Қызына Құралай, ұлына Қаршыға деп ат берген көшпенді халық табиғатпен үндесе өмір сүрді. Алаштың Атыраудан Алтайға дейін, Арқадан Алатауға дейінгі сайын даласында табиғатына көз тоятын көптеген сұлу өлкелер бар. Соның бірі Сарыарқаның інжу-маржаны – Қарқаралы таулары. Оның тұмса табиғаты мен саф ауасы адамның тәнін емдеп, жанын жазады. Осы ғажайыпты келешек ұрпаққа мирас қылып қалдыру мақсатында 1998 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан Республикасы №1212 қаулысымен Қарқаралы ұлттық табиғат паркі құрылған болатын.
Орталық Қазақстандағы жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесінің негізгі бөлігі осы парк аумағында мекендеп, өсіп-өнеді. Оның құрамына Қарқаралы, Бақты, Кент және Тау орман шаруашылықтары кіреді. Сонымен қатар мемлекеттік парк қарамағына «Бектауата мен Белдеутас» зоологиялық қаумалдары бекітілген.
Табиғат паркінің өсімдіктер әлемі сегіз жүзден аса түрден тұрады. Олардың бес түрі Қарқаралы бөрі қарақаты, сфагнум мүгі, қырғыз қайыңы, жіңішке көкнәр, көктем жаңагүлі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Ал жануарлар дүниесінде 46 сүтқоректінің түрі, 25 құстың түрі мекендейді. Құстардың көбі соқпалы болады. Жануарлар мен құстардан арқар, қара ләйлек, бүркіт, үкі, ергежейлі бүркіт, дала сұржыланы, Игнатов гольяны Қазақстанның Қызыл кітабына енген.
Парк көлемінің жалпы аумағы 112120 гектарды құрайды. Қорықтық аймақ, экологиялық тұрақтану аймағы, туристік сауықтыру аймағы және шектеулі шаруашылық әрекетінің аймақтарына бөлінетін парк аумағын 75 мемлекеттік инспектор мен қорғау бөлімінің бастығы, табиғат нысандары мен кешендердің инженері, орман шеберлері қорғап, қадағалайды.
Сонымен қатар мобильді топтар аумақта құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізілетін рейдтерге қатысады. Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда дереу іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында мекеменің автомашиналары мен орман өртін сөндіру стансасына радиостансалар орнатылған. Орман өрт ошақтарына десанттарды жеткізу мақсатында «Тікұшақ» алаңы ұйымдастырылған. «Қазавиаорманқорғау» қызметімен өрт қауіптілігі жоғары маусымда бекітілген жоспарға сәйкес күнделікті әуеден шолу жүргізіледі. Қазіргі таңда ұлттық парктің аумағында мемлекеттік инспекторлардың тұрғын үйі мен жұмыс орны болып отырған 43 кордон орналасқан. Мемлекеттік инспекторлар киімдермен, қызметтік атыс қарулармен, куәліктермен және заманауи модификациялы рациялармен қамтамасыз етілген.
Ұлттық парк құрылған күннен бастап ғылым және мониторинг бөлімдері жұмыс істейді. Құрылғанынан осы аралыққа дейін көптеген ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Соның бірі – «Табиғат жылнамасы» бағдарламасы бойынша жүргізілетін зерттеулер. Бұл бағдарлама бойынша парк аумағында табиғи үрдістердің даму динамикасына байланысты жинаулар мен ақпаратты талдау жүргізіледі.
Білім және ғылым министрлігінің зоология институтымен 2002 жылы «Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ірі сүтқоректілерінің есебі және олардың таралуы» тақырыбы бойынша зерттеулер жүргізді.
Ғылыми зерттеу жұмыстары аясында Ә.Марғұлан атындағы археология институты және Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің Сарыарқа экспедициясы маусым айында Кент орманшылығының жеріндегі көне Алат елді мекенінде және Қызылтас елді мекенінің өндірістік алаңында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Қарағанды мемлекеттік университетінің биогеографиялық факультеті мамандары ұлттық парктің ғылым және мониторинг бөлімінің мамандарымен бірлесе отырып «Биота элементтері және экожүйелердің тұтастай жай-күйіне ұзақ мерзімді мониторингі ұйымдастыру» тақырыбы зерттеді. Ал 2009 жылы Новосібір қаласында орналасқан Ресей ғылым академиясының жүйелендіру және жануарлар экологиясы институты парк аумағындағы ұсақ сүтқоректілердің фаунасына далалық зерттеулер жүргізді.
«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша ағаш отырғызу жұмыстарына жыл сайын жоғары сынып оқушылары мен студенттер атсалысады.
Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркінің бірінші кезектегі мақсаты – фауна мен флораның табиғи мекендерін қорғау. Сонымен қатар туризмді дамыту.
Қарқаралы маңындағы Шахтер, Тасбұлақ, Апан, Інжу-маржан және тағы басқа демалыс орындарына еліміздің әр жерінен жыл сайын туристер көптеп келуде. Олардың көбі Шайтанкөл, Бассейн көлі, Қалмақ қорғаны, Үш үңгір, Қызылтас, Кімасар шатқалдарына сапар шегеді.
Сонымен қатар Тасбұлақ шатқалында орналасқан табиғат мұражайы парк мақтаныштарының бірі. Бұл 1983 жылы салынған. Екі қабатты ағаш ғимарат. Мұндағы таныстыру залында көптеген сүт коректілер мен құстардың бейнелері орналасса, ботаникалық залда сирек кездесетін өсімдіктер ұсынылған. Осы мұражай аумағында орналасқан 82 гектар зоологиялық вольерде марал, сарық, кербұғы, шудалы қодас, доңыз сияқты жануарларды тірідей көруге болады.
Қарқаралы ұлттық паркі «Саябақтар шеруі» халықаралық табиғатты қорғау акциясына 2004 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Бұл шара аясында «Құстар ұяларын орнату», «Таза арна – таза жағалау», «Таза орман», «Құмырсқа илеулерін қоршау», «Жасыл желек – жердің көркі» сияқты акцияларды тұрақты өткізіп, табиғатты қорғаудың маңыздылығын насхаттайды.
Ұлттық парктің жыл сайынғы ағаш отырғызуы мен жүздеген гектар жерлердегі топырақты минералдандыруы арқасында жалаңаш төбелердің баурайы жабылып, орман өсіп келеді. Бұл әрине көз қуантып, көңілге сенім орнатады.
Жақпар тасында арқары секіре билеген, орманында бұланы өкіре күйлеген, көк аспанында қыраны қалықтай самғаған, шыңынан сұңқары шүйіле заулаған, тоғайында құры ойнақ салған, қара орманының саф ауасына құмарымыз қанған Қарқаралы, Бақты, Кент, Қу өңірі – киелі мекен.
Гүлбаршын ЖҰМАХАНОВА
Қарағанды облысы,
Қарқаралы қаласы