Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2018

Суармалы жерлерді тиімді пайдаланбай, жағдай жақсармайды

3323 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Өйткені суар­малы жер кепілді түрде мол өнім береді. Бүгінде сырттан әкелінетін азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі, атап айтқанда, қант, өсімдік майы, көкөніс, жемістер, мал мен құс шаруашылығы өнімдерін өндіруге қажетті құнары жоғары жемшөп дақылдары суармалы жерлерде өндіріледі.

 

Суармалы жерлерді тиімді пайдаланбай, жағдай жақсармайды

Соңғы жылдары суармалы жер­лер­ді тиімді пайдалану мақсатында бір­қатар іс-шара атқарылды. Ірі суқой­малар күрделі жөндеуден өтті, тос­палар мен тораптар салынды. Тек суар­малы егіншілікпен айналысатын Қызыл­орда облысын таза ағын сумен қамта­масыз ететін және су тасқынынан қорғайтын «Көксарай» су реттегіші салы­нып ел игілігіне жұмыс істеуде. Деген­мен еліміздегі суармалы егін шаруа­шы­лығының проблемалары әлі де болса аз емес.

Жер ресурстарын басқару агент­тігінің ақпаратына қарағанда, елімізде 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жер көлемі 298 мың гектарға азайып, 575 мың гектары ауылшаруашылық айналымынан шығып қалған. Осы жылдары бос жерлердің көлемі 8 есеге ұлғайып, 423 мың гектарға жеткен. 20 мың гектар суармалы жер жекеменшік үй, жол, өндіріс орындарын салуға және басқа мақсаттарға берілген. Ал пайдаланылып жатқан жерлер тұзданып, құнарлылығы мен өнімділігі төмен­деуде, ауыспалы егіс жүйесі жоқ­тың қасы, егістік құрылымдары жетіл­діруді қажет етеді.

Жекешелендіру барысында ша­руа­шылықтар ұсақталып, бұрынғы ішкі шаруашылық каналдар мен кәріздік жүйелер, тік дренаж ұңғымалары ша­руашылықаралық объектілерге айналып, көпшілігі иесіз қалды. Ұсақ шаруа қожалықтарында қаржы, техника болмай су, кәріз жүйелері уақтылы тазаланбай, ұйық басып, су тарту қуатынан айырылды. Бұл жерасты суларының кө­терілуіне, жердің сорлануына, бат­пақтануына әкеліп соқтырады. Суар­малы жерлерге ағымдағы және күр­делі тегістеу жұмыстары көптен бері жүргізілген жоқ.

Тоқсаныншы жылдары еліміздегі суармалы жер көлемі барлық егіс­тіктің 6 процентін құрап, егіншілік өнім­­дерінің 30 проценті өндірілсе, бүгін­де бұл көрсеткіш екі есеге жуық төмен­деп кеткен. Алматы, Жамбыл, Қызыл­орда, Түркістан облыстарында осын­дай жерлердің 15-35 проценті пайда­ла­ныл­майды, ал қолданыста барының өнім­ділігі 25-50 процентке құлдыраған.

Басқа облыстарда да жағдай мәз емес. Суармалы жерлерге қам­қор­лық­тың төмен екендігін елорда халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігі бар Ақмола облысының мысалынан аңғаруға болады. Бұл облыста 1991-2000 жылдары 44 мың гектар суармалы жер болса, бұл 2016 жылы 38,5 мың, ал 2018 жылы 31 мың гектарға дейін немесе 30 процентке азайған. Есептегі суармалы жердің 3,4 мың гектары немесе 10 проценті ғана пайдаланы­луда. Кезінде өзін өзі көкөніспен толық қамтамасыз етіп отырған облыс бүгінде оны сырттан тасымалдайды. Бұл Мемлекет басшысының ха­­лық саны тез өсіп келе жатқан Ас­та­­на қаласына азық-түлік белдеуін жа­сау жөніндегі тапсырмасының өз дең­­ге­йінде орындалмай отырғанын көрсе­теді.

Соңғы жылдары елімізде жалпы егіс көлемі ұлғайып, ауыл шаруа­шы­лығының өнімі өсуде. Дегенмен ха­лыққа қажетті құс еті, көкөніс, қант, өсім­дік майы, жеміс-жидектердің едәуір бөлігі сырттан әкелінеді. Ашы­ғын айтқанда, елімізді азық-түлік өнім­дерінің барлық түрімен қамтамасыз етуге (лимон, апельсин, бананнан басқа) жағдайымыз толық жетеді. Алайда Үкімет тарапынан суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігін арт­ты­руға бағытталған қолдау мен ин­вес­тиция тартуды ынталандыру шара­лары өз дәрежесінде емес. Ауыл шаруа­шылығының «алтын қоры» болып есептелетін суармалы жерлер кімнің меншігінде болса да, ел игілігіне қызмет етуге тиіс. Сондықтан заң талап­тарына сай жер пайдаланушыларға суар­малы жердің құнарлылығы мен өнім­ділігін арттыруға қатаң талап қою­мен бірге, мемлекет тарапынан қол­дау керек.

Бірінші кезекте жердің, гидроме­лио­ративтік инфрақұрылым жүйелерін түгендеуден өткізіп, есебін алып, мен­шік иелерін анықтап, олардың толық жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек. Қолданыстағы 1,4 млн гектар суармалы жердің өнімділігін көтеру үшін оның мелиоративтік жағдайын жақсартуға қомақты қаржы бөлінуі қажет. Себебі әр гектар суармалы жер телімі басқа жермен салыстырғанда 2-3 есе артық мелиоративтік жұмыстарды (жерді күрделі және ағымдағы тегістеу, каналдар мен кәріздік жүйелерді та­залау, тік дренаж ұңғымаларын жөн­­деу, электр желілерін пайдалану, сор шаю т.б.) атқаруды қажет ете­ді. Бұл үшін қосымша қаражат керек. Се­бебі ұлтарақтай жерінің өзіне егін егу үшін тұқым, жанармай алу­ға, тех­­ника жалдауға қаржы таппай отыр­­ған ша­руа­лардың жоғарыда аталған ме­лио­ратив­тік шараларды атқаруға ша­ма­лары келмейді. Нәтижесінде, шаруа­лар өз проблемаларымен өздері қалып, суармалы жерлер азып кетеді, құнарлылығы мен өнімділігі төмендейді. Сондық­тан ауылшаруашылық тауар өндіру­ші­лерінің суармалы жерлердің мелио­ративтік жүйелерін жөндеуге және су үнемдеу технологиясын (тамшылатып, жаңбырлатып т.б.) енгізуге кеткен шы­­ғындарының 70 процентіне субсидия берілгені жөн. Ал пайдаланылмай жат­қан 575 мың гектар суармалы жерді бюд­жеттен қаржы бөлу, инвестиция, заем тарту және жеңілдетілген несиелер бе­ру арқылы кезең-кезеңімен ауыл ша­руа­шылығы айналымына қайтару қажет.

Суармалы жер шаруашылығында ағын суды үнемдеп пайдалану мен гектар өнімділігін көтеру басты мін­дет­тердің бірі. Елімізде 1 гектар суар­ма­лы жерге ағын су нормадан артық жұм­салады, су пайдалану коэффи­циенті төмен. Республика бойынша су пайдалану коэффициенті 0,67 бол­са, Жамбыл, Түркістан, Қы­зылорда облыс­тарында 0,55-0,6 шамасында болып отыр. Егер еліміз бойынша су пайдалану коэффициентін 0,75-ке көтерсек, 200 мың гектарға жуық жерді суландыратын 1 млрд 272 млн текше метр су үнемделеді екен.

Дамыған елдерде 1 текше метр суға 2,5-6,0 кило ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілсе, бізде небәрі 0,4-0,8 кило ғана немесе 6-7 есе есе аз өн­ді­ріледі. Ал 1 кило өнім өндіруге дамы­ған елдерде 160-400 литр су жұм­салса, бізде 1200-2500 литр ағын су жұм­салады. Елімізде ағын судың тапшы­лығына байланысты ауыл шаруа­шы­лығы өндірісіне үнемдеп суару техно­ло­гиясын енгізу өте өзекті болып отыр. Бұл тәсіл суды, минералды тыңайт­қыштарды 2-3 есе үнемдейді, өнім­ділік 2-2,5 есеге өседі, еңбек өнім­ділігі артады.

Бүгінгі таңда суды үнемдеу технологиясы 180 мың гектар жерде немесе суармалы жердің 12 процентінде пайдаланылады. Оның 80 мың гектар жері тамшылатып суару болса, 100 мың гектар жер жаңбырлатып суарылады. Алдағы кезде су үнемдеу технологиясын суармалы жердің 30-35 процентіне жеткізуді шешуіміз керек. Суарудың осы тәсілдерін өндіріске енгізу үшін жеңілдетілген несие, субсидия беру мәселесі шешілсе. Бұл жағдайда ағын суға субсидия үнем­делген су көлеміне берілгені жөн. Бұ­дан басқа да су пайдаланудың тиім­ділігін арттыруға бағытталған кешен­ді іс-шаралар жүзеге асырылуға тиіс. Осы міндеттерді орындауға бағыт­тал­ған халықаралық банктің гранты не­гізінде Үкімет қаулысымен бекітіл­ген «Ирригация және дренаж жүйе­лерін жетілдіру жобасының 2-кезеңін» (ИДЖЖ-2)» іске асыруды сапа­лы аяқтап, оның 3-кезеңін қолға алу керек. Бұл жоба еліміздің оңтүс­тік-шығыс және оңтүстік өңірлерін­дегі трансшекаралық өзендер бассейн­дерін­дегі суармалы жерлердің 220 мың гектарын қайта қалпына келтіруді, оның құнарлылығын арттыруды көздейді.

Ғалымдардын есебі бойынша, елі­міздегі суармалы жерлердің ме­лио­ративтік жағдайын жақсартуға бағыт­талған шаралар жыл сайын тиісті дәрежеде аткарылып отырса, өнімділік 25-30%-ке артады. Нәтижесінде, рес­публика бойынша қосымша 200-250 млрд теңге ауылшаруашылық өнімдері өндіріледі, яғни мемлекет тарапынан бөлінген әр теңге еселеп қайтарылады.

Республика бойынша бүгінгі таңда тозығы жеткен су қоймалары – 15%, су тораптары – 38%, каналдар – 46%-ті құрайды. Бұлар күрделі жөндеуді ке­рек етеді. Жергілікті жерлердегі 35 жеке меншік суқойма мен бірқатар коллекторлардың жағдайы тым ауыр, күрделі жөндеуді керек етеді. Сон­дықтан бұл объектілердің бәрін техни­калық инвентаризациядан өткізіп, паспорттау керек. Бүгінгі таңда рес­пуб­ликадағы суқоймаларды күрделі жөндеуге ондаған млрд теңге қаржы керек, ал жыл сайын бөлінетін қаржы қажеттіліктің 10-15%-ін ғана құрайды. Бұл өте аз. Соған қарамастан су ша­руа­шылығы нысандарын күрделі жөндеу жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттарға қаржы аз бөлінеді. Үкі­мет үстіміздегі жылы кезек күттір­мей қалпына келтіруді, күрделі жөн­деу­ді керек ететін суқоймалар мен гидро­тех­никалық объектілердің, каналдар­дың тізімін бекітіп, алдағы жылы рес­публикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлуі керек. Бұл шаралар облыстар мен аудандарда да атқарылуға тиіс.

Жыл сайын өңірлерде көктемгі тас­қын су көптеген елді мекендерді әуреге салып жатады. Осы мәселені терең зерттеп, суқоймалар мен тоспаларды салып, тасқын суларды бөгеп, оны жаңа суармалы жерлерді игеруге, жайы­лымдарды суландыруға бағыт­таса жан-жақты пайдалы болар еді.

Еліміздегі суқоймалар меншік иелеріне қарамастан әртүрлі деңгейдегі стратегиялық маңызды объектілер қа­тарына жатқызылып, мемлекет тара­пынан мониторинг жүргізілуі тиіс. Сол үшін бұрын қабылданған «Эконо­ми­калық стратегиялық маңызы бар сала­лардағы меншіктің мемлекеттік мони­торингі туралы» заңға өзгерістер қажет. Жер ресурстарын басқаратын агент­тік пен оның аумақтық құры­лым­дары және жергілікті атқарушы орган­дар пайдаланылмай жатқан және құ­нарлылығы төмендеген жерлер­ді қайтарып алу тетігін жетілдіріп, жер пайдаланушылардың жауапкер­шіліктерін көтеріп, бақылауды күшейте түскені жөн. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінде суармалы жерлердің жағдайын зерттеп, жоспарлап, керекті нормативтік құжаттарды әзірлеп отыратын суармалы жер шаруашылығымен айналысатын басқарма немесе бөлім болса құба-құп.

Еліміздегі ең үлкен су тұтынушы – Ауыл шаруашылығы министрлігі. Ол су қорының 60 процентін егін суару мақсатында пайдаланады. Ал су қорын пайдалану және қорғау саласындағы бақылау, рұқсат беруге жауап беретін мемлекеттік орган Су комитеті осы министрлік қарамағында. Бұл – парадокс. Еліміздегі трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану, халықаралық мәселелерді көрші елдердің Үкімет мүшелері деңгейінде араласып, халықаралық жобаларды іске асыру, суқоймалар мен тораптардың, каналдардың жағдайын бақылау, су пайдаланудың стратегиялық мә­се­лелерін тікелей Үкімет алдына қойып отыратын жоғарғы билік құрылымында Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі немесе агенттігін құратын және оның вертикальды жүйесін жасайтын уақыт жетті.

Бүгінгі таңда республикада суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігі туралы нақты деректер жоқтың қа­сы. Сондықтан республикалық ақпа­рат агенттігінің статистикалық мәлімет­терінде суармалы жерлердің жағдайын облыстар бойынша көрсететін ақ­па­раттар болуы керек деп санаймын.

Бұрыннан айтылып жүрген «Ме­лиорация туралы» заңның аса қажет екенін тағы да баса айтқым келеді. Бұл заңда жерді мелиорациялау бо­йынша мемлекеттік органдар мен жер пайдаланушылардың жауапкершілігі, су шаруашылығына қатысты мем­ле­кеттік реттеу шаралары, мелиорация жұмыстарын жүргізетін кадрларды да­йындау мен қайта дайындау және тағы басқалары нақтылануға тиіс.

Суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігін арттыру – елімізде азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың бірден-бір жолы. Сондықтан бұл салаға ба­рын­ша басымдық берілуі керек. Суар­малы жерлер кепілді мол өнім бере­тін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруа­шы­лығының «алтын қоры» ғана емес, сол өңірлерде тұратын халықтың тір­шілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры. Суармалы жерлердің жағдайы жөн­дел­се, елімізде азық-түлік өндірісі да­ми­ды, агроөнеркәсіп кешенінің экс­порт­тық әлеуеті артады, импорт азая­ды.

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

экономика ғылымдарының докторы