Медицина • 03 Қыркүйек, 2018

Сегіз серінің шидем шекпені

1341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сегіз серінің шидем шекпені

«Серілердің серісі» атан­ған әнші, ақын, сазгер, бал­уан Мұха­медқанапия (Сегіз сері) Шақ­шақов киген шек­пен жер­гілікті тарихи-өлкетану музейіне салтанатты жағдайда тапсырылды.

Атақты тұлғаның туған жері­­не Қарағанды облы­сы, Бұқар жырау ауданы, Үш­төбе ауылынан арнайы келген Есімбек ақсақал мен Ба­қыт­­жамал әжей отбасын­да 52 жыл бойы көздің қара­шы­ғын­дай сақтап келген аса қымбат жәдігерді дүйім жұрт­тың көзінше тарту етті. Көп жыл бойы партия, кеңес орган­дарында абыройлы қыз­мет атқарған Есекеңнің тарих­тың түбін тереңнен түп­тей ақтарған ескірмейтін естеліктерін тыңдай отырып, баба өмірінің тылсым сырларына бірге бойлағандай боласың. Көненің көзіндей көрінетін қарияның айтуынша, шидем шекпеннің 172 жылдық тарихы бар көрінеді. 1846 жылы Ұлытауды қоныс еткен Сандыбайдың Ердені Сегіз сері Баhрамұлының бір топ серіктерімен Сыр бо­йы­нан Арқа жаққа бет алға­нын ес­ті­геннен кейін арнайы кісі жіберіп, қонақ болып кетуін өтінеді. Атағы жер жарған ба­тыр­­ды үлкен ілтипатпен қар­сы алып, кетерінде қазақ­тың салтымен астына ат мін­гі­зіп, иығына түйенің жүні­нен тоқылған шекпен жаба­ды. Осы сапарында Сегіз сері Омбы­дағы орыс-түзем мекте­бін­де бірге оқыған досы, әскери бекі­­ністе кеңесші, тілмаш қыз­­­­метін атқаратын Жиенәлі Дос­­қо­­жаұлына соғып, аунап-қунап қайтады. Қимастықпен қош­­­тасар сәтте аға сұлтан сый­ға тарт­қан шекпенді кигізеді.

– Содан, – деді, сөзін сабақ­таған Есімбек ақсақал бір жөткірініп қойып. Жиенәлі патшаның әскери қызметінен босаған соң Қорған болысында халық арасынан сайланған би болады. 1901 жылы 82 жасында немері інісі Өсіп екеуі қажылыққа барады. Бұл әулет шекпенді қасиетті дүниеге балап, ерекше қастерлеген. 1902 жылы Жиенәлі дүниеден өтіп, Өсіпке мұралыққа қалады. Ақ­тық демі таусыларда іні­сі Омар­ға аманаттап кетеді. Ол ұлы, менің әкем Мұқан­жарға қал­дырады. Одан біз ие болдық.

Бақытжамал апайдың айтуынша шидем шекпен таза түйе жүнінен тоқылып, шыт, кеңірдек барқытпен көм­керіліп, қапталғандықтан өте мық­ты, төзімді. Су тиген са­йын ширығып, қалыңдай түседі. Бесаспап сыртқы киімнің басқа да артықшылығы көп. Арада екі ғасырға жуық уақыт өтсе де қаз-қалпында сақталған деу­ге болады. Бойы екі метр­дей адамға шақталғанына қара­ғанда, бабамыз ірі, батыр тұл­ғалы болған тәрізді. Сол жақ жағасында оң жақтағы ілгекке кигізіліп, алқымды қымтайтын сопақ жаңғақ тәрізді зергер­лік бұйым «бұлбұл түйме» тағылған.

Жиында сөйлегендер бұл жә­ді­гердің орны бөлек, құны ерекше, бабамыздың иы­­­ғында болған, иісі сіңген дей келіп, биыл атап өтілген 200 жыл­дық мерейтойына а­р­нал­ған баға жетпес сыйлық ретінде қабыл­дады. Құнды дүниені мен­шігіндей сақтап, туған жеріне әдейі аманаттап әкел­ген Омаровтар әулетіне деген шы­найы ризашылықтарын жеткізді.

Тағылымы мол әдемі кеште Сегіз серінің әндері шыр­қалып, Есімбек аға бастап кел­ген делегация мүшелеріне үл­кен құрмет көрсетілді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы