Түгел түркі төрге озған күн
Түбі бір түркі халықтарының басын қосқан саммитке Кеңеске мүше мемлекеттердің басшылары – Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Əзербайжан Президенті Ильхам Əлиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков және бақылаушы мəртебесіне ие Өзбекстан Президенті Шафкат Мирзиёев пен арнайы мейман Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан келді.
«Рух Орда» мәдени орталығында құрметті меймандарды қарсы алу рәсімі аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары ортақ суретке түсіп, жиын болатын залға өтті. Түркілердің басын қосқан алқалы жиынды ашқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның аясы кеңейіп, маңызы артқанын мәлімдеді.
«Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің көптен күткен саммитінде сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Ең алдымен қырғыз елінің жауһары – Ыстықкөлдің жағасында қонақжай көңілмен қарсы алған қырғыз елі мен оның Президенті Сооронбай Жээнбековке айрықша алғысымызды білдіреміз», деді Қазақстан басшысы.
Сонымен қатар Н.Назарбаев жиынға қатысып отырған Өзбекстан Президенті Шафкат Мирзиёев пен арғы бабалары түркі тектес Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбанның қатысуын ерекше атап өтті.
«Қадірлі қонақтардың бүгінгі басқосуға келуі Түркі кеңесінің аясы кеңейіп, маңызы артқанын көрсетеді. Саммитте қол жеткізілген уағдаластық пен саяси шешімдердің арқасында өзара ынтымақтастығымыз бен бауырластық байланыстарымыз одан әрі арта түсетініне сенімдімін», деді Қазақстан Президенті.
Одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің төрағалығын Қырғызстанға тапсырды.
«Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің төрағасы мәртебесін шаңырақ иесі Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековке табыстай отырып, оған ұйым жұмысы барысында мол табыс тілеймін», деді Н.Назарбаев.
Өз кезегінде С.Жээнбеков Қазақстан тарапына алғысын білдіріп, атқарылған жұмыстарды жоғары бағалады.
«Ең әуелі, Қазақстанға және құрметті Нұрсұлтан Әбішұлына Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінде сәтті төрағалық еткені үшін ерекше алғысымды айтқым келеді. Осы уақыт аралығында Қазақстан Түркі кеңесінің абыройын асқақтатып, мүше-мемлекеттер арасындағы маңызды келісімдерді жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Қазақстан тарапының атқарған жұмысына алғысымыз зор», деді Қырғызстан басшысы.
С.Жээнбеков биылғы саммиттің ерекше форматта өтіп отырғанына тоқталды. Өзбекстан Президенті Шафкат Мирзиёев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның іс-шараға келуі Кеңестің ауқымы кеңейе түскенін көрсететінін айтты.
«Өзбекстан Республикасының Түркі кеңесіне мүше ретінде кіруге талпынысын жоғары бағалаймын әрі қолдаймын. Бұл қадам Түркі кеңесінің ауқымы кеңейіп, халықаралық аренада абыройы артуына қолайлы жағдай жасайды. Алдағы уақытта Өзбекстанның қосылуы ұйымға жаңа серпін беріп, көптеген жаңартуға сеп болады деп сенемін. Еуропаның ортасында орналасқан Венгрияның шыққан тегін ұмытпай, тамырлас елдермен достық қарым-қатынасты сақтап, мәдениеті мен әдет-ғұрпына құрмет білдіруі бізді қуантады. Бүгін Венгрия тарапы Түркі кеңесіне бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие болады», деді С.Жээнбеков.
Қырғызстан Президенті ұйым аясының географиялық тұрғыда кеңеюі, ынтымақтастықтың нығая түсуіне сеп болатынын атап өтті. Бауырлас Түрікменстанға Түркі кеңесінің есігі әрдайым ашық екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің жастары арасындағы байланыстарды нығайтуға шақырып, экономикалық және гуманитарлық бағыттағы арнайы жобаларды бірлесе атқарудың қажеттігін айтты.
Табысты төрағалық
Саммитте сөз алған Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан төрағалығы кезінде атқарылған шараларға тоқталып, Түркі кеңесінің тиімді жұмыс істеп отырғанын атап көрсетті.
«Қазақстанның төрағалығы кезінде Түркі мемлекеттерінің интеграциясы өз жалғасын тапты. Атап айтқанда, Астанада өткен саммитте түркітілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары тапсырылған болатын. Бүгін сол құжат қабылдауға дайын. Мұнда интеграцияның мақсаттары мен қағидаттары, даму кезеңдері мен іске асыру жолдары айқындалды. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті ұлттық экономика құруға, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге ықылас таныттық. Бүгін ақпараттық технологиялар, энергетика, көлік-транзит, қаржы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды», деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті ғылыми-ағартушылық жұмыстарға да айрықша көңіл бөлінгенін жеткізді. Мәселен, ортақ түркі тарихы оқулығы әзірленіп, мектеп бағдарламасына енгізіле бастады. Халықаралық Түркі академиясы тарихымызды танытып, сананы жаңғыртуға бағытталған 90-нан астам кітап шығарды. Төрт мың жылдық мәдени мұрамызды жинақтап, оны жариялауға арналған «Аталар мирасы» порталы іске қосылды.
«Туысқан елдердің тіршілік дамуын басып отыратын «Түрк барометр» әлеуметтік зерттеу жобасы жүзеге асырыла бастады. Туризм саласындағы әріптестігімізді жандандыру мақсатында «Заманауи Ұлы Жібек жолы» жобасы іске қосылды. Бұл Ұлы Жібек жолында орналасқан елдеріміздің көне тарихынан сыр шертетін киелі орындарын 14 күнде аралап шығуға мүмкіндік береді. Мұның бәрін түркі интеграциясының табыстары ретінде бағалаймыз», деп атап өтті Н.Назарбаев.
Қазақстан Президенті 2015 жылы Астанада өткен V саммиттен бері түркі тілдес халықтардың саяси байланыстары нығая түскенін айтты. Мәселен, осы мерзім ішінде Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер басшылары екіжақты кездесулер өткізіп, өзара сапар алмасты. Аталған ынтымақтастық сауда-экономикалық, әлеуметтік қатынастардың кеңеюіне мүмкіндік берді. Мысалы, 2015 жылмен салыстырғанда Түркі кеңесі мемлекеттері арасындағы сауда айналымы 2017 жылы 22 пайызға артқан.
«Күллі Түркі интеграциясы үшін маңызы зор Орталық Азия мемлекеттері ынтымақтастығы жаңа белеске көтерілгенін атап өткім келеді. Бұған дәлел ретінде биылғы наурызда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Астанада басқосуын айтуға болады. Мұндай басқосуды одан әрі жүргізе беруге келістік. Ендігі кездесуі келер жылы наурызда Ташкентте өтеді. Он күн бұрын Түрікменстанда өткен Арал саммиті түркі тілдес елдердің ортақ мәселесін бірлесе шешуге әрдайым әзір екенін тағы да дәлелдеді», деді Қазақстан Президенті.
Елбасы қазіргі таңда әлемдегі саяси ахуал өзгеріп, экономика тұрақсызданып, халықаралық қатынастар шиеленісе түскенін айтты. Оған себеп болған саяси және сауда бәсекелестігі, тауарлар биржасы, қаржы нарығы, құйылған инвестицияның азаюы секілді мәселелер мен терроризм, діни экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз миграция және есірткі тасымалы секілді сын-қатерлер Түркі дүниесіне әсер етпей қоймайтынына тоқталды. Осыған байланысты Елбасы жиынға қатысушылар назарын бірқатар бастамаларға аударды.
«Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық қатынастарды нақты істер арқылы кеңейту қажет. Ең алдымен, елдеріміздің транзиттік әлеуетін толыққанды пайдалануымыз керек. Біздің елдеріміз құрлықтың ортасында Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғастырып жатыр. Жақында Ақтау қаласында қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі арттыруға серпін береді. Осы саладағы істердің бәрін үйлестіру, толық транзиттік жобаларымыздың тиімділігін еселеуге мүмкіндік береді», деді Президент.
Елбасының сөзіне қарағанда, Қазақстан жағында Құрық теңіз порты, Ақтау теңіз порты 26 миллион тонна жүкті өткізетін әлеуетке жетті. Оның үстіне Иран мен Түрікменстан арқылы Парсы шығанағына шығатын, Каспий арқылы жүк тасымалы жолы ашылған. Н.Назарбаев осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға үндеді.
Сонымен қатар Астана халықаралық қаржы орталығын бірлесіп пайдалану қажеттігін атап көрсетті. «Орталықтың өңірлік хаб болуы үшін жаңа технологияны қолданып, қаржы қорларын дамытуға, капиталды шоғырландыруға және танымал инвесторлар мен қаржы сарапшыларын тартуға барлық жағдай жасалған. Осы орайда, сіздерді орталықтың қызметін кеңінен қолдануға шақырамыз», деді Қазақстан Президенті.
Түркі ынтымағын ұйыстыратын жобалар
ұсынылды
Бұдан кейін Мемлекет басшысы елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келе жатқандығын, латын графикасына негізделген жаңа әліпби әзірленгенін мәлімдеді.
«Қазақстанның латын графикасына көшуі – түркі тілдес елдердің жазу мәдениетін жақындастыра түсетін айтулы жаңалық. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жүзеге асырылды. Тағылымы мол тарихымызда әл-Фараби, Ясауи, Абай, Юнус Эмре, Низами, Физули, Ұлықбек, Айтматов секілді ірі тұлғалар бар. Осыған байланысты Түркі кеңесі аясында «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім жобасын әзірлеуді ұсынамын», деді Президент.
Н.Назарбаев Түркістан қаласының түркі әлемінің рухани әрі мәдени орталығы екенін еске сала отырып, таяуда Түркістан облысы құрылып, орталығы Түркістан шаһарына ауысқанын жеткізді.
«Ежелгі дәуірден тамыр тартатын Түркістан қаласы облыс мәртебесін алды. Осылайша түбі бір түркі халықтары үшін қастерлі атау өзінің тұғырына қайта қонды. Бұл – біздің тұтастығымызды нығайтып, елдігімізді бекемдей түсетін тарихи оқиға. Алтайдан Анадолыға, Байкалдан Балқанға дейінгі атырапта, Сахарада байырғы баһадүр бабаларымыздың іздері сайрап жатыр. Түркі халықтары үшін қасиетті ұғымдарды көзіміздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа лайық етіп қалдыру үшін «Түркі әлемінің киелі жерлері» жобасын қолға алуды ұсынамын. Жоба түркі әлемінің мәдениеті мен тарихын насихаттауға зор үлес қосатынына сенімдімін. Жастар саясатына қатысты жұмыстарды жандандырған жөн. Осы ретте, Түркі кеңесі жастарының құрылтайын жүйелі түрде ұйымдастыруды ұсынамын. Жоба аясында ғылыми конференциялар, семинарлар және басқа да іс-шаралар өткізуді қарастыруға болады. Бұдан бөлек, жастардың түркі әлемін бірегей тарихи жерлерге өлкетану экспедициясын ұйымдастыруды ойластыру қажет. Аталған шаралар жастарымызды жақындастырып, елдеріміздің мәдени ерекшеліктері туралы білімдерін тереңдетуге өз септігін тигізеді», деді Қазақстан басшысы.
Н.Назарбаев Түркі кеңесінің жұмысын жүйелендіру қажеттігін де мәлімдеді. Өйткені қазіргі Хатшылықтың мандаты техникалық және хаттамалық мәселелермен шектелген. Оған қоса, түркі ынтымақтастық институттарының қызметінде қосарланушылық жиі кездеседі.
«Ұйымның тиімділігін, функционалдық икемділігін және институттардың әлеуетін күшейту мақсатында Түркі академиясын, Түркі мәдени «Мирас» қорын, және Ақсақалдар кеңесін ТҮРКСОЙ-мен біріктіру керек. Барлығы ТҮРКСОЙ-дың аясында жұмыс істесін. ТүркПА Түркі мемлекеттері парламенттері арасындағы ынтымақтастықты орнату бойынша өзінің мақсатын орындады. Бүгінде оның қызметінде жүйелілік байқалмайды. Сондықтан ұйымның жұмысын сараптау қажет. Тиімді болса, онда оның функцияларын Хатшылыққа берген жөн. Егер тиімсіз болса, онда оны толығымен қысқартуды ұсынамын. Бұл шаралар ұйым жұмысын тиімді оңтайландыруға, мәдени-гуманитарлық қызметтерін бір жерде реттеуге, қызметкерлер санын қысқартуға, сондай-ақ қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде Хатшылық түркітілдес елдердің әкімшілік орталығы болып қана қоймай, ұйымның интеллектуалдық өзегіне айналуы тиіс. Осылайша, біздің ұйым бірін-бірі толықтыратын екі деңгейден тұрады. Олар – Хатшылық және мәдени-гуманитарлық саламен айналысатын институт. Осы орайда ұйым Хатшылығы барлық тараппен бірлесе, бүкіл бастамалар мен ұсыныстарды мұқият пысықтап, Түркі кеңесін заман талабына сай жаңғырту бағдарламасын ұсынуы қажет. Әрине, бұл мәселені талқылау керек. Әріптестер келісетін болса, қысқаша шешім қабылдауға болар еді. Ал Хатшылық келесі кеңеске дейін бәрін талқылап, бізге ұсыныс енгізуіне мүмкіндік бар», деді Президент.
Соңында Елбасы Қырғызстан тарапын Түркі кеңесіне төрағалық етуімен тағы бір мәрте құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Ұйым географиясы кеңейді
Сондай-ақ жиын барысында сөз сөйлеген Әзербайжан Президенті И.Әлиев бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды.
«Бүгін Қырғызстан тарапына осындай іргелі жиын ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын. Сондай-ақ Түркі кеңесіне сәтті төрағалық еткен Қазақстанға да разылығымды білдіремін. Әзербайжан түркітілдес мемлекеттермен ынтымақтастығын арттырып келеді. Энергетика, көлік-транзиттік және басқа да салаларда әріптестігіміздің тамыры тереңдей түсті. Бүгінде Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі оған мүше елдер үшін ортақ құндылықтың символы іспетті. Кеңес аясында өңірлік мәселелерді талқылау қажет», деді И.Әлиев.
Бұдан кейін сөз алған Түркия Президенті Р.Ердоған Түркі кеңесінің ауқымды жұмыс атқарып отырғанын атап өтіп, осындай жиынға қатысуды мәртебе санайтынын жеткізді. Сондай-ақ Қырғызстанды шараны өткізуімен, 31 тамыздағы тәуелсіздік күнімен құттықтады.
«2009 жылы Нахчыван келісіміне сай құрылған Түркі кеңесінің бүгінде іргелі ұйымға айналғанына куә болып отырмыз. Осы игі әрекетті жүзеге асыруда Түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің еңбегі орасан екені сөзсіз.
Бүгін жиынға қатысып отырған Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбанға ерекше сәлемімді беремін. Мажарстанның Түркі кеңесіне, Түркі академиясына бақылаушы болуын және Түркі әлеміне қызығушылығын жоғары бағалаймын. Ортақ мақсатымыздың, арманымыздың, әрекетіміздің жемісіне айналған Түркі кеңесі аса құнды символға айналды», деді Р.Ердоған.
Саммитте Өзбекстан Президенті Шафкат Мирзиёев те сөз алып, түркі халықтарын рухани құндылық, әріптестік, тіл ұқсастығы біріктіретінін, елдер арасында саяси түсініспеушіліктер жоқ екенін айтты. Сондай-ақ ол Түркі кеңесіне мүшелікке өтуге қызығушылық білдіріп, алдағы уақытта бұл мәселені кеңінен талқылайтынын жеткізді.
Жиынға арнайы шақырылған Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан да өз елі түркі халықтарын етене жақын санайтынын айтты. «Сіздермен әріптестік орнату мүмкіндігі туғаны біз үшін үлкен абырой», деді В.Орбан.
Саммит қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі VI саммитінің декларациясына, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы мен оның орынбасарын тағайындау туралы шешімге, Венгрияға Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіндегі бақылаушы мәртебесін беру туралы шешімге қол қойды.
Сондай-ақ Түркі тілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырымдамасы, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастықты дамыту және жастар саясаты туралы бірлескен мәлімдемесі, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына байланысты бірлескен мәлімдемесі қабылданды.
Бұдан бөлек, жиын соңында С.Жээнбеков Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің жаңадан тағайындалған Бас хатшысын таныстырды. Аталған міндет Қазақстан өкілі Бағдат Әміреевке жүктелді. Ол бұған дейін Қазақстанның Ирандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған-ды. Көптеген араб мемлекеттерінде және Түркияда елшілік қызметте болған Б.Әміреев еліміздегі тәжірибелі дипломаттардың қатарында.
Сонымен қатар Халықаралық Түркі академиясының төрағасы Дархан Қыдырәлінің өкілеттілік мерзімі ұзартылды. Ол осы қызметке 2014 жылы тағайындалған болатын.
Аспанмен таласқан Алатаудың етегінде жатқан Ыстықкөлдің жағасында өткен жиынның маңызы зор. Мәселен, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі саммиті үш жылғы үзілістен кейін қайта ұйымдастырылды.
Саммит жұмысына арнайы мейман ретінде Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан қатысты. Қарт құрлықтағы мажар ұлысының Түркі кеңесіне қызығушылық танытуы шартарапқа шашылған тамырлас халықтардың ынтымақтастығы нығая түсіп, жаңа сатыға көтерілгенін көрсетеді. Оған қоса, Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) бірқатар құрылтайшы құжаттарына қол қойылды. Соған сәйкес, Венгрияның Түркі академиясындағы бақылаушы мәртебесі айқындалды. Осылайша TWESCO еуропалық мемлекетпен толығып, қанатын кеңге жайды.
Қорыта айтқанда, тамыры бір түркі халықтары өзара ынтымақтастығын нығайта түссе, дамудың жаңа сатысына шығуларына мүмкіндіктері мол. Бұған Түркі кеңесінің саммиттері зор үлес қоспақ. Ендеше тарихы ортақ, тілі жақын, тамыры бір, рухани және мəдени құндылықтар байланыстырған түркі мемлекеттерінің төрт құбыласы түгенделу үстінде деп айтуға толық негіз бар.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан» –
Шолпан-Атадан (Қырғызстан)