлығына совет жұртшылығы төзе бермейді» (№ 72, 25 наурыз) деп зерттеушіні сойылмен ұрғандай сұлатып салады.
Жақсылыққа дегенде алтыбақан алауыз қазақтың, жамандыққа келгенде ынтымақшыл топтың әрекетінің «нәтижесі» қандай? Нәтижесін білу үшін біз ғалым күнделігіне үңілеміз.
«Бір жылдан кейін – деп жазды ол күнделігіне, – 1953 жылы, наурыз айында аудандық, қалалық партия комитеттері мені партия қатарынан шығарды; Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеті қызметтен босатты.
Осыдан мен тоғыз ай қызметсіз отырдым: жау деп ешбір мекеме қызметке алмады, ешбір газет-журнал жазғандарымды баспады. Бірқатар жолдастар маған жоламай кетті.
Совет азаматы, профсоюз мүшесі, жазушы, ғылым кандидаты қызметсіз отырды…» («Болған, бастан өткен оқиғалар», 37-38-беттер).
Басына қаралы күн туғанда «достарының» жоламай кеткеніне өлердей өкінген ол «Тек бірді-екілі жолдастардың аударуға алған кітаптарын аударыстым. Сонымен күн көрдім, бала-шаға асырадым. Баспа орындары біліп қалып, кейде оны да бергізбей қойып жүрді» (Сонда 38-бет) – депті одан әрі әлгі аталған күнделігінде.
Жазушы-ғалым жары Меңжамал Кенжебаева:
«Тарыққанда күйсандық сатып, нан пұл ажыратпақ болдық. Сонда көрші-қолаң «халық жауы», партиядан шығарылған ұлтшылдың күйсандығы құрысын, бәлесінен аулақ» деп алмады. Бейсембайдың қымбат кітаптарын базарға апарып сатып, нан қылған күндеріміз болды ғой қарағым» деген кезінде тарыққан, зарыққан жылдарын есіне алып.
Көңілсіз күй, күйсіз күндер қанша уақытқа созыларын кім білсін, егерде Бейсекеңнің шешімді әрекеті болмаса. Өзінің тәуекелшіл әрекеті жөнінде ол: «Қалалық партия комитеті партиядан шығарған соң, мен облыстық партия комитетінің екінші секретары, сол кезде бірінші секретарьдың қызметін атқарып отырған З.А.Бунаков жолдасқа барып жолықтым, жайымды айттым.
Партиядан шығармақ түгіл, жапқызып, атқызсаңыз да, материалдарды түгел, жете тексеруіңізді өтінем дедім. Ол кісі соған уәде етті. Істі партия бақылау комиссиясына беріп, алты-жеті ай тексертті» (Аталған қолжазба. 38-бет) деп жазды.
Мұнымен де шектеліп жатқан ғалым жоқ. Жоқ қатесін бірде мойындаған болып, бірде шынын айтып Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне, «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясына хат жазумен болды. Сөйтіп жүргенде Бейсекеңнің бағына, дұшпандарының сорына «бас қанішер» И.В.Сталин өлді... Ақырған аяз сынды... Сөйтіп жүріп, торығумен өткен тоғыз айдан соң, сұлтанмахмұттанушы Бейсембай Кенжебайұлы КОКП қатарына қайта оралды. Кезінде КОКП қатарынан шығарылу – жазаға дайындау, КОКП қатарына қайта оралу – жазадан аман қалу, қатердің таралып, бұлттың ыдырауымен бара-бар еді ғой. Сондықтан да жазықсыз жапа шеккен ғалым КОКП қатарына қайта оралды деген сөзді қуанышты көңілмен айтамыз.
Саяси науқан кезінде, одан кейін де Бейсекең өзі жайында әртүрлі әрекетке барған адамдардың бас-басына хат жазып, айыптарын айтып, аярлықтарын бетіне басқан. Сондай хаттың бірін алға тартайық.
«Аса құрметті Ісмет Кеңесбайұлы!
Қазақ жазба поэзиясының аса көрнекті өкілінің бірі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындық шығармашылығына арналған менің еңбегім республикалық «Казахстанская правда» газеті беттерінде, сондай-ақ түрлі жиналыстар мен мәжілістерде талқылауға түсті. Соның баршасында мен еңбегімде жіберген мынадай «қателіктер» қадап айтылды:
1). С.Торайғыровтың табиғатқа һәм қоғамға материалистік көзқарасын асыра бағалаппын, 2). С.Торайғыровты қапысыз халық ақыны деппін.
Сәрсеков және басқа нантабар әдебиетшісымақтар бұл «қателіктерімді» бар жерде асқан белсенділікпен әшкерелеуі мені таңғалдырмайды. Сондай-ақ олардың жоғарыда көрсетілген «қателіктер» арқылы маған «ұлтшылдық қателіктер» деген жарғы тағуы да таңғалдырмайды мені. Таңғалдырмайтын себебі, олар осы арқылы саяси капитал жинап алғысы келеді ғой баяғы.
Алайда мені Сіздің солармен ымыраласып кетіп, тізе қоса қимылдап, өз жаныңыздан тағы бір «қатемді» тапқаныңыз қайран қалдырмай тұрмайды. Сіздіңше мен С.Торайғыровты «әбден қалыптасқан марксист-лениншіл» дейтін көрінемін.
Менің есіме мынадай жайлар келеді: Сіз, біріншіден, С.Торайғыров шығармашылығының үлкен жанашыр-жақтаушысы сияқты едіңіз, екіншіден, менің әңгімелі болып жүрген еңбегімді оқып шықтыңыз, үшіншіден, Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институты, Қазақ Мемлекеттік университетінің Ғылыми Кеңестерінде менің диссертация қорғауым үстінде Сіз екі рет ресми сөйледіңіз. Соның қайсысында да Сіз менің қарапайым еңбегіме жоғары баға бере сөйледіңіз. Мен айтқандарыңызға шүбәсіз сенген едім.
Сенгенім бекер болғалы тұр. Ұлы Абай айтқан «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап»-тың кері келді. Сіз енді басқаша сайрап жүрсіз… Соңғы бірнеше айдың межесінде менің еңбегім жайында Сіздің пікіріңіз түбірімен өзгерген секілді… Сіз тіпті менің «қатемді» ойдан қосып, «әшкерелеуге» білек сыбанып кірісіп те кетіпсіз.
Сіз басқаратын Комиссияға жазған түсінік-хатымда айтқанымдай, менің еңбегімде С.Торайғыровтың табиғатқа һәм қоғамға материалистік көзқарасын асыра бағалаушылық бар. С.Торайғыров шығармашылығы жөніндегі менің пікірім аталмыш еңбегімде және түсінік-хатымда айтылған.
Менің өз басыма келсек, бар саналы ғұмырымда (оның 20 жылын баспасөзде өткіздім) бір мәрте де екіжүзділік танытқан пенде емеспін.
«Делами,
Кровью – строкою вот этою,
Нигде не бывшей в найме» –
деп В.Маяковский айтқандай халқыма, Отаныма адал қызмет етуге тырысамын.
Менің Сізге деген шынайы құрметім мен сенімімді қабыл алыңыз.
Б.Кенжебаев.
23(ХІ-46 ж.
Алматы.»
Бұл – академик Ісмет Кеңесбаевқа бағышталған хат.
Апыр-ау, деп ойлайсың бүгін, халықтан Сұлтанмахмұт сынды сүйікті ақынын тартып алғанда кім ұтады, әйтпесе оны бұралаң-соқпақ қиын жолдарда ақтап, жақтап келе жатқан Б.Кенжебайұлын жыққанда кім ұтады? Әдебиет үшін де, халық үшін де бірыңғай ұтылыстан өзге не бар бұл әрекеттерде? Халық ұтылған соң жеке пенде ұтты не, ұтпады не?
Халық деп атқарған істің, мезетінде азабы қаншалық зор болуына қарамастан, аяғы – қайыр! Су ағады, тас қалады. Кезеңдік саяси науқанды малданған мансап иелерінің іс-әрекеті теріске шықты, ғалым пікірі әділетке айналып күні бүгін салтанат құрып отыр. Қазір Сұлтанмахмұт атын атасақ ойымызға ұлы ақын мұрасы үшін күрескен де тірескен Бейсекеңдей ғалым есімі қоса оралады. Кезінде тірескен табанды іс-әрекеті үшін белуардан сор кешсе, бүгін «Сұлтанмахмұттанудың негізін салушы» аталады, ұрпақтарынан алғыс алады…
Қазақтың көрнекті ғалымы Бейсембай Кенжебайұлының С.Торайғыров мұрасын ақтау, жақтау жолында кешкен сор, көрген бейнетінің бұл бір кезеңі, бір бөлігі ғана…
Құлбек ЕРГӨБЕК