Қазақстан • 03 Қыркүйек, 2018

IV Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Түркияда өтеді

1433 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Қырғызстанның Шолпаната қаласында III Дүниежүзілік көшпенділер ойындары белгіленген бағдарлама бойынша таңертең басталған болатын. Кешкі сағат 8-де ойындардың ресми ашылу салтанаты болды. 

IV Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Түркияда өтеді

Тұсаукесер рәсім театрландырылған музыкалық композициямен басталды. Онда көшпенді халықтардың сан ғасырлық басып өткен жолы саз, би және жаугершілік заманды бейнелеген ат ойындары арқылы көрсетілді. Композицияның екінші бөлігі заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың биылғы 90 жылдық мерейтойына арналған.

Содан кейін көшпенділер ойындарына қатысып жатқан мемлекеттердің өкілдері өз елінің туларын көтеріп көрермендердің алдынан өтті. Ең аяғында Қырғызстанның өкілдері өтіп, Қырғызстанның Президенті Сооронбай Жээнбеков құттықтау сөзін айтты.

"Көшпенділер ойындары дүние елдерінің ынтымағын нығайтып, гуманизмнің идеалдарын таратуға, табиғатқа, адам коғамына болған мәмілені өзгертуге негіз бола алады", -деді.ол

Өз сөзінде Президент іс-шараға қатысып отырған шетелдің мемлекет басшыларын көпшілікке жария етті. Бірінші Қазақстанның Президентінің атын атап:

"Бүгінгі салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Президенті құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысып жатқаны біз үшін үлкен қуаныш", - деді.

Бұдан кейін қырғыз Президенті Түркияның Президенті Режеп Тайип Эрдоганды, Венгрияның Премьер-министрі Виктор Орбанды және Татарстанның Президенті Рустам Миннихановты елге таныстырды.

Президент Сооронбай Жээнбековтың сөзінде мәлім болғандай, IV Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Түркияда өтетін болды.

 

Назарбек БАЙЖІГІТОВ

Қырғыз Республикасы,

Шолпаната қаласы