Өнер • 03 Қыркүйек, 2018

Қобыз сарыны

1316 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қобызшы қыз қобызын күйге келтірген. Бір қара­ғанда титімдей ғана көрінетін аспаптан мың сан әуен төгіліп жүре берді. «Айрауық». Ықылас­тың күйі – «Айрауық!» Айрауық күйінің де жан дүниеңді астан-кестен ететін аңызы бар. 

Қобыз сарыны

Күй құрылымы екі бөлім­нен тұрады. Алғашқы бөлімі сайын дала. Сайын далада күн кешкен азат, бостан, бақуат­ты халық. Қызғылықты, қызық өмір. Әзірге баянды бақыт. Егіз баланың ер жетуі. Ат жалын тартып мінуі. Кең көсілген кер далада астындағы желқуық тұлпарларын самал желмен жарыстырып, жүйткітіп шабуы. Жүйрік аттың үстінде өрек­­­піген өр көңілдің ең бас­ты мақ­саттарының бірі туған ел­ге қорған болу. Осының бар­лы­ғы күй тілімен шебер су­рет­­теледі. Дыбыс иірімдері нақ бір сыршыл күйшінің әсерлі әңгі­месіндей жымдасады.

Күйші қыздың қабағы әдеп­кіден де түйіле түсті. Мұнан әрі ауыспалы ұсақталып, күрде­ленген ырғақтар өзегіңді өртей күллі дүниенің астан-кестеңі шық­қандай санаң сегізге, ойың онға бөлінеді. Күй желісіндегі айна­лымдар шығарманың траге­диялық мазмұнын барынша тереңдете түседі.

Күй мазмұны құлаққа сіңіп, одан жүрегіңе жетіп терең­­дейді. Күй желісі қаз қалпын­да басынан аяғына де­йін қайта­ланады. Тек соңында әртүр­лі ырғақтар күй әуенін түрлен­діріп, тереңдете түседі. Асы­лында Ықыластың «Ай­рауық­тай» ащы күйі орындаушыдан аса жоғары шеберлікті талап етеді. Өйткені қос бөлімде бүкіл пенде ғұмырдың күңгейі мен көлеңкесі бар.

Қобызшы қыз, Көкшетау қала­­сындағы Ақан сері атын­дағы мәдениет колледжінің оқы­ту­шысы Нұргүл Нұрмышева Уәли­ханов ауданына қарас­ты Елтай ауылының тумасы. Бұрын­ғы Чапаев кеңшарына қарасты Бесінші декабрь ауылында өскен. Төртінші сынып­та оқып жүргенінде Алматы­дан нағашысы, заңгер Иман Сүлей­менов шалғайдағы туыстарына соққаны бар. Сол сапарында кішкентай жиенін Алматыға ала кеткен. Бола­шақ қобызшы­ны. Әлде осындай өнері барын байқады ма екен. Байқаған да жоқ шығар. Байқаса – әулиелік. Ал оның ойы жиеніне жақсылық жа­сау. Сөйтіп Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы рес­пуб­­ли­калық арнайы музыка мек­тебі­­не береді. Бесінші сынып. Халық аспаптары және үрлемелі аспаптар сыныбы. Осы сыныпта тұңғыш рет қолына қасиет­ті қобызды ұстап көрді. Әйт­песе облыс орталығынан тым жырақта, аудан орталығының өзі күншілік жердегі Бесінші декабрь ауылына қобыз қайдан келсін. Рас, әкесі Байтілеу домбыра тартатын. Сызылтып сырнайда ойнайтын. Қазақ­тың халық әндерін нақышына келтіріп орындағанда күні-түні сахнадан түспейтін әнебір әнші­лер­ден бір кемдігі жоқ еді. Біржан салдың «Теміртасы» ше? Нұрбану анасы да өнерден құр алақан емес. Өнер шуағы шал­қыған бұлардың отбасын­да тәлім-тәрбие алған ұл-қыз­дардың барлығы өнерге жақын болып өсті. Содан кейін ғой, 1990 жылдары өлең қон­ған, ән ұшқан Көкше өңірі­не тан­ыл­ған Нұрмышевтар от­ба­сы­ның ансамблінің құрылуы. Айнұр, Гүлназ, Баян. Қазір кен­­­желері Баян күллі қазақ елі­­­­не танымал, таңдайына боз­тор­­ғай жұмыртқалаған ғажап ән­­ші­­лердің бірі. Қорғаныс ми­нистрілігі ансамблінің мүшесі. Республикалық телеарналар мен радио желілері арқылы халыққа танымал. Әнші ғана емес, өз жанынан ән шығаратын композитор.

– Сол тұста елдің әбден ұлт­тық өнерге сусаған кезі ғой, – дейді Нұргүл Нұрмышева, – мен Шымкенттің мәдени-ағар­ту инс­титутын бітіріп келгеннен кейін облыстық халық шығар­машылық орталығында әдіскер болып еңбек еттім. Кеңес құрсауы шым-шымдап босатыла бастаған өліара кезең. Қаншама жыл үзіліп қал­ған ақындар айтысы қайтадан ұйым­дастыры­ла бастады. Дәл қазіргідей емес, сол уақытта ел­дің осы бір өнер­ге деген ықы­ласы, құштарлығы керемет еді. Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеев бас болып айтыстар ұйымдасты­рыла бастады. Тіпті ұлттық өнерді насихаттайтын арнайы бастамашыл топ құрылып, жер-жерді аралады. Он­дағы мақсат ұзақ жыл бойы тұншыққан, анығында тұн­шықтырылған ұлттық өнер­дің тамырына қан жүгірту. Ел ішіндегі өнер­дің қоламтасын үрлеп жағуды балақандардан бастаған лә­зім. Республикалық «Әнші балапан», «Сиқырлы қазан», «Айналайын» тәрізді дүбірлі жарыстар өткізіле бас­тады. Мен облыс орталығында бала­ларға музыкалық тәлім-тәр­бие беретін «Жұлдыз» студия­сын құрған болатынмын. Рес­публикалық «Айналайын» байқауына жергілікті сазгер Иран Тасқараның сөзіне жа­зыл­­ған Арман Есжановтың «Айналайын» әнімен қатыстық. Сондай ғажап кезеңді бастан өткердік. Қобыз туралы айтатын болсам, мен келгенде Көкшетауда қобыз жоқ десем де болар еді. Домбыра тура­лы әңгіме жоқ. Киелі ән қонған Арқа өңірінде домбыра үзіл­меген. Ал қобыз таңсық еді.

– Мен мәдениет институтынан кейін Көкшетауға келген кезімде ұлттық өнердің үрдісі енді-енді ғана бауырын жазып жатқан еді, – дейді Нұргүл Нұрмышева, – бөгде ұлттың баянды өнеріне кірпияздау ке­ңес заманы еді ғой. Мәде­­­н­иет саласында да ұлттық өнерге мой­нын бұратын мамандар қас­­­қалдақтың қанындай аз. Әй­­теуір, орталықта ұлт жан­ашыры Күміс Біләлова қызмет істеді. Ал облыстық мәдениет бас­­қармасының бастығы Аман­гелді Жақыпбеков ағамыз қол­дау, көмек жасады. Менің ойымша, күй өнерін ұғатын­дар аз деген сылтауды көп айта бер­меу керек. Жалғыз қазаққа ғана емес, өзгеге де ұқтыру керек. Шымкент қаласында бір ғылыми конференция өтіп еді. Сонда «Ерден» күйін ойнадым. Кейін орыс қызы келіп, күйдің жай-жапсары, мазмұн-мағынасы туралы сұрады. Сол сәтте менің төбем көкке бір-ақ елі жетпей қалды. Қазір колледжде «Қобыз­дың киесі, домбыраның иесі» тақы­ры­бында ауқымды жұмыс жүр­гізіп жатырмыз. Ұлт аспап­тары­ның тарихын, барша мүм­кіндігін түсіндіруге тырысамыз. Ұлттық өнер өрісін жайып тұрса, ұлтымыздың бойында ұлық қасиеттер көп болады. Ұлболсын Двесова, Дағиман Сұңқар тәрізді оқушыларым қыл қобыздың қасиетін жан-дүниелерімен ұғынып, әбден меңгеріп алды. Қазір біздің колледж ұлттық өнердің жалауын аспандатып, биіктететін ғажап ортаға айналды. Бұл ең алдымен, ұлттық өнерге деген жанашырлық нәтижесі.

Қобызшы қыз тағы да қыл қобызын қолына алған. Тағы да Ықылас. Ықыластың «Ерден» күйі. Аңыз айтады: бұл тамалар мен көршілес жатқан қалың найманның ішінде баға­налы руының сол кезде өзге­ден беделі асқан, Атбасар округі­нің аға сұлтаны Ерден Сан­дыбайұлының өмірімен өзектес күй. Ерденнің Әйменде есімді баласы қаза болады. Арқадағы жапсарлас жатқан ер найман мен таманың бір-бірімен жылқы барымталауы кезінде. Тамалар барымталанған көп жылқының ізімен найман елінің аға сұл­таны Ерденге келеді. Келсе қай­ғы торлаған, қасірет басқан жұрт. Сол кезде Ықылас қобызын шалып, жоқтау күйін сарнатады. Батыр Ерден, өзгеге сөз бермеген шешен Ерден күйге маталған деседі.

Күйші қобызды өршелене сілтейді. Бар дүние ұмытылған Мұңлы-қулының аңыраған қара түнін көріп тұрғандай. Күңіреніп қобыз жылайды, егіліп Ерден еміренеді. Күй тоқтамайды. Адам туады, адам өледі. Арасы бар болғаны бір-ақ ғұмыр, ол қысқа ма, ұзақ па, мәселе тіпті онда да емес. Бір ғұмыр дүниені сүйіндіріп өтеді, ал бір ғұмыр қарғыс ар­қа­лап күйіндіріп өтеді. Баяғы заманда Ықылас тудырған күй тудым, өлдім, тудым, өлдім деп бебеулеп жылап жатыр. Сәлден соң шыр етіп жерге түскен жас сәбиді құшақ жайып қарсы алған мынау жарық күннің шымырлаған шаттығында дүние дел-сал тамылжиды. Күй шымырлап, құмыға түседі.

Аңыз айтады. Осы күйді тартқанда Ерден егіліп жылаған десе-ді. «Бар болғаны мен мал ұрла­дым, малыңа мал қосып қай­тарамын, айыбымды өтей­мін. Мен қойдым енді. Жер де, су да, мал да, бәрін беремін, тек жыламаңдар, ағайын».

Қайтадан күй желісі Сары­арқаның сайын даласын кезіп кеткендей. Ысқыш қозға­лы­сы қысқа-қысқа дыбыстар­ды ажарландыра түседі. Сәлден кейін жарық сәуле. Күй де адам, әйтпесе қоғам тағдыры тәрізді. Жарығың мол болғай, жақсы заман.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»